«Жеңдік қой жауды, арман не, құрбым, күркіреп күндей өтті ғой соғыс» (Қасым Аманжолов) дегенмен, жер бетіндегі кескілескен ұрыстың қай-қайсысы болсын адамзат баласының ой-санасын, ішкі әлемін адам айтса нанғысыз өзгерістерге ұшыратады.
Қолына қару алып соғысқан жауынгерлердің мінез-құлқының өзгергені өз алдына, олардың орнында қалған жетім-жесірдің психологиясына ауыр соққы, жазылмас жарақат әкелетінін соғыс туралы жазылған шығармаларды оқыған сайын тереңірек түсінеміз. Соғыс жер бетіне аштық әкеледі, бейбітшілік пен ымыраны бұзады, сәбилердің балалығын тонайды, қылшылдаған қыз-жігіттің жастығын жалмайды, адамның рухын жалаңаштап, бастапқы қасиеттерінен айырады, қиратады, бұзады, ізгіліктің орнына зұлымдық егеді... Табиғи тепе-теңдікті бұзғаннан сұмдық не зауал бар жер бетінде? Осындай қырып-жою, қағып-соғудың шығындары өз алдына, сана мен рухқа тигізген зардабын ешкім, ешқашан толтыра алмайды. Адам рухы мен сана-сезімін мертіктірген сол ақпараттар қанда сақталып, ұрпақтан ұрпаққа көшетіні туралы Таласбек Әсемқұловтың «Аштық және соғысында» айтылады. Ой мен ниет бұзылған соң жүре біткен әдет қанға сіңбей қоя ма? Әдебиеттің, көркем туындының көп қызметінің бірі де әлгіндей дүниелерді тап басып, халықтың көзін ашып беру шығар.
Шыңғыс Айтматовтың «Бетпе-бет» повесінде жап-жас Сейденің шашы бір-ақ түнде ағарып кетеді. Кеше ғана бойжеткен, кеше ғана жар сүйген, кеше ғана нәрестелі болған келін, алғаш сәби көрген тұмса, жарымен қосылғанына бір жылға да толмаған ару Сейде, жасы жиырмаға да толмаған жап-жас Сейде, Ысмайылын жан-тәнімен сүйген, сертіне адал, болашағына сенімі зор, еш алаңсыз Сейденің бір-ақ түнде шашы ағарып шығады повесте. Оған түннің де, күннің де, қоршаған ортадағы экологиялық ахуалдың да еш қатысы жоқ. Бесіктегі нәрестесінің де, Сейде жұмысқа кеткенде өлмелі күйде отырса да соны бағып қалған кәрі енесінің де, таңертеңнен күн батқанша титықтатқан ауыр еңбектің де кесірі емес. Тіпті біз соғыс басталмай тұрып бес-алты ай бұрын Сейдемен шаңырақ көтеріп, жаңадан там салған, соғыс оты бұрқ еткенде әскерге алынып, майдан даласына аттанып бара жатқан жерінен ауылына қашып келген Ысмайылдың өзін кінәлай алмас едік. Алайда шығарманы оқып отырған кез келген оқырман оны опасыз, сатқын ретінде тануы мүмкін. Мүмкін емес, анық солай деп ойлайды. Бірақ біз бәрібір соғысты кінәлаймыз. Дүниежүзілік жер-су, азық-түлік көздерін бөліске салып, неғұрлым көбірек қамтып қалуды ойлаған империялардың басындағы ашкөз билеушілердің пиғылынан туған қантөгісті жазықты санаймыз. Жер бетіндегі небір алапат қырғын мен кеселдің артында адамзаттың жаман пиғылы тұрғанына осындайда көз жеткіземіз.
Иә, шығарма Ысмайылдың соғысқа бармай ауылына қашып келуінен және ешкімнің көзіне түспей, аулақтағы үңгірде тығылып жатып алуынан басталады. Бар пәле содан, Ысмайылдан басталатындай көрінгенімен, оның соңынан қалмаған соғысты қайда қоямыз? Тіпті шығарманың қызығымен соғысты ұмытып, Ысмайылды жамандап кетуіңізде мүмкін-ау. Ысмайыл мыңнан біреу болса да, ел болған соң, мұндайлар болмай тұрмайды. Айналып келгенде, соғысқа дейін толық орта білім де алмаған, тіпті азаматтық көзқарасы қалыптасып үлгермеген қырғыз (мейлі қазақ болсын) ауылының перзенті алақұйын замана төніп бергенде, нені пайымдап, не нәрсенің анық-қанығына бара алғандай. Отан қорғау, оны кім үшін, не үшін, кімнен қорғауы керек, білді ме екен? Әрі кетсе ескіше хат танып немесе екі-үш кластық білім алған ауыл баласының әлем туралы дүниетанымы мен көзқарасы қандай болды деп ойлайсыз ол кезде? Жоғары оқу орнын бітіріп, жер көріп, ел таныған азамат болса бір сәрі. Ауылдан ұзап шықпаған, орта мектепті де толық бітірмеген, жиырмаға енді жуықтаған бозбала немесе жиырмадағы жас жігіт. Отан деген ол үшін туған ауылы, отбасы емес пе? Оның үстіне үйленгеніне алты айдан аспаған. Жазушы Сейде мен Ысмайылдың бас құрап, үй тұрғызып жатқандағы кездерін, ең бір қызыққа толы шақтарын: жұпыны тұрып жатса да, баспана көтеріп, еңбекке құштар, өмірге ырза екендіктеріне арнайы тоқталып, әсерлі суреттейді ғой. Ысмайыл үшін Сейде, Сейде үшін Ысмайылдан асқан бақыттың керегі жоқ болатын. Сондай бір тәтті шақтың құмарынан шығып та болмаған, өмірде одан басқа түк көрмеген Ысмайыл соғыстан қашпағанда кім қашады?
Күйеуін қатты сүйетін Сейде оны жасырып бағады. Соңына дейін жасырады, Ысмайыл тығылып жатқан үңгірге түнде ұрланып тамақ апарып жолдасын асырайды. Түнде баласын да иіскеп кетіп жүреді. Бірақ қашқын жігіт бара-бара тамаққа тоймайтын болады... (Еңбексіз жата берген адам кімге айналары осы жерде анық байқалады) Қыс болса қақап тұр. Суық. Таңнан түнге дейін колхоз жұмысынан бас көтермей, өлім қонаға келіп құлайтын Сейде түні бойы Ысмайылдың жағдайымен болады. Алайда Сейде бұдан діңкелемейді. Тіпті оны салмақ көрмейді де. Оны ішінен жейтіні – ауылдағы басқарма мен жесірлер Ысмайылдың қашып келгенін біліп қоя ма деген күдік. Кездесіп қалған адамнан қуыстанумен, тізесі қалтырайды да жүреді. Бір күні біреу тұрып: «жап-жас боп сенің мұның қалай? Біздің күйеуіміз майданда соғысып жатқанда, сенікі тығылып осында жүр екен ғой?», деп айтып қала ма деген ой мазалап бітеді. Артынша мұны Ысмайылды іздеген әскерилер тергегенде де сатпайды күйеуін. Сөйтсе де үрейленумен болады. Басқа шаруамен басқарма шақырып қалса да, көшеде көрші әйел кездесе кетсе де күйеуін жасырып жүргенін бетіне салық қыла ма деп қуыстанумен жүреді. Жазушы сондай қысылған күйін сенімді диалогтармен жеткізгенде еріксіз бас шайқаумен боласыз. Әрі әскери комитет Ысмайылға іздеу салған соң ел бұдан күдіктене бастайды ғой. Сейденің ерік-жігері мен махаббатының беріктігі сол, сонда да сыр алдырмайды. Айтуға оңай болғанмен бұл – екінің бірінің қолынан келер іс пе еді? Бірақ мұның бәрі Сейдені қажытпайды. Бар ойы – көктем туа енесі мен баласын алып, Ысмайылмен алыстағы шатқалдан асып, күйеуінің нағашыларының арасына барып сіңу. Оған Ысмайыл сендіріп қойған.
Көрші жесір Тотой болса, үш баламен тісінің суын сорып аш отырады. Өзі ауру. Көктемге салым ел үзілуге айналған көтерем шақ, балалары аш. Бар үміті – үйіндегі жалғыз сиыр бұзауласа, балаларының аузы аққа ілікпек. Әне-міне бұзаулауға таяу тұрған сиыр бір күні түнде қорадан жоғалады. Күллі ауыл болып іздейді оны. Себебі Тотой өзі ауру, балалары аш, оның үстіне күйеуі соғыста өлді деген қара қағаз келген, өзі өлмелі күйдегі жетім-жесір, аш-арыққа оны ауылдағылар білдірмей жасыра тұрған. Сиырды, әсіресе, жанұшырып іздеген – Сейде еді. Көршісінің жағдайы өте мүшкілін, оның үстіне күйеуі соғыста өлгенін, ал өз күйеуі тығылып мұнда жүргендіктен Сейде өзін біртүрлі кінәлі сезінетін. Сөйтіп, өліп-өшіп келіп отырса, түн ортасы ауғанда аяулы Ысмайылы кіріп келеді. Жарты қап жас еті бар қолында. Үстінен отқа қақтап жеген еттің иісі мүңк етеді. Қапшықтағы етті күйеуі жерге тастап жібергенде Сейденің жүрегі қоса үзіліп түскендей еді дейді жазушы. «Осы жетімдердің аузын қаңсытқанша, өзіміздің құнажынды сойғаның жақсы еді ғой», деген Сейденің сөзіне Ысмайыл: «Былшылдама! Ақымақ болма, өз қамыңды ойла! Көп сөйлемей етті асып жеңдер, сүйегін жанға көрсетпей жерге көміңдер», деп жауап қатады.
«Таң қылаң беріп, үй ішіне көмескі жарық түсе бастады. Бөлмеге жарық түскен сайын пештің түбінде бесікке асылып отырған бурыл шашты әйел терезедегі бір нүктеге қадала түсіп отыр». Бұдан кейін Сейде буынып-түйініп, баласын алып кете бергенде, қалғып-мүлгіп отырған енесін көреді. «Төркініңе кетесің бе?» дейді енесі білгендей. «Кетем!» дейді бәріне төзіп келген Сейде.
Қайран Сейде үйден ұзап, ауыл шетіне шыға соңына басқарма мен екі солдат түскенін көріп, төркініне баратын жолға емес, Ысмайыл жатқан үңгірге таман бұрылады. «Анау қамыстардың арасында» деді ол Мырзақұлға (басқарма). Мырзақұл Ысмайыл-дың мекеніне жете бергенде мылтық даусы шығып, аттан ауып түседі. Оны көрген Сейде баласымен күйеуінің үңгіріне тура жүреді. Екі солдат екі бұрышта бармауын өтініп айқайласа да, тыңдамайды. Жазушы айтады сонда: «Ол қазір өлімге емес, адамның асыл қасиеті үшін, баласын керілген кеудесіне қыса түсіп, басын жоғары көтеріп кетіп бара жатты. Сөйткенше болған жоқ, қамыс арасынан шинелі алба-жұлба, бет-аузын түк басқан кісі ытқып шығып, мылтығын қос қолымен жоғары көтеріп, қалшылдап әйелге ұмтылды. Бетін лас тер жуған, жауатын бұлттай түнерген Ысмайыл, Сейдеге жақындап, бетпе-бет келгенде өзінің алдында бұрынғы Сейде емес, алып күшті, өз артықшылығын, адалдығын әбден түсінген, бурыл шашты қандай да бір ғажайып әйелдің тұрғанын көрді. Сол сәтте Сейде оған асқар таудың басында тұрғандай болды. Ол өзін сол заңғар шыңның етегіндегі елеусіз төмпешіктей сезінді. Ысмайыл Сейденің бетін жуған жасты көріп, қолындағы мылтығын анадай жердегі тасқа лақтырып жіберді де, қолын көтеріп, винтовкасын кезеніп келе жатқан солдаттарға қарсы жүрді».