• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
24 Сәуір, 2014

Ықпалдастық форумы

257 рет
көрсетілді

Кеше Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясында осы мекеменің ұйымдастыруымен Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше елдер Ғылым академиялары ассоциациясының IV форумы өз жұмысын бастады. Кеңесті Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов қысқаша кіріспе сөзбен ашып, Білім және ғылым министрі А.Сәрінжіповтің құттықтауын оқып берді. Форум кеңесіне Қытай Ғылым академиясының вице-президенті Жанг Янинг, Ресей Ғылым академиясының вице-президенті Валентин Сергиенко, Тәжікстан Ғылым академиясының вице-президенті Мухиба Якубова, Қырғызстан Ғылым академиясының вице-президенті Алмаз Алдашев өз республикаларының делегацияларын басқарып келді. Форумда Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің ғылыми-техникалық ынтымақтастығын кеңейту және аталған мәселелер бойынша ұсыныстар дайындау жоспарланған. ШЫҰ барлық елдердің ғылыми-техникалық әлеуетіне сүйене отырып, инновациялық даму мен бәсекеге қабілеттілікті көтерудегі ғылыми экономиканы дамыту жолында ғылыми-зерттеу нәтижесіндегі жоғары мүмкіндікті практикалық іске асырудың тамаша мүмкіндігіне ие болып отыр. Осы ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің ғылыми және ғылыми-техникалық ынтымақтастығын кеңейту және жетілдіру – бүгінгі күннің талабы. Форумда қаралатын мәселелер ғылымның әртүрлі саласы бойынша жүргізіледі. Кеңесте 2 пленарлық сессия өткізу жоспарланған. Бірінші сессияда делегация басшылары сөйлеп, форумға қатысушыларға Шанхай ынтымақтастық ұйымының қазіргі жай-күйі мен болашағы туралы хабарлайды. Бірігіп өткізу туралы нақты ұсыныстар мен оларды жүзеге асыратын жобалар тұжырымдалады. Сонымен қатар, Қытай Ғылым академиясының, Ресей Ғылым академиясының, Қырғызстан Ғылым академиясының, Тәжікстан Ғылым академиясының, Ресей Ғылым академиясы Сібір бөлімшесінің баяндамалары тыңдалады. Кеңес сессиясында Қазақстан Рес­пуб­ликасы Ұлттық ғылым академиясы жетекші институттарының директорлары химиялық технологиялар, нанотехнологиялар, геоло­гия, металлургия сияқты басымды ғылыми бағыттар бойынша зерттеулерді бірігіп жүргізу туралы нақты ұсыныстарынан хабардар етеді. Форумға қатысушылар баян­дамалар мен пікірталастардың қорытындысы бойынша декларация қабылдайды. Декларацияда ғылыми-техникалық ынтымақтастықты Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің ғылыми-техникалық ынтымақтастығының жай-күйіне баға беріліп, басым салалар бойынша бірігіп жасалған зерттеулер мен нақты ұсыныстар анықталады және ШЫҰ-ға мүше елдердің ғылыми-техникалық ынтымақтастығын жақсарту қажеттігі тұжырымдалады. Шарафаддин ӘМІРОВ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.