Қызылордада журналистер арасында шағын футболдан облыс әкімінің кубогы үшін республикалық турнир өтті. Тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған додаға Нұр-Сұлтан, Алматы, Талдықорған, Шымкент қалалары мен Жамбыл, Түркістан облыстарынан 9 команда қатысты.
Екі күнге созылған турнирде жанкүйерлер талай тартысты ойынның куәсі болды. Дода басталғаннан-ақ ширақ ойын көрсеткен «Хабар» агенттігі, «Экспресс-К» тілшілері, Жетісу журналистерінен жасақталған «Қарекет» пен жергілікті «Ақмешіт» командасы ойыншылары бәсеке түйінделер тұста кездесті. Үшінші орын үшін өткен ойында қызылордалық «Ақмешіт» «Қарекеттен» 5:3 есебімен басым түсті. Финалда кездескен «Экспресс-К» мен «Хабар» футболшылары негізгі ойынды тең аяқтап, пенальти тебуден алғашқы ұжым жігіттері басым түсті.
Қала әкімі Асылбек Шәменов турнир жеңімпазы – «Экспресс-К» командасына арнайы кубок пен 1 000 000 теңге табыс етті.
Екінші орын алған «Хабар» командасы – 700 мың, қола жүлдегер – «Ақмешіт» 400 мың, төртінші орын иемденген «Қарекет» командасы 200 мың теңге иеленді.
Алматылық команда құрамындағы Шоқан Махан «Үздік ойыншы», «Қарекет» командасының ойыншысы Есболат Айдаболсын «Үздік шабуылшы» атанды. «Тараз пресс» командасының намысын қорғаған Айбек Қабылша «Үздік қақпашы», шымкенттік Арай Есенбек «Үздік қорғаушы» аталымы бойынша марапатталды.
ҚЫЗЫЛОРДА