Елорданың маңайындағы Аққайың ауылында орналасқан Qazanat ат спорты клубының жанынан бой көтерген ашық аспан астындағы садақ ату орталығы өз жұмысын бастады. Республика бойынша алғашқылардың бірі болып ашылған садақ ату орталығында балалар мен ересектер ұлттық спортымызбен еркін айналыса алады.
Іс-шараның ашылу салтанатына бокстан Лондон Олимпиадасының чемпионы Серік Сәпиев, Ұлттық спорт қауымдастығының атқарушы директоры Рахат Жақсыбай, Қазақстан дәстүрлі садақ ату федерациясының вице-президенті Диас Ахметов және Садақ ату федерациясының өкілдері қатысты.
Жиында сөз алған Диас Ахметов бұл орталық атқа мінуді жақсы көретін адамдар үшін таптырмас мүмкіндік екенін айтады. Сонымен қатар болашақта бұл жерде ат спортын сүйер қауымының қалауымен дәстүрлі садақ ату курстары өтеді дейді.
– Дәстүрімізді жаңғыртып, рухымызды оятып, атқа мініп, садақ атуға машықтанатын орталық бүгіннен бастап өз жұмысын бастады. Бұл жерге келушілерге төлем үшін арнайы кесте шығарылады. Бағасы тұрғындар үшін қолжетімді болады. Орталық аптаның жұма, сенбі және жексенбі күндері халыққа ыңғайлы уақытта жұмыс істейді. Сондай-ақ садақ атуға қатты қызыққан, жиі келуді қалаған адамдарға арнайы кесте жасалады. Барлығын өзіміздің әлеуметтік желідегі парақшаларымызда жариялаймыз. Садақ ату орталығы әзірше тек жаз мезгілінде ғана жұмыс істейді. Алдағы уақытта қыс мезгілінде де жұмыс істеуді көздеп отырмыз. Ол үшін ат қораның ішіндегі манежде арнайы садақ ату аймағын ұйымдастырамыз. Қыста манеждің ішіне нысаналар қойылып, үлкен қашықтықта да садақ ата алатын болады, – деді Диас Ахметов.
Жалпы, дәстүрлі садақ ату спорты Қазақстанда қарқынды дамып келеді. Мамандардың айтуынша, садақ атудың пайдасы өте мол. Ол адамға рух беріп, көздің де көру қабілетін жақсартады. Сонымен қатар адамдарды сабырлы болуға, өзін-өзін тәрбиелеуге, адам бойына сенімділік ұялатуға көмектеседі.