Коронавирус инфекциясының беті қайтқанымен отандық медицина саласының иығынан ауыр жүк түскен жоқ. Өйткені денсаулық күзетіндегі міндет әрдайым жауапкершілік жүктейді. Осы сапта жетісулық дәрігерлер де бар.
Мемлекет адамдардың денсаулығына үнемі алаңдаушылық танытып, медициналық көмектің қолжетімді болуын басты орынға қойып келеді. Оның бір көрінісін өңірдегі медицина нысандарын жаңғырту мен жаңадан салу ісінен көруге болады. Мысалға, Жетісу облысында республикалық бюджет есебінен Кербұлақ ауданы Сарыөзек ауылында 250 орынды емхананың құрылысы жүргізілуде. Жалпы, биыл денсаулық сақтаудың 7 нысаны салына бастады. Соның бесеуі осы жылы іске қосылуға тиіс, 2 нысанның құрылысы келесі жылы жалғасады. Сол сияқты Қаратал аудандық орталық аурухананың «Б» блогының күрделі жөндеуін аяқтауға және аурухана аумағын абаттандыруға, сондай-ақ Сарқан ауданы Черкасск ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның күрделі жөндеуін бастауға қаржы бөлінді. Ал бүгінде Жетісу облысында 29 аурухана, 278 амбулаториялық емхана жұмыс істеп тұр екен.
Аймақта ақ желеңді абзал жандардың еңбегіне деген құрмет те ерекше. Күні кеше «2022 жылдың үздік медициналық қызметкері» байқауының жеңімпаздары марапатталды. Облыс көлемінде өткізілген байқауда «Емхананың үздік дәрігері» атанған Ескелді орталық аудандық ауруханасының дәрігері Бижамал Күлбековаға Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев 7 млн теңгенің сертификаты мен арнайы диплом тапсырды.
– Әлемді жайлаған коронавирус індетімен күресте дәрігерлер уақытпен санаспай, ерекше қажыр-қайрат танытты. Сын сағатта мемлекет барлық қажетті шараларды қабылдады. Осындай ортақ күш жұмылдырудың нәтижесінде індеттің беті қайтты. Дегенмен бұл салада атқарылатын шаруа әлі де көп. Солардың қатарында ана мен бала өмірін қорғау, мамандардың біліктілігін арттыру, материалдық-техникалық базаны нығайту, озық технологиялар енгізу сияқты көптеген мәселе тұр, – деді Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев өңір медицинасын дамытудағы алда тұрған міндеттерге қысқаша тоқтала келе.
Сондай-ақ облыс әкімі медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай бірқатар ақ желеңді абзал жанды құттықтап, марапаттады. Олардың қатарында облыстың медицина қызметкерлері арасында өткізілген «2022 жылдың үздік медициналық қызметкері» байқауында «Денсаулық сақтау саласының үздік менеджері» аталымы бойынша озып шыққан облыстық кардиологиялық орталық директорының орынбасары Асқар Шормақов, «Үздік фармацевт» атанған облыстық көпсалалы аурухананың фармацевті Махаббат Бодауова, «Үздік мейірбике» атағын иеленген Панфилов ауданаралық көпсалалы ауруханасының мейірбикесі Айжан Аймақова, «Үздік фельдшер» болып танылған Алакөл орталық аудандық ауруханасының фельдшері Нұрлан Уалиев сияқты медицина қызметкерлері бар. Ал облыстық жұқпалы ауруханалар ауруханасы «Үздік медициналық мекеме» атанды. Жеңмпаздарға 1,5 млн теңгеден бастап, 7 млн теңгеге дейін ақшалай сыйлықтар берілді. Мұнан бөлек бірқатар дәрігер Жетісу облысы әкімінің Құрмет грамотасымен, Алғысхатымен және Денсаулық сақтау министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен және «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды.
Жетісу облысы