Жаһандану дәуірі дүниежүзілік дамудың даңғыл жолын ауылмен емес, қаламен байланыстыратыны бесенеден белгілі. Соның жарқын дәлелі ретінде, еліміз егемендік алған жылдардан бері қалаға ағылған тұрғындардың қарасы көбейгенін айта аламыз. Әрине, оның да өзіндік себебі бар. Елді мекендердегі жаппай жұмыссыздық ауыл тұрғындарын амалсыз қалаға итермеледі. Есесіне, елімізде урбандалу процесі жылдар жылжыған сайын арта түсті.
Ұлттық статистика бюросының биылғы 1 мамырдағы мәліметіне сәйкес Қазақстанда 19 199 844 адам тұрып жатыр. Соның ішінде ауыл халқының саны 7 756 933 болса, қала тұрғындары 11 442 911-ге жетті. Яғни шаһарда ғұмыр кешіп, ұрпақ өрбітіп отырған отандастарымыздың үлесі қайтсе де басым. Соған қарамастан Қазақстандағы қалалардың басым көпшілігінде әлі де болсын өткен дәуірдің сәулет өнері салтанат құрып тұр. Әрине, заман өзгерген сайын заманына қарай адамы да өзгереді. Тұрғындардың қажеті, сұранысы, талап-тілегі, құндылықтары да ауысып отырады.
Мәселен, азаматтары жылдап автокөлік кезегінде тұрған Кеңес Одағы кезінде екінің бірінде темір тұлпар болған жоқ. Соны ескеріп, сол дәуірдің сәулетшілері де ауладағы, көпқабатты тұрғын үй астындағы көлік тұрағы мәселесін қаперге алмаған секілді. Аула былай тұрсын, шаһарлардағы көшелер мен даңғылдар, жолайрықтар да көліктердің бүгінгідей көп болуына арналмады. Соның салдарынан бүгінгі қала тұрғындары түрлі қолайсыздықтарға тап болып жатыр. Ал оның алдын алудың жолы бар ма? Қайтсек тұрғындарға ыңғайлы, кәсіпкерге, мемлекетке қолайлы шаһар тұрғыза аламыз?
Бұл сұрақ тек қарапайым тұрғындарды ғана мазаламайды. Мәселен, күні кеше Қазақстан тұрғын үй компаниясының алаңында Q88 қазақстандық урбанистер қауымдастығы қоғам өкілдерімен бірлесіп алдағы күзде айналымға енетін аумақтарды кешенді дамыту стандартын талқылады.
Бүгінде Қазақстанның құрылысшылары қала тұрғындарының қазіргі заманғы сұраныстарына жауап бермейтін әрі әлеуметтік, саяси, экономикалық, мәдени, ақпараттық салалардағы өзгерістерді ескермейтін ескірген қала құрылысы тәсілдері мен нормативтік-құқықтық реттеу жүйесін пайдаланады. Осыған байланысты елімізде аумақтарды кешенді дамытудың бірыңғай стандарттарын енгізу мәселесі өте өзекті деуге болады. Бұл қоршаған ортаның жағдайын жақсарту және Қазақстандағы қалалардың қазіргі заманғы даму модельдеріне көшу жолындағы маңызды қадам саналады. Елімізде дәл осы бағытта бірқатар жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр.
Қазақстан тұрғын үй компаниясы Тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторы ретінде Q88 қазақстандық урбанистер қауымдастығымен бірлесіп кешенді даму стандарттарын бейімдеуді қолға алып келеді. Q88 қазақстандық урбанистер қауымдастығының төрағасы Ерлан Аукеновтің айтуынша, Қазақстан тұрғын үй компаниясы мен Q88 қазақстандық урбанистер қауымдастығы алдында қала құрылысы, қалаларды дамыту және инклюзивті қалалық ортаны құру, құрылыс нормалары мен ережелерді жаңғырту мәселелері бойынша отандық заңнаманы жетілдіру жөнінде үлкен жұмыс күтіп тұр.
Бұл стандарт 6 кітап пен 4 каталогтен тұрады және қала ортасы мен тұрғын үйге қатысты көше орамдарының параметрлерінен бастап, жеке пәтерлерді жоспарлауға дейінгі кең ауқымды мәселелерді қамтиды. Осы модельде «қадамдық қолжетімділік» қағидаты – өте өзекті. Сапаға қойылатын жоғары стандарттар, ойластырылған сәулеттік және жобалық шешімдер түптеп келгенде азаматтардың жайлы өмір сүру ортасын қалыптастырады. Каталогтер абаттандыруға, көппәтерлі тұрғын үйлерді жобалауға, тұрғын үй құрылысына және кварталдардың кейбір жоспарлау шешімдеріне бағытталған нақты шешімдерді қарастырады. Әрбір кітап қалалық жайлы ортаны жобалаудың белгілі бір аспектісін назарға алады. Сондай-ақ аумақты игеруге, бос аумақтарды дамытуға, көше бойына қойылатын талаптарды әзірлеуге және өзге де жоспарлауларға арналған кітаптар бар.
Бұдан бұрын жобаланған тұрғын үй форматтары тиімсіз болғандықтан, қазіргі уақытта жаңа стандарттар бойынша жобалау мәселесі белсенді талқыланып жатыр. Құжаттың мақсаты – қазіргі заманғы әлеуметтік және экономикалық жағдайлардың, тұрғындардың, бизнес пен қала билігінің мүддесіне жауап беретін қала қалыптастырудың жаңа тәсілдемесін әзірлеп, енгізу.
Стандарт БҰҰ-ның Хабитат қағидаттарына және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы көздейтін жайлы тұрғын үй құрылысы мен қалалық ортаны дамыту тәсіліне негізделген. Бұл қалаларды дамыту саласындағы әлемдік күн тәртібін қалыптастыратын екі халықаралық тірек саналады. Олардың қағидаттарын салыстырмалы деуге болады. Яғни құрылыстың көпфункционалдығына, ықшамдылығына, тығыз көше-жол желісіне және экологиялық тиімділігіне, көше бойының, соның ішінде шағын және орта бизнес субъектілерінің белсенді пайдаланылуына мән беріледі. Осы қағидаттың барлығы аумақтарды кешенді дамыту стандартының негізін қалап отыр.
«Осы жоба қала құрылысшыларына абаттандыру, аумақтарды қалпына келтіру және аумақты құрылыспен толтыру процестерінің сапасы мен тиімділігін арттыруға көмектесетініне және қаланы реттеу мен сәулеттік жобалау саласындағы нормативтік-құқықтық базаны жетілдіруге негіз болатынына сенімдіміз», деді «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ төрағасының орынбасары Рустам Исаев.