Арқадағы он екі қазылықтың ішіндегі Кент пен Боқты қазылықтарының нулы, сулы, шұрайлы өлкесін жайлаған Бақты ауылы биыл көктем туа үлкен бір шаруаны қолға алды. Бұған түрткі болған басты себептің бірі – биыл аталған ауылдың құрылғанына 60 жыл толған еді.
Мерейтой қарсаңында ауыл іші және мазарат маңайы күл-қоқыстан мұқият тазаланды. Ішкі жолдардың табанына қиыршық тас төселіп, ой-шұңқыры тегістеліп, бірқатары күрделі жөндеуден өткізілді. Осы ауқымды істің барлығы өндірісте жұмыс істейтін ауыл азаматтарының жеке бастамалары бойынша жүзеге асырылды.
Атап айтқанда, жақсы істің жаршысы, бастамашысы болған Серғазы Түйте, Әлфараби Стамқұлов, Теміржан Исин сынды атпал азаматтар бұл іске білек сыбана кірісіп, халықты жұмылуға үндеді. Оларды қолдаған ауыл тұрғындары Мейрам Жәбдік, Аманғазы Стамқұлов, Марал Орынбеков, Алдан Жақсылықов жігерлі жастарды игілікті істерге бастады.
Сонымен 25 мамыр «Бақ мекенім – Бақты» ауыл күні болып белгіленіп, құрылғанына 60 жыл толып отырған ауыл мерекесін өткізу бастамасы осылайша көтерілген еді. Туған өлкені көркейту, әлеуетін арттыру, мәдениетін дамыту сынды ізгі іс-шаралар қолға алынды.
Мұндай үлкен шаруаға қомақты қаржы керек екені белгілі. Бұл мәселені ауыл азаматтары өздері шешіп, әркім шама-шарқынша бұл іске үлесін қосты. Соның нәтижесінде, мерейтойды өткізуге жеткілікті қаржы жиналды.
Іс-шараны өткізу қамына кіріскен белсенді топ әп-сәтте той бағдарламасын жасап та тастады. Ең алдымен, ауылдың ішкі-сыртқы тазалығы қолға алынды. Бұл іске «Кентөбе» кенішінде, «Қазақмыс» корпорациясында, «Қармыс», «Байбатыр» компанияларында еңбек ететін ауыл азаматтары бірігіп, белсене кірісті. Азғана уақыттың ішінде бірнеше миллион теңгенің ауқымды жұмысы атқарылды. Бәрінен бұрын айтарымыз, осы жұмыстарды атқарған азаматтар қаржы, жанар-жағармай шығындарын өз мойындарына алған еді.
Сонымен қатар әр жылдары мектеп бітірген түлектер ауыл үшін ізгі істерге бастамашы бола бастады. Атап айтсақ, ауыл қақпасын тұрғызу мектептің 36-шы түлектерінің ұйымшылдығы мен ерен еңбектерінің арқасында іске асты. Бұл шаруаның басы-қасында ауыл азаматы Мақсұт Нұрғалиев жүрді. Сондай-ақ «Бақ мекенім – Бақты» әні жазылып, оған қазіргі уақытта АҚШ-та тұратын ауыл тумасы Нұрлан Сарбасов демеушілік жасады.
Той өткізу барысында безендіру ісімен айналысқан дизайнер, ауылымыздың түлегі Баян Жәбдікованың еңбегін де атап өтуге болады. Жалпы алғанда, ортақ іске тартылмай қалған адам болмады. Жастардың жанкешті еңбегімен қатар, сабақтан тыс уақытта оқушылардың да тазалық жұмысына қатысқанын айтқан ләзім.
Бақты ауылының 60 жылдық мерейтойы аясында дүниеден өткен кісілерге Құран бағышталып, ауыл қақпасының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл салтанатта ауыл әкімі Аққали Сейтхазин құттықтау сөз сөйлеп, ауыл ақсақалы Тілеуқабақ Орынбеков бата берді.
Мерейтойдың көрігін Қарқаралы мәдениет бөлімінің қызметкерлері, ауылымыздың тумасы Еркебұлан Қанатұлы зайыбы екеуі қыздыра түсті. Әуелеген әсем ән, күмбірлеген қоңыр күй көңілді көтере түскені анық. Той үстінде ауылымыздың тумасы, белгілі ақын Мирас Асанның сөзіне жазылған «Бақты мекенім» әнінің тұсаукесері болып, жұртшылық ол туындыны жылы қабылдады. Шығарманың әнін белгілі сазгер, балқантаулық Амангелді Ахметжанов шығарса, орындаушысы Бақтыдан шыққан белгілі әнші Сәкен Омаров болды.
Ұлттық спорт түрлерінен өткен сайыстар мерекелік іс-шаралардың қызығын еселеді. «Арқан тарту» сайысы командалық жүйеде өткізіліп, жеңісті ауыл командасы жұлып алды. «Қой көтеру» сайысында қойды 55 рет көтерген ауыл балуаны Олжас Әзімбаев жеңіске жетті. Ұлдар және қыздар арасындағы жүгіруден жарыс та өте қызықты өтіп, жеңімпазды облыстық «Сарыарқа» телеарнасының журналисі, ауыл азаматы Мақсат Бейсенаев жеке өз атынан 50 мың теңге жүлдемен марапаттады. «Серке көтеру» сайысы да өте қызықты өтті. Бұл сында да ауылымыздың тумасы Дос Әбілмансұр ешкімге дес бермеді.
Сонымен ел асыға күткен ат жарысына да кезек келіп жетті. «Тай жарысы», «Құнан бәйге» сынының әрқайсысында жиырма-жиырмадан жүйріктер бақ сынады. Бес орынға жүлде тігіліп, бас бәйгеге мотоцикл берілді.
Ал жұрттың делебесін қоздырған «Аламан бәйгеде» әр қиырдан келген 28 сәйгүлік сынға түсті. Бәйгенің 21 шақырымнан тұратын қашықтығында мәре сызығын Осакаров ауданының аты бірінші болып қиды. Жеңімпазға жүлдені мектеп бітіргендеріне 45 жыл толған түлектер атынан ауыл мұғалімі Болат Тәңірбергенұлы тапсырды.
Міне, осындай айтулы іс-шараны береке-бірлігі жарасқан ауыл халқы өз күшімен атқарып шықты. Мерейтойға еліміздің әр қиырынан келген меймандар аядай ғана ауылдағы ағайынның ынтымақты тірлігіне бек риза болды деп сеніммен айтуға болады.
Болат АСАН,
Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі,
Ы.Алтынсарин медалінің иегері
Қарағанды облысы,
Қарқаралы ауданы,
Бақты ауылы