Көлік жүргізушілер арасында VIP нөмірге сұраныс көп. Алайда қомақты қаржы төлеп, осындай нөмірді сатып алғандардың қулығы әшкере болып жатыр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облыстық департаменті «сәнді» мемлекеттік тіркеу нөмірі белгілерін беру үдерісіне мониторинг жүргізді. Мониторинг кезінде бюджетке ірі көлемде мемлекеттік бажды төлеуден жалтару дерегі анықталды.
Мәселен, 2019-2021 жылдары берілген VIP нөмірлер үшін 59 көлік иесінен 14 млн теңгеден астам мемлекеттік баж бюджетке түспеген. Ал 78 жүргізуші 2,7 млн теңге мөлшерінде мемлекеттік бажды толық көлемде төлемеген. Бұған қоса 52 қызмет алушы жалпы сомасы 14,4 млн теңге мөлшеріндегі мемлекеттік бажды төлеуден негізсіз босатылыпты. Осылайша, өткен үш жылға жүргізілген мониторинг қорытындысымен мемлекетке 31,5 млн теңгеден астам залал келтірілген.
Қулығына құрық бойламайтын пысықайлар VIP нөмірді сатып алу кезінде жалған түбіртек ұсынып, жалғанды жалпағынан баспақ болған. Бірақ олардың бұл қулығы өздерін құрыққа түсірді. Атырау қалалық прокуратурасы көзге тез шалынатын нөмірлерді жалған түбіртекпен сатып алғандарды анықтады. Көлік жүргізушілеріне сатылған нөмірлердің сомасын бюджетке нақты түсіммен салыстырып тексеру кезінде 5 млн теңгеден астам қаражаттың түспегені белгілі болды. «Сәнді» нөмірлерді сатып алушылар төлем жасарда жалған түбіртектерді қолданып, мемлекетке залал келтірген. Қазір Атырау қалалық прокуратурасы аталған дерекке қатысты Қылмыстық кодекстің 190-бабының 3-бөлігімен, 345-бабының 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын жүргізіп жатыр.
Ал Атырау көлік прокуратурасы жеке пайдалануға арналған көлік құралдарын Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына уақытша әкелу кезінде заңдылықтың сақталуына талдау жүргізген. Талдау кезінде Грузиядан әкелінген Toyota Land Сruiser көлігі үшін кедендік төлемді жүргізбей, заңсыз мемлекеттік тіркеуге қою дерегі әшкереленді. Көлік прокуратурасының актісі негізінде облыстық полиция департаменті қалалық сотқа талап-арыз берді. Оны қарау нәтижесінде, автокөлік иесі мемлекет пайдасына 8 млн теңге көлемінде кедендік баж бен өсімпұл төледі.
Тағы бір дерекке жүгінер болсақ, жүргізуші куәлігін беруде де заңсыздық бар екен. Арнайы талдау кезінде сот үкімімен көлік басқару құқығынан өмір бойына айырылған адамдарға жүргізуші куәлігі берілгені белгілі болды. Атырау қаласының прокуроры Аршат Тайтуллиннің айтуынша, талдаудың мақсаты – жолда құқық бұзушылықтың алдын алу және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
– Прокурорлық қадағалау актісімен жауапты тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Бұдан басқа сот үкімімен көлік басқару құқығынан өмір бойына айырылған Атырау қаласы тұрғынының Алматы қаласындағы әкімшілік полиция басқармасы арқылы жүргізуші куәлігін заңсыз алғаны анықталды. Осыған байланысты жинақталған іс-құжаттары процестік шешім қабылдау үшін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қалалық департаментіне жолданды, – дейді Аршат Тайтуллин.
Атырау облысы