• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Медицина 17 Маусым, 2022

Үздік дәрігерге – 7 млн теңге

198 рет
көрсетілді

Коронавирус инфекциясының беті қайтқанымен отандық медицина саласының иығынан ауыр жүк түскен жоқ. Өйткені денсаулық күзетіндегі міндет әрдайым жауапкершілік жүктейді. Осы сапта жетісулық дәрігерлер де бар.

Мемлекет адамдардың денсаулығына үнемі алаңдаушылық танытып, медици­налық көмек­тің қолжетімді болуын бас­ты орынға қойып келеді. Оның бір көрі­нісін өңірдегі медицина нысандарын жаң­ғырту мен жаңадан салу ісінен көруге болады. Мысалға, Жетісу облысында республикалық бюджет есебінен Кербұлақ ауданы Сарыөзек ауылында 250 орынды емхананың құрылысы жүргізілуде. Жалпы, биыл денсаулық сақтаудың 7 нысаны салына бастады. Соның бесеуі осы жылы іске қосылуға тиіс, 2 нысанның құрылысы келесі жылы жалғасады. Сол сияқты Қаратал аудан­дық орталық аурухананың «Б» блогының күрделі жөндеуін аяқтауға және аурухана аумағын абаттандыруға, сондай-ақ Сарқан ауданы Черкасск ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның күрделі жөндеуін бастауға қаржы бөлінді. Ал бүгін­де Жетісу облысында 29 аурухана, 278 амбулаториялық емхана жұмыс істеп тұр екен.

Аймақта ақ желеңді абзал жандардың еңбегіне деген құрмет те ерекше. Күні кеше «2022 жылдың үздік медициналық қыз­меткері» байқауының жеңімпаздары марапатталды. Облыс көлемінде өткізіл­ген байқауда «Емхананың үздік дәрігері» атанған Ескелді орталық аудандық ауруха­насының дәрігері Бижамал Күл­бековаға Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев 7 млн теңгенің сертификаты мен арнайы диплом тапсырды.

– Әлемді жайлаған коронавирус індетімен күресте дәрігерлер уақытпен санаспай, ерекше қажыр-қайрат таныт­ты. Сын сағатта мемлекет барлық қажетті шараларды қабылдады. Осындай ортақ күш жұмылдырудың нәти­жесінде індеттің беті қайтты. Дегенмен бұл салада ат­қарылатын шаруа әлі де көп. Солардың қатарында ана мен бала өмірін қорғау, мамандардың біліктілігін арттыру, материалдық-техникалық базаны нығайту, озық технологиялар енгізу сияқты көптеген мәселе тұр, – деді Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев өңір медицинасын дамытудағы алда тұр­ған міндеттерге қысқаша тоқтала келе.

Сондай-ақ облыс әкімі медицина қыз­мет­керлерінің кәсіби мерекесіне орай бірқатар ақ желеңді абзал жанды құттықтап, марапаттады. Олардың қатарында облыстың меди­цина қызметкерлері арасында өткізілген «2022 жылдың үздік медициналық қызметкері» байқауында «Денсаулық сақтау саласының үздік менеджері» аталымы бойынша озып шыққан облыстық кардиологиялық орта­лық директорының орынбасары Асқар Шор­мақов, «Үздік фармацевт» атанған облыс­тық көпсалалы аурухананың фармацевті Махаб­бат Бодауова, «Үздік мейірбике» ата­ғын иеленген Панфилов ауданаралық көп­салалы ауруханасының мейірбикесі Айжан Айма­қова, «Үздік фельдшер» болып танылған Ала­көл орталық аудандық ауруханасының фельдшері Нұрлан Уалиев сияқты медицина қызметкерлері бар. Ал облыстық жұқ­палы ауруханалар ауруханасы «Үздік медици­налық мекеме» атанды. Жеңмпаздарға 1,5 млн теңгеден бастап, 7 млн теңгеге дейін ақшалай сыйлықтар берілді. Мұнан бөлек бірқатар дәрігер Жетісу облысы әкімінің Құрмет грамотасымен, Алғысхатымен және Денсаулық сақтау министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен және «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды.

 

Жетісу облысы