• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
24 Сәуір, 2014

Жауапкершілік жүгін арқалап...

364 рет
көрсетілді

Жақында «ҚазТрансГаз» АҚ («ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ еншілес компаниясы) компаниялар тобындағы «Интергаз Орталық Азия» АҚ кәсіпорынның жас мамандары қатысқан «Газ тасымалдау саласындағы жас мамандардың инновациялық идеялары мен жобалары жәрмеңкесі» байқауын өткізді. Ал бүгінгі таңда «Интергаз Орталық Азия» акционерлік қоғамында жасы 30-ға толмаған 1309 жұмыскер еңбек етеді. Бұл байқау жастардың инновациялық, шығармашылық және өнертапқыштық ойлау қабілетін шыңдау мақсатында, сондай-ақ, өзекті өндірістік, экономикалық және әлеуметтік міндеттерді шешуге мамандардың ғылыми және шығармашылық әлеуетін қатыстыру мақсатымен алғаш рет ұйымдастырылған еді. Конкурс іріктеп алу турынан және финалдан тұратын 2 ке­зеңнен, яғни мынадай төрт бағыт бойынша өрбіді: «Ғы­лы­ми-техникалық прогресс – эко­номикалық өсудің негізгі буыны ретінде»; «Экономикалық және әлеуметтік үдерістерді модельдеу»; «Салауатты қоршаған орта – «Қазақстан-2050» Страте­гиясын іске асыру негізі»; «Ең­­бек жағдайларын жақсарту жә­не оны қорғаудың өзекті мә­се­лелері». Тақырыптың өзі ай­шық­тағанындай, сайыстың мазмұны мен мәнісі де ерек­шеленіп тұрды. Сондықтан да байқауға қа­ты­суға 57 өтінім түсті. Әр­бір қатысушы газ тасымалдау тех­нологияларын жетілдіру, жа­ңар­тылатын энергия көз­дерін қолданып сақтау, ин­женерлік экология, робот техникасы, бизнес-үдерістерді ұйымдастыру және басқару бойынша инновациялық бағыттағы идеялары мен жобаларын, әлеуметтік және өз­ге де көкейкесті міндеттердің ше­шімдерін ұсыныпты. Білікті сараптау комиссия­сы зерттеменің өзектілігін, жаңа­лығын, компания үшін маңыз­дылығын, ұсынылған шешімдерді енгізу перспективаларын, күтілетін эко­но­микалық және әлеуметтік әсе­рін ескеріп, мәреге шыққан 36 жобаның ішінен жеңімпазды анықтады. Майталмандардың арасынан үздіктерді таңдау қазылар ал­қасына оңайға соқпады. Деген­мен, байқаудың аты бай­қау емес пе, сөйтіп, оның нәти­желері шыға­рылды. «Оңтүстік» магистралды газ құбыры басқармасы жабдықтау қызметінің маманы Ержан Ма­рат­ұлы «Инвестициялардың ақ­параттық жүйесін құру» және «ИОА» АҚ Инженерлік-тех­никалық орталығының тербеліс диагностикасы жөніндегі ин­женері Александр Ефремов «Тех­нологиялық құбырлардың КДЖ диагностика жасау әдіс­терін же­тілдіру» деген баян­дамаларымен жеңіске жетті. Бұдан басқа «Қоғамда проблемаларды шешудің инновациялық сипатын қа­лыптастыру» атты ең­­бегімен «Оңтүстік» магис­трал­ды газ құбыры басқармасы ЭХҚ ин­женері Азамат Кұлмұ­хам­бетовтің жүзі жарқын болды. «Орал» магистралды газ құбыры басқармасы ТК ин­женері Ахан Ешимов «Ті­келей күн сәу­лесінің гибридтік оптикалық-тал­шықты жарық өткізгіштерін енгізу арқылы УСКУ іркі­ліссіз электр энергиясымен қамтамасыз ету» тақырыбына терең ізденісімен суырылып алға шықты. Жүлдегерлердің бәріне ба­ғалы сыйлықтар мен ақшалай сыйақылар берілді. Бірінші орын иегері компанияның қаражаты есебінен шетел­де мамандығы бойынша біліктілігін арттыру мүм­кін­дігін алды. Алқалы рәсімнің салтанатында қоғам басшылығы кәсіпорын экономикалық жа­ғынан дамыған сайын инновациялардың маңызы ар­та түсіп, олардың бәсекеге қабі­леттіліктің ерекше мәні бар құралына айналғанын атап көр­сетті. «Интергаз Орталық Азия» АҚ өзінің 15 жылдық еңбек жолында орасан зор өндірістік жетіс­тіктерге жетіп, бүгінгі күнде еліміздің мұнай-газ кешенінің ажы­рамас бөлігі ретінде Қазақ­станның индустриялық-инно­вациялық дамуына, жалпыұлттық эко­номикамызға ауқымды үлесін қосып келеді. Осы бағытта Ин­тергаз компаниясында қар­қынды жұмыс істеліп жатыр, ал бүгінгі іс-шара оның нақты айғағы. Мұндай ынталандырушы, сон­дай-ақ кәсіби деңгейі жоғары жұмыскерлерді даяр­лап, оларға қолдау көрсетуге бағытталған іс-шаралар жемісті болары сөзсіз. Кадр­ларды және оған деген қа­жеттілікті тұрақты талдау мен әлеуметтік мәселелерді үйлесімді шешу «Интергаз Орталық Азия» акционерлік қоғамына жүргізіп отырған қызметінің тиімділігін арттырып, тұтынушыларды табиғи газбен сенімді әрі іркіліссіз қам­тамасыз етуге мүмкіндік береді. Компанияның кадрлық құра­мына талдау жасағанда, қазіргі кезеңдегі ел экономикасының газ өндірісіндегі тасымалдау саласын білікті жұмысшы және инженерлік-техникалық кадр­лармен, жоғары санаттағы мамандармен, басқарушы қыз­меткерлермен жеткілікті кө­лемде жинақталғанын анық көреміз. Жалпысында, «Интергаз Ор­талық Азия» АҚ 1997 жылдың шілде айында құрылған. Компания өзінің концессиясына берілген Қазақстанның газ тасымалдау жүйесін тікелей басқарады және «ҚазТрансГаз» АҚ  компаниялары тобы құрамына кіреді. Компания елімізде жылдық өткізу қабілеті 190 млрд. текше метрге дейінгі, ұзындығы 14 мың километр­ден асатын тасымалдау газ құбырларының негізгі желісін бақылайды. Иә, осыншама орасан ауқымда әрекет ету үлкен жауапкершілік жүгін арқалауды жүктейді. Марат АҚҚҰЛ, «Егемен Қазақстан».