Саналы ғұмырын өз халқының сауатын ашып, өркениетті халықпен терезесі тең болуын көздеуге ұмтылған Ахмет Байтұрсынұлының қазақ ғылымы мен мәдениетіне, ұлттық педагогика мен оқу-ағарту ісіне сіңірген еңбегі ерен. Ол елді тек оқу-білімге шақырып қана қойған жоқ, мектептің жайын, оқытудың қыр-сырын тікелей ұстаздық қызмет атқара жүріп бір жүйеге түсірді. Өзінің оқу-ағартушылық қызметінде оқытудың әдістемесін қалыптастырып, іс жүзінде мұғалімдерге жол сілтеді. Оның ғылыми-педагогикалық, дидактикалық тұжырымдары өзінің жеке іс-тәжірибесіне негізделуімен құнды. Сондықтан да Ахмет Байтұрсынұлын «Ұлт ұстазы» деп дәріптейміз.
Ұлт ұстазының өз қолымен жазған өмірбаянына және ғалымның өмір жолын зерттеп жүрген филология ғылымдарының докторы, профессор Алмасбек Абсадықовтың еңбектеріне сүйене отырып, оның ұстаздық еткен жылдарын картаға түсірдік.
А.Байтұрсынұлы 1882-1884 жылдары өзі дүниеге келген Қостанай облысы Жангелдин ауданы Ақкөл ауылының молдасынан сауатын ашады. 1886-1891 жылдары 14 жасында Торғайдағы орыс-қазақ училищесінде оқиды. 1891-1895 жылдары Орынбордағы төртжылдық мұғалімдер мектебінде оқып, ұстаздық қызметке жолдама алады. 1895-1897 жылдары Ақтөбе губерниясы Бестамақ болысындағы қазақ мектебінде сабақ береді.
1897-1898 жылдары Әулиекөлдегі 2 сыныптық мектепте ұстаздық етті. Өзінің өмірлік жары Бәдрисафамен (Александра) осы жерде кездеседі. Әулиекөлдегі жеті көлдің бірі Ахмет Байтұрсынұлының құрметіне «Мұғалім көлі» деп аталып кеткен. Осы көлдің жағалауында Ахмет жұмыс істеген мектеп ғимараты әлі тұр деген мәлімет бар.
1898-1902 жылдары Меңдіқара мектебінде ұстаздық етті. Қосымша Қостанай қаласындағы екі сыныптық орыс-қазақ мектебінде сабақ береді. Осы Меңдіқара мектебі кейіннен педагогикалық училище болып, 1974 жылы Рудный қаласына көшірілді.
1902-1904 жылдың Омбы қаласында іс жүргізуші болып қызмет етеді. 1904 жылдың 21 қыркүйегінде Батыс-Сібір округінің басшысының бұйрығымен Қарқаралыдағы уездік орыс-қазақ мектебіне мұғалім әрі басқарушы болып қызметке ауысты. 1909 жылы А.Байтұрсынұлы саяси көзқарасы үшін Қарқаралыдағы мектепте оқушыларының көзінше тұтқынға алынып, Семейдегі түрмеде 8 ай жатады да, 1910 жылдың 21 ақпанында Орынборға жер аударылады.
Ахмет Байтұрсынұлының осы педагогикалық іс-тәжірибесі нәтижесінде кейіннен қазақ балаларын тиімді оқыту мәселелері бойынша «Оқу құралы», «Тіл құрал», «Тілжұмсар» т.б. еңбектері жарық көрді. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін Ахмет жоғары оқу орындарында, атап айтсақ, Орынборда Қазақ халық ағарту институтында (кейін Қызылордаға көшірілген), 1928-1929 жылдары Алматыда Қазақ педагогикалық институтының профессоры болып ұстаздық етті. Қорыта айтқанда, Ахмет Байтұрсынұлының ұстаздық қызметі сауат ашу әдістемесін ғана емес, ана тілін оқытудың толық жүйесін реттеп берді.
Жанат ҚАЖЫҒАЛИЕВА,
Назарбаев зияткерлік мектептері ДББҰ «Білім беру орталығы» филиалының аға менеджері