Талдықорған қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары 10 жылдан бері қоғамға қызмет ететін әлеуметтік жобаларды белсенді түрде жүзеге асырып келеді екен. Яғни бұл мектепте жыл бойы қоғамға қызмет ететін әлеуметтік жобалар реті түрлі игі іс-шаралар түрінде жүзеге асырылады. Олардың қатарында «Мектепке жол», «Досыңа кітап сыйла», «Ардагерді құттықта» сияқты іс-шаралар өте танымал.
– Мұндай әлеуметтік жобалар біздің мектебіміздің маңызды жұмыс бағытының бірі. Оқушылардың белсенді өмірлік ұстанымы бар, олар өз аймағының тіршілігі мен мәселелерін біледі. Отансүйгіштік, жалпыадамзаттық құндылықтарға деген адалдық әр сабақта бойларына сіңіріліп, жалпы жан-жақты дамыған тұлғаны қалыптастырады, – дейді мектептегі
әлеуметтік жобалардың үйлестірушісі Жанар Оразбаева.
Айтпақшы, «Айналайын» балалар үйі, Оңалту орталығы, нашар еститін және саңырау балаларға арналған мектеп-интернаты, М.Мәметова атындағы ауылдық мектеп, «Аналар үйі», «Ардагерлер үйі», «Біргеміз білім» еріктілер ұйымымен тізе қосып жұмыс істеу Назарбаев зияткерлік мектебі оқушыларының дәстүріне айналған екен.
– Оқушыларымызға келген кезде біз математика, ағылшын және қазақ тілдерін үйрену сабақтарын өткіземіз, танымдық сайыстар, викториналар, ашық ауада ойындар ұйымдастырамыз. Осының бәрі маған үлкен қуаныш сыйлайды, ең бастысы, мен өз мемлекетімнің азаматы екенімді және өмір бойы қоғамға өз үлесімді қосуым керек екенін түсінемін, оқушы ретінде жауапкершілікті сезінемін, – дейді 10-сынып оқушысы Айғаным Тынысхан.
Ал жақында Байланыс және ақпарат қызметкерлері күні қарсаңында медиа-марафон ұйымдастырылды. Бұл іс-шарада жас еріктілердің жұмысын Жетісу өңірінің БАҚ өкілдері тамашалады. Медиа-марафон үйсіз қалған жануарларға арналған үйшік салу шеберлік сағатынан басталды. Одан әрі еріктілердің жұмысы Талдықорғандағы «Айналайын» балалар үйінің жазғы лагеріне және облыстық мамандандырылған «Балалар үйіне» сапармен жалғасты. Мұнан кейін медиа-марафон дөңгелек үстел форматында жалғасып, ынтымақтастық жобалары талқыланды. Өз кезегінде мектеп директоры Виктор Сосин республикалық және облыстық БАҚ журналистеріне белсенді және жемісті жұмыстары үшін алғысын білдірді.
– Барша БАҚ өкілдерін кәсіби мерекелерімен құттықтаймын. Сіздердің еңбектеріңіздің арқасында біз еліміздегі ең өзекті де маңызды оқиғалардан хабардар болып, қуанышты да, қайғылы да оқиғаларды бастан кешіріп жатырмыз. Бүгін мектебіміздің маңызды бағыттарының бірі қоғамдық қызмет ету жобаларымен таныса алғандарыңызға қуаныштымын. Өйткені қызмет ету – күнделікті орындайтын айрықша миссия, – деді мектеп директоры Виктор Сосин өз сөзінде.
Жетісу облысы