Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 21-ракеткасы Анна Данилина Мадридте өтіп жатқан ITF W60 турнирінің финалына жолдама алды, деп хабарлайды Egemen.kz ҚТФ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстандық теннисші ресейлік Анастасия Тихоновамен бірге жартылай финалда мажарстандық Тимея Бабош – ресейлік Валерия Савиныхпен ойнады. Қазақстандық-ресейлік жұп үш сетке созылған тартысты матчта 6:4, 3:6, 10:8 есебімен жеңіске жетті. Жұма күні А.Данилина мен А.Тихонова соңғы бәсекеде қытайлық Лу Цзя Цинь – жапониялық Ю Сяодимен бас жүлдені сарапқа салады. Қазақстандық теннисші үшін бұл – соңғы 10 күндегі екінші финал.
Ерлер арасындағы додаларда жұптық сында Андрей Голубев пен Григорий Ломакин жарыс жолынан шығып қалды. А.Голубев аргентиналық Максимо Гонсалеспен бірге Галле (Германия) ATP 500 турнирінің ширек финалында хорватиялық Иван Додиг – америкалық Остин Крайчекке есе жіберді – 6:7 (3:7), 2:6.
Г.Ломакин украиналық Владислав Манафовпен бірге Франциядағы Блуа челленджер жарысының ширек финалында үндістандық Шрирамбалай Нараянасвами мен Дживан Недунчежиянге жол берді – 7:6 (7:3), 4:6, 5:10.