Кеше Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен палатаның жалпы отырысы өтті. Жиын барысында «Өсімдіктер дүниесі туралы» заң жобасы ілеспе құжатымен бірге қабылданды.
Құжат жөнінде Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев баяндама жасады. Өз сөзінде ведомство басшысы Қазақстанда 6 мыңнан астам өсімдік түрі бар екенін атап өтті. Соның ішінде 1,5 мыңға жуық түрі дәрілік өсімдік бар көрінеді. 390 түрі «Қызыл кітапқа» енгізілген, 110 түрі – реликті, 700 эндемикалық өсімдік түрлері бар.
«Қазіргі уақытта Қазақстаннан экспортталатын дәрілік өсімдіктердің тізіміне 14 түрі кіреді. Олар: мия, ферула, цистанхе, Түркістан сабын тамыры және басқалары. Реттеусіз қолданылуына байланысты дәрілік өсімдіктердің шикізат қоры таусыла бастады. Дәрілік өсімдіктерді бақылаусыз жинау көлемінің өсуіне сыртқы нарықтардағы сұраныстың көбеюі ықпал етеді.
Кедендік статистика дерегі бойынша қазақстандық мия тамырын өткізудің негізгі нарықтары – Қытай, Түркия және АҚШ. Мысалы, Қытайға 2018 жылдан 2021 жылға дейін 32,7 мың тонна мия тамыры экспортталды. Бұл жалпы Ботаника және фитоинтродукция институты ұсынған мия тамырын нақты өңірлер бойынша дайындау көлемінен едәуір асып түседі.
Келесі реттелмеген мәселе – республика аумағына өсімдіктің бөтен түрлерін бақылаусыз әкелу. Өсімдіктің бөтен түрлері енгізілген жағдайлар бар. Мәселен, «Медеу» өңірлік табиғи паркінің аумағында Солтүстік Америкадан әкелінген «Асер Негундо» үйеңкі ағашының таралуы байқалады. Ол кәдімгі өрік пен Сиверс алмасын ығыстырады», деді С.Брекешев.
Министрдің айтуынша, елімізге инвазиялық зиянкестермен және аурулармен залалданған бөгде өсімдік ресурстарын әкелу қаупі бар. Мысалы, Алматы қаласының жасыл екпелерінде Каштанды зақымдайтын Охрид кенішінің және емен екпелеріне зиян келтіретін емен игеуішінің белсенді таралуы байқалған.
«Осылайша, нормативтік-құқықтық базаның болмауы және өсімдік дүниесі объектілерін бақылаусыз пайдалану табиғи өсімдік ресурстарының сақталуына теріс әсер етіп қана қоймайды. Дәрілік өсімдіктерді өндіруге және қайта өңдеуге салынатын инвестицияларға кедергі келтіреді.
Заң жобасының мақсаты – республиканың бүкіл аумағында өсімдіктер дүниесін қорғау, молықтыру және ұтымды пайдалану саласындағы қатынастарды құқықтық реттеуді енгізу. Қазіргі уақытта өсімдіктер дүниесін пайдалануды реттеуге байланысты жекелеген нормалар Қазақстан Республикасының Орман, Экология, Жер, Су, Кәсіпкерлік кодекстерін, «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» және «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» Қазақстан Республикасының заңдарын қамтиды», деді С.Брекешев.
Ведомство басшысы осыған байланысты «Өсімдіктер дүниесі туралы» арнайы заң қабылдау қажет екеніне тоқталды. Құжат Қазақстан қосылған халықаралық конвенциялардың ережелеріне негізделген.
Заң жобасының негізгі жаңалығы – өсімдік әлемінің жекелеген түрлерінің айналысы саласында хабарлама жасау тәртібін белгілеу. Бұл отандық кәсіпкерлік субъектілерінің фармацевтикалық, азық-түлік және техникалық өнімдерді өндіру үшін өсімдік ресурстарын заңды негізде ұтымды пайдалану мүмкіндігіне ие болатынын білдіреді. Бұл шара шағын және орта бизнесті дамытуға, осы салаға инвестициялар тартуға жол ашпақ. Сондай-ақ бизнес-субъектілердің өсімдіктер дүниесін арнайы пайдаланғаны үшін төлемақы енгізуі есебінен мемлекеттік бюджеттің кірісін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
«Сонымен бірге жеке тұлғалар жабайы жемістерді, жаңғақтарды, саңырауқұлақтарды, жидектерді, дәрілік шикізатты және өзге де өсімдік ресурстарын жеке және үйде пайдалану үшін өтеусіз негізде және рұқсат беру құжатынсыз жинауды жүзеге асырады. Жалпы алғанда, заң жобасы өсімдіктер дүниесі саласындағы жалпымемлекеттік міндеттерді шешуді көздейді және «Өсімдіктер дүниесі туралы» заңның нормаларын толық іске асыру үшін Орман, Жер, Кәсіпкерлік, Салық кодекстеріне, «Рұқсаттар және хабарламалар туралы», «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» және «Жайылымдар туралы» заңдарға түзетулер енгізу талап етіледі.
«Өсімдіктер дүниесі туралы» заң жобасын қабылдау құқықтық аспектіде қолданыстағы заңнамадағы олқылықтар мен қайшылықтарды жою және өсімдіктер дүниесін қорғау, молықтыру және пайдалану мәселелерін реттейді. Әлеуметтік-экономикалық аспектіде халықты жұмыс орындарымен қамтамасыз ете отырып, шағын және орта бизнесті дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер жасау көзделеді», деді С.Брекешев.
Бұдан бөлек жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеуді, бақылау мен қадағалауды күшейту және қаржы пирамидаларының қызметіне қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне қаржы (инвестиция) пирамидаларының қызметіне қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша толықтыру енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары екінші оқылымда мақұлданды.
Құжат кірістерді жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылдың ұлттық жүйесін жақсарту, ақшаны жылыстатуға қарсы күрестің қаржылық шараларын әзірлеу тобының халықаралық стандарттарын іске асыру мақсаттарында әзірленді. Заң жобасында заңды тұлғалардың бенефициарлық меншік иелерін ашу міндетін белгілеуге, кірістерді жылыстатуға қарсы іс-қимыл туралы заңнаманы шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес құрылған трастарға немесе басқа да корпоративтік құрылымдарға қолдануға бағытталған.
Сонымен қатар терроризмді және экстремизмді қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесіне, жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесіне енгізілген субъектілердің тікелей немесе жанама бақылауындағы қаражат пен өзге де активтерді тоқтату ескерілген. Құжат аясында қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастырғаны үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейту және ФАТФ ұсынымдарында айқындалған бірқатар қылмыстық құқық бұзушылық үшін «мүлікті тәркілеу» түріндегі қылмыстық жазаны белгілеу қарастырылған.
Бұдан бөлек, заң жобасы «террористік әрекет» ұғымын кеңейту мақсатында «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» заң ережесін Қылмыстық кодекстің ережелеріне сәйкес келтіруге бағытталған. Палатаның жалпы отырысында «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заң жобасы да екінші оқылымда мақұлданды. Сондай-ақ «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне инновацияларды ынталандыру, цифрландыруды және ақпараттық қауіпсіздікті дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы мақұлданды.
Мәжіліс депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру нарығын және бағалы қағаздар нарығын реттеу мен дамыту, банк қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына Сенат енгізген өзгерістер мен толықтыруларға келісім берді.
Жиын соңында депутаттар бірқатар мемлекеттік мекеме басшыларына сауалдарын жолдады.