Әр адам мамандықты жүрек қалауымен таңдайды. Әрине, табысы мол салаға бет бұратындар аз емес. Ал Нұрлан Салауатұлының медицина саласын таңдауына ата-анасының ықпалы тиген. Сөйтіп, 2013 жылы орта білім туралы аттестат алған соң Атырау медициналық колледжіне құжат тапсырды. Аталған колледжді 2017 жылы бітіріп, содан бері облыстық жедел жәрдем стансасында жұмыс істейді. Мамандығы – фельдшер.
Оның таңдаған мамандығына адалдығы қаңтардағы оқиға кезінде танылды. Сол бір қиын күндерде ақ халатына дақ түсірмей, көмек сұраған жанның бәріне қол ұшын созуға ұмтылды. Өйткені бүлікшілерден зардап шеккендер алдымен жедел жәрдем қызметіне жүгінді.
– Қаңтардағы қақтығысқа толы оқиға баршаның есінен қапелімде ұмытыла қоймайтын шығар. Бүлікшілер сарбаздар мен полиция қызметкерлерін автокөліктен шығарып алып, соққыға жықты. Денсаулығына зақым келтірді. Сол кезде оларға күндізгі ауысым- дағы фельдшерлеріміз көмек көрсетті. Ал мен кезекшілігімді кешкі ауысымда атқардым. Зардап шеккен сарбаздарды медициналық көмек көрсетілгеннен кейін казармаға жеткізуді ойладық, – дейді қаңтардағы оқиғаны есіне алған Нұрлан Салауатұлы.
Бірақ өзге түгілі жедел жәрдем бригадасының қызметкерлеріне көшеде жүру қауіпті еді. Ал үйінен жырақта борышын өтеп жүрген сарбаздарды казармаға жібере салу тіптен мүмкін емес. Сол себептен, сарбаздарға қауіпсіздік үшін жедел жәрдем қызметкерінің киімін кигізіп, арнайы көлікпен жеткізуге шешім қабылданды. Сарбаздарды Нұрланмен бір бригададағы жүргізуші Талғат пен фельдшер Нұргүл «Водников» шағын ауданында орналасқан әскери бөлімге жеткізді.
– Біздің міндетіміз – жарақат алған, не сырқаттанған әр адамға алғашқы медициналық көрсету. Әрине, сарбаздарды Отанды қорғаушы десек те, алайда бізге олардың тағдырын қорғауға тура келді. Қазір соның бәрі жеңіл атқарылған сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ өз өмірімізге қауіп туындаса да міндетімізді адал атқаруды ғана ойладық. Сол сәтте адам тағдырына араша тұруды ғана мақсат еттік, – деп ағынан жарыла әңгімеледі фельдшер.
Нұрлан Салауатұлының кіндік қаны Индер ауданында тамған. Отбасындағы үш баланың бірі болғанымен, қазір өзі екі ұлдың әкесі атанып отыр. Кезінде есепші болған әкесі мал шаруашылығын өркендетуді қолға алған. Ал анасы балабақшада жұмыс істейді.
– Әжемнің, әке-шешемнің ұлағатты әңгімесіне қанық болып өстім. Үлкендер үнемі амандығымызды тілеп, өмірлік бағыт-бағдар беріп отырады. Қиналған жанға көмек беруге ұмтылып, мейірімділік танытсам, соның бәрі – үлкендердің тәрбиесі. Өйткені медицина саласы мамандарының жүрегі мейірім мен қайырымға толы деп есептеймін. Науқастың сырқатына дәрі-дәрмек шипа болса, ал жанын жадырататын мейірімге ештеңе жетпейді, – дейді кәсібіне адалдығынан таймаған Н.Салауатұлы.
Фельдшер жігіт биылғы Наурыз мерекесі қарсаңында «Шапағат» медалімен марапатталды. Оны облыстық жедел жәрдем ұжымы мемлекеттік марапатқа ұсынған. «Елордаға келіңіз, Президент сізге марапат тапсырады» деген жаңалықты естігенде, абдырап қалғанын жасырмайды.
– Мен мамандығымды Президенттің қолынан марапат алу үшін таңдаған жоқ едім. Фельдшер болу – жүрегімнің қалауы. Жұмысымды мүмкіндігімше адал атқаруға тырысамын. Өйткені сырқаттанған, түрлі қиындыққа тап болып, жаны қиналған жандар алдымен жедел жәрдем қызметкерлерінен көмек күтеді. Қаңтардағы оқиға кезінде де солай болды. Телефон арқылы хабарласып, «Сізге Президент мемлекеттік марапат тапсырады» дегенде, көңілім алай-дүлей күйге түскенін жасырмаймын. «Мемлекеттік марапатқа лайықпын ба?» деген ойға берілдім. Елордадағы салтанатты іс-шараға барғанда, одан сайын қобалжығаным рас. Бұл бәлкім мемлекеттік марапат алудың жауапкершілігін сезінгеннен болар. Мемлекет басшысы «Шапағат» медалін тағып, «Құтты болсын!» деп қолымды алғанда, мұны мен секілді жас маманға үлкен сенім, қолдау ретінде ұғындым, – дейді кезекті шақыртуға асыққан фельдшер жігіт.
Атырау облысы