Қазақ халқы үшін ұлт ұясы атанып кеткен Ұлытауда Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысының өтуі өте құптарлық жағдай деуге негіз бар. Өйткені үш жүздің басын қосқан, тарихпен тамырлас өңірде қазақ елі үшін талай-талай ең маңызды шешімдер қабылданғанын тарихтан жақсы білеміз.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа арнаған Жолдауында да Ұлытаудың тәуелсіз Қазақстан үшін орны бөлек өңір екенін атап өткен болатын. Расында да, солай екеніне ешкім күмән келтірмес.
Ұлттық құрылтайдың құрылғаны еліміз үшін ең маңызды әрі тарихи оқиға деп толыққанды айтуға болады. Өйткені Президент жанынан құрылған бұл консультативтік органның мақсат-міндеттері дала демократиясының қағидаттарына сай келіп тұр. Жалпы, мұндай басқосуларда елдік мәселелер назардан тыс қалмайтыны әлімсақтан аян. Неге десеңіз, тарихтан тамыр тартқан шаһардағы Ұлттық құрылтайдан әлеумет маңызды шешімдер күтетіні айтпаса да түсінікті.
Бір белгілісі, үлкен ауқымдағы құрылтай ішкі және сыртқы саясатты түгелдей қамтитыны талас тудырмайды. Сарапшы ретінде елімізден бастап, халықаралық деңгейдегі мәселелер қай кезде де маңызды екенін сезінемін. Әлбетте, бірінші кезекте жиналғандар өз пікірін айта жатар. Қалай десек те, менің ойымша, бірінші кезекте адам құқықтарын қорғау, әлеуметтің жағдайын оңалту, мемлекеттің тұрақтылығын қалыптастыру, ұлттық қауіпсіздік мәселелеріне дейін қамтылуға тиіс.
Ұлттық құрылтайда өзекті мәселелер айтылып қана қоймай, қоғамдағы келеңсіздіктердің оң шешім табуына септеседі. Қысқасы, Қазақ елі үшін тағдыршешті кезеңде қолға алынған Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысы мемлекеттің, елдің болашағының жарқын болуына жол ашса деген тілек бар.
Марат БӘШІМОВ,
Еуропалық құқық және адам құқықтары сараптамалық институтының директоры