АСТАНА. 24 сәуір. Бүгін Болгарияның астанасы – София қаласында бокстан жастар арасындағы әлем чемпионаты мәреге жетті. Онда финалда өнер көрсеткен 4 қазақстандықтың екеуі алтын, екеуі күміс жүлдегер атанды. Бұл туралы egemen.kz хабарлады.
Осы жүлделерінің арқасында Қазақстанның жігіттер арасындағы жастар құрамасы командалық есепте бірінші орынды жеңіп алды. Бұлардан бөлек, бір қызымыз – Алуа Балқыбекова (51 кг) қола медальге қол жеткізді.
Финалдық шайқасты 49 килоға дейінгі салмақтағы біздің Шалқар Айқынбай (2-суретте) мен өзбек Сулейман Латипов бастады. Ұрыс қазақстандық боксшының басымдылығымен өтті. Нәтижесінде ол 3:0 есебімен жеңіске жетті. Осылайша Шалқар чемпионаттың алғашқы алтын жүлдегері атанды.
Өкініштісі, қазақстандықтар сапынан шыққан келесі боксшымыз – Сұлтан Зәуірбек кубалық Жавьер Ибанеске 0:3 есебімен есе жіберіп қойды. Сондықтан оған бұйырғаны күміс медаль болды.
Жасыратыны жоқ, жанкүйерлер 60 килоға дейінгі салмақтағы Абылайхан Жүсіповтен (3-суретте) осы біріншілік басталғалы алтын медаль күткен еді. Олардың үмітіне сай боксшымыз турнирде шайқастан шайқасқа жақсы қарқын қоса берді. Ол финалда да жақсы айқасты. Бұған оның румыниялық Арсен Мустафамен жекпе-жекті 3:0 етіп аяқтағаны да дәлел. Сөйтіп, командағы екінші алтын жүлдені Абылайхан әкелді. Осы кезге дейін ол әлемнің 2013 жылғы жасөспірімдер арасындағы, Азияның 2014 жылғы жастар арасындағы чемпионы атанып үлгерген болатын.
Бұдан кейін 81 килоға дейінге салмақтағы қазақстандық Вадим Казаков болгар Благой Найденовтан 0:3 болып ұтылып қалды. Құрамадағы екінші күміс медаль осылай келді.
Дамир Қожамқұл.
Дереккөз: egemen.kz,
Фото: ВКонтакте.