Ұлытау төрінде өткен Ұлттық құрылтай жиынында сөз болған өзекті тақырыптар көп. Сол себепті де халық пен билік арасында алтын көпір болып жүрген елдің айтулы азаматтары ақылдасар келелі кеңес құрар ашық алаңға айналатын Ұлттық құрылтайдың көтерер жүгі жеңіл болмақ емес.
Елімізде талқыланар тағдыршешті мәселелерде құрылтайдың әрбір мүшесі өзіндік ой-пікірі мен ұсыныстары арқылы араласуға даңғыл жол ашылды. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен алқалы жиында Ұлттық құрылтайдың атқарар жоспарларының басым бағыттары айқындалды.
Тілші-ғалым ретінде маған Президенттің әліпби мәселесі жөніндегі пайымдары терең ой салды. Мемлекет басшысы әліпбиді жетілдіру бойынша Тіл білімі институтына тапсырма бергенін атап өтті. Қазақ тілін латын ғаріпті әліпбиге ауыстыру тыңғылықты әрі жүйелі жұмыс нәтижесінде асықпай, аптықпай қабылданатынын жұртшылыққа жеткізгім келеді.
Жиын соңында ақын, Қазақстан халық жазушысы Мұхтар Шахановқа «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілуін – Президент тарапынан тіл жанашырларына көрсетілген құрмет деп бағаладық. Бұл бәрімізге ортақ қуаныш, себебі.
Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ,
ҰҒА академигі