Азия – жаһандық өзгерістердің орталығы
Осымен он екінші рет өтіп отырған Еуразиялық Медиа-форумның ашылу рәсіміне көпшілікке белгілі тележүргізуші және продюсер Риз Хан модераторлық етті. Ол елімізде ұйымдастырылған осындай медиа-форумдарға талай мәрте модераторлық жасаған болатын. Бұл жолы модератор қатысушыларға «қош келдіңіздер!» айта келіп, Форумды қатқыл сұрақтар қойып, мазалай беретін балалық кезден өтіп, енді аса маңызды мәселелерге назар аударуға құлшынған жасөспірімге теңеді. Өйткені, бұл жиын әлемде болып жатқан өткір де өзекті мәселелерге арналып отыр. Алыс-жақын шетелдерден және еліміздің әр өңірінен арнайы келген делегаттар мен меймандар сол мәселелер жөнінде пікір алмасып, өз ойларын ортаға салмақ. Модератор Риз Хан қатысушылардың Астана төрінде өтіп жатқан Форумға белсене қатысуларын өтініш ретінде білдірген соң, сөзді Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары, Еуразиялық Медиа-форумды ұйымдастыру комитетінің төрайымы Дариға Назарбаеваға берді. Астанадағы соңғы кездесуден кейін бір жылдың қалай өте шыққанын байқамай да қалыппыз. Уақыт алға қарай жүйткіп барады. Кейде ХХІ ғасырда жылдар жылдам өтіп жатқан сияқты болып көрінеді. Біз өзгереміз, қоғам да өзгереді. Қай-қайсымыз да өзгереміз. Еуразиялық Медиа-форум осымен он екінші рет өтіп отыр, деп бастады сөзін Дариға Назарбаева. Біздің Форумға шынайы қамқорлығын білдіріп, баршамыздың ортақ күш-жігерімізді жоғары бағалаған Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа терең ризашылығымды білдіруге рұқсат етіңіздер. Форумды ұйымдастыру комитетінің төрайымы, сондай-ақ, жиынға арнайы келген Ньют Гингрич, Эхуд Барак, Владимир Познер сияқты қадірлі меймандарға да ризашылығын білдіре келіп, Форумның бағдарламасы мен онда қозғалатын мәселелерден хабардар етті. ТМД-ның бірқатар елдеріндегі оқиғалардың қайғы мен қасіретке ұласуы, Таяу Шығыста соғыс өртінің сейілмеуі, Азия елдерінде болып жатқан құбылыстар әлемдегі көптеген бақылаушыларға «Post-Cold War Period» деп аталатын кезең аяқталды деуге мүмкіндік береді, деді ол әрі қарай. Мұны қысқаша айтқанда, «қырғи-қабақ соғыстың» аяқталуымен басталған әлемдік тарихи дәуір өзінің мәресіне жетті. Әлемде не болып жатыр? Өткен ғасырдың 80-жылдарының соңында әлемдік саясатта қалыптасқан және жазылған ережелер қызметін тоқтатты. Әрбір ықпалды күштер оларды өз беттерінше түйіндеп, өзгенің мүддесімен есептеспейтін болды. Содан да болар, ғаламшардың әр бөлігінде шиеленістер ошағы жиі көрініс бере бастады, деді шешен. Бұдан кейін Д.Назарбаева Форумның бірінші пленарлық отырысында сөз болатын тақырып жайына тоқталды. Оның айтуынша, жаһандық өзгерістердің саяси және экономикалық орталығы Азияға қарай ойысқан. Сондықтан Медиа-форумның екі тақырыбы – Иранның ядролық бағдарламасы мен Таяу Шығыстағы жағдайларға арналып отыр. Сонымен қатар, шешен Сириядағы ахуалды да атап өтті. Өйткені, бұл елде қақтығыстар толастар емес. Дегенмен, әлемдік қоғамдастық Сирияда бейбітшілік орнайды деген сенімде. Осыдан екі ай бұрын Сочи Олимпиадасы миллиардтан асатын телекөрермені әрі миллиардтаған медиа-бюджетімен үстіміздегі жылдың ең басты гуманитарлық медиа-оқиғасына айналатындай болып көрінген. Бірақ, өкінішке қарай, оның орнын Украинадағы қайғылы оқиғалар мен Қырымдағы жағдай басты, деп жалғастырды сөзін Д.Назарбаева. Сол себепті Форумның екінші жұмыс күні Украина мен осы елдің төңірегіндегі жағдайға қатысты сессиямен басталмақ. Біз жақын досымыз, сауда-экономикалық салалардағы сенімді серіктесіміз Украинадағы ахуалға алаңдаймыз. Бұл елмен сан-салалы байланыстамыз. Еуразиялық Медиа-форумды ұйымдастыру комитетінің төрайымы ертең, жұма күні болатын екінші панельді сессияның тақырыбымен де таныстырып өтті. Ол «Еуразиялық интеграция. Экономикалық «төңкеріс» болуы мүмкін бе?» деп аталады екен. Шешен осыған қатысты негізгі екі мәселені атап өтті. Біріншісі – Кеңес Одағының орнында пайда болған мемлекеттердің экономикалық, әлеуметтік және саяси дамуындағы өтпелі кезең аяқталған. Жасалған талдау осыны көрсетіп отыр. Екіншісі – Еуразия кеңістігіндегі елдердің даму қарқынының әркелкілігі жөнінде мәселе туындайтындығы. Бұл алдағы онжылдықта біздің елдеріміз шешуге тиіс аса маңызды түйткілдердің бірі болып табылады. Форумда талқыланатын соңғы екі тақырып та көкейкесті болмақ. Бұлар елдердің имиджі мен әлеуметтік желілерге арналады. Украинадағы ахуалға қатысты өтірік пен өсектің тасқыны өршіп тұр, деді ол осы жайында. Жалған ақпараттың дені дәл сол әлеуметтік желілер мен блогтар арқылы таралуда. Түркияда YouTube мен Twitter-ге тосқауыл қойылды. Артынша Twitter-ге жол ашылды. Өткір пікірталас әлі толастамай тұр. Ал Ресейде Мемлекеттік Дума танымал блогерлерді БАҚ-қа теңестіретін заң жобасын алғашқы оқылымда қабылдады. Осы мәселеге қатысты қызу талқылау жүріп жатыр. Залда отырған барлығымыз – Еуразиялық Медиа-форумға қатысушылар мен меймандар сөз еркіндігі мен бұқаралық ақпарат құралдарының бостандығын қалтқысыз әрі дәйекті түрде жақтайтындар деп ойлаймын. Біз бұқаралық медианың жауапкершілігін де терең сезінеміз. Өйткені, қоғамның ішіне іріткі салып, бүлдіретін де сол жауапсыздық. Қазіргі замандағы көптеген шиеленіс ошақтарының өрісін кеңейтуі мәмілеге жүгіну жолдарын білмегендіктен немесе оған құлықсыз болудан туындап отыр, деді ол сөзінің соңында. Баррикада мен майданның екі жағындағы адамдар қауесет пен қорқыныштың құшағында өмір сүруде. Бір-бірінен үрейлену сенімсіздікті күшейтіп, өзара өшпенділік пен жиіркенішті туындатады. Бұған тек үнқатысу, сенім және өзара түсіністікті нығайта отырып қана қарсы тұруға болады. Еуразиялық Медиа-форумның уақыт сынынан өткен аса сенімді келіссөздер мен өзара сұхбат алаңы екендігіне күмәніміз жоқ.Әлемдік дағдарыстың сипаты мен салдары
Бұдан кейін XII Еуразиялық Медиа-форум «Жаңа әлемдегі тәртіп. Әлемдік дағдарыстың сипаты мен салдары» деген тақырыпта ұйымдастырылған пленарлық сессия отырысымен жалғасты. Әрине, ХXII ғасырға аяқ басқалы әлемде жаңа – жаһандану үдерістерінің басталып кеткені аян. Нәтижесінде жаһандану дүниені тек экономикалық қана емес, сондай-ақ, саяси, әлеуметтік және мәдени жағынан жаңаша бөлісу тәсіліне жол ашып берді. Ал тұтынушы қоғамның дағдарысы, әлемдік ресурстардың сарқылуы, қайыршылыққа ұшыраған тұрғындардың көбеюі – дамып келе жатқан елдердің одан сайын кедейленіп, бақуатты елдердің әрмен қарай баюына алып келді. Сондықтан, бұл пленарлық сессия отырысында «Кедей мемлекеттердегі азаматтардың наразылығы барған сайын өршіп, ішкі және халықаралық шиеленіске ұласуда. Жетекші елдер арасындағы түсініспеушілік те өршіп барады. Жаңа әлемдік тәртіп қайда апарады?» сынды көптеген сауалдар пікірталас өзегіне айналдырылды. Пленарлық отырысқа журналист, «Бірінші Арнаның» тележүргізушісі Владимир Познер модераторлық етті. Алғашқы болып сөз алған ол: «Біздің көпшілігіміз «қырғи-қабақ соғыс» жылдарында ержетіп, өмір сүрдік. Бұл кезең қауіпті кезең болды. Екі қарсылас тараптарда ядролық қарудың болуы фактісінен әйтеуір қақтығыс орын алған жоқ, сондай-ақ, екі ел бір-біріне шабуыл жасамай, сол кезде бір-бірін тежеу әсері болды. Бүгінде әлемде «қырғи-қабақ соғыс» туралы әңгіме көп айтылуда. Мен өз тарапымнан бұл терминологияны абайлап қолдану қажет дер едім. Кезіндегі «қырғи-қабақ соғыс» идеологиялық күрестің салдары еді. Ал қазіргі таңда көп айтылатын «қырғи-қабақ соғыс» – бұл да идеология. Бірақ бұл мүлдем басқа идеология. Бұрынғы уақытта әлем бір тарапқа немесе екінші бір тарапқа сәйкес икемделетін еді, ал қазір мұндай нәрсе жоқ. Қазір әлемнің көптеген елдері айтатындай, «әркім тек өзі үшін» қағидаты алдыңғы орынға шықты. Қазір бұрынғыдай «біртұтас майдан шептері» жоқ екенін көреміз. Бұл – қауіпті. Украинада, Иракта, Иранда, Сирияда, Солтүстік Кореяда неше түрлі жағдайлардың орын алуынан осыны аңғаруға болады», деді шешен. Оның айтуынша, қазіргі таңда әлем назарын өзіне аударған айрықша өзекті мәселелер бар. Олар – Украинаның оңтүстік-шығысында қалыптасқан жағдай, Киевтің алдағы уақыттағы әрекеті мен қадамы, бұл ретте Ресейдің ұстанымы. Екіншіден, Палестинадағы «Фатх» пен «Хамас» арасында қол жеткізілген келісім мәселесі. Осылай дей келе, В.Познер сөз тізгінін тақырып аясында сөйлеуге келген спикерлерге ұсынды. Жарыссөзді «Ацмаут» партиясының жетекшісі, Израильдің бұрынғы Премьер-министрі Эхуд Барак бастады. «Фатх» пен «Хамас» мәселесіне келер болсам, біздің басым көпшілігіміз үшін бұл мәселе таңданыс тудырды. Себебі, келіссөздердің аяқталуына бір аптадай уақыт қалды. Әрине, «Хамас» бұрын қол жеткізілген келіссөзді мойындағысы келмейді. Сондай-ақ, «Хамастың» кейбір іс-әрекеттері мен ұстанған қағидаттарына қарасақ, олар бейбітшілікті орнатуды емес, соғысты жалғастырғысы келетіндерін аңғарамыз. Мен соңғы баға болмайды деп үміттенемін. Бұл ретте «Хамас» үшін дұрыс тәсіл Израильді мойындау, екіншіден, террорлық іс-әрекеттерден бас тарту, сондай-ақ, Израиль мен Палестина биліктері арасындағы барлық келіссөздерді мойындау болмақ дер едім. Яғни, Вашингтонның ұстанымы осындай болса, олар екі тарап арасындағы келіссөздерді жүргізудің тәсілдерін жалғастыруы керек. Бұл – екі жаққа да тиімді болар еді. Бұл барлық тарап үшін де маңызды. Бұл ретте жағдайды ушықтырмау қажет. Израиль де мықты мемлекет, Палестинаның да ұстанымы өте мықты. Бірақ, соған қарамастан, қандай да өзгеше келіссөз тетігін тауып, дұрыс мемлекеттік шешім қабылдау қажет. Бұл екі жаққа да нұқсан келтірмеу үшін, екі жаққа да қауіп төндірмеуді ойластыру үшін керек, деді Эхуд Барак. Сондай-ақ, ол Иранның ядролық державаға айналуы әлемге қауіп төндіреді деген ойын да жеткізді. Бұдан кейінгі кезекте Үндістан Сыртқы істер министрінің бұрынғы орынбасары Раджив Сикри де Палестина мен Израиль арасындағы текетірес пен қарама-қайшылықты жағдайларға байланысты өз ойын былайша сабақтады. «Әрине, біз Таяу Шығыста орын алған жағдайлардан сабақ алатындай болдық. Сондықтан, қандай да бір кез келген мәселеде келіссөзге келмейтін болса, жағдай ушығып кетуі мүмкін. Ал Иранға келер болсақ, Иран, егер ядролық державаға айналса, Таяу Шығысқа ғана емес, дүниежүзіне де қауіп төндіреді», деді ол. «Әл-Жұмхұрия» саясат пен қауіпсіздікті зерттеу орталығының директоры Самих Сейф Әл Язал: «Египетте біз де «Хамастан» зардап шегіп жүрміз. «Себебі, «Хамас» агрессиялық қадамдарға көп барады. Бірақ, менің ойымша, егер Израильмен салмақты келіссөз жүргізілетін болса, текетірестің белгілі бір дәрежеде алдын алуға және еңсеруге болатын секілді. Менің ойымша, Палестина келіссөз үстеліне отыруы керек. Сол арқылы олар келіссөздің бастапқы кезеңіне келетін болады. Яғни, бұдан шығатын қорытынды мынадай: Израильмен келіссөз жүргізудің бірыңғай формасы болуы керек. ТМД елдері институтының директоры Константин Затулин Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты «кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс» деген тұрғыда ресейлік тараптың біржақты ұстанымда тұрмайтынын алға тартты. «Менің ойымша, бұл текетірес пен қарама-қайшылық кең жайылып кетпеуі керек. Яғни, өңірдің басқа, жаңа елдерін қамтымауы тиіс. Бұл ретте, біз бұл кезеңде Сирияға қарсы әскери операцияның қажет болмағанына, орын алмағанына қуаныштымыз. Біз Иранда, әсіресе, президент ауысқаннан кейін Иран проблемасын талқылауға қатысты өзара түсіністіктің байқала бастағанына қуанамыз. Осыдан 1 жыл бұрын «Сирия – шабуыл объектісіне ғана емес, халықаралық шабуылдың объектісіне айналуы мүмкін екені айтылған еді. Әрине, Сирияда азамат соғысы әлі де жалғасып жатыр. Бұл ешкімді қуанта алмайды», деді К. Затулин өз сөзінде. Пленарлық сессия отырысының тартысты, пікірталасқа толы өткені соншалық, онда Украина мәселесіне қатысты ашық пікірлер айтылып жатты. Мәселен, АҚШ Конгресі Өкілдер палатасының экс-спикері Ньют Гингричтің сөзі осы ауанда өрбіді. «Путин мырза Сочидегі Олимпиаданы сәтті өткізу үшін мол қаржы бөлді. Бұл Ресей Федерациясының беделін биіктетуі керек еді. Бірақ, соңғы уақытта болған жағдайлар бұл беделдің ғұмырының қысқа болғанын айғақтап берді. Ресейдің қаражаты жетерлік, сол себепті оның экономикалық ойынды жалғастыра беруге және өзгенің экономикасына нұқсан келтіруге қауқары жетеді. Алайда, жақын болашақта белгілі бір тепе-теңдік жағдайдың орын алатынына үмітім бар», деді америкалық азамат. НАТО Бас хатшысының орынбасары Алессандро Минуто-Риццоның сөзі де өзгеше шықты. Ол: «Бұрынғы кездегі жағдай мен қазіргі кездегі жағдайды салыстыратын болсақ, қазір адамзаттың адамзатты жойып жіберуге мүмкіндігі жетеді. Егер ядролық соғыс басталатын болса, жер бетінде ешкім де, ештеңе де қалмайды. Міне, бұл мәселенің өзекті болатыны осыдан. Иә, кейбір елде ядролық қару бар. Жалпы, мен кез келген елдің ядролық қаруға ие болмағаны, «сұм қарудан» бас тартқаны үшін қолдан келгеннің бәрін жасар едім. Иран, Солтүстік Корея, мейлі қай ел болсын, ешбір елде ешқашан ядролық қарудың мүлдем болмағанын қалаймын», деді өз сөзінде. Пленарлық отырыс соңында жарыссөзге шыққан спикерлер жаһандық дағдарыстың сипаты мен себебіне, салдарына, оның ішінде Таяу Шығыс, Украина, Иран мәселелеріне қатысты залдан қойылған сұрақтарға жауап берді. Пленарлық отырысты аяқтаған Владимир Познер қорытындысында былай деді: «Өкінішке қарай, көптеген елде БАҚ негативті рөл атқарады. Себебі, көп жағдайда біз біржақты бейнелеу аламыз. Мен көптеген БАҚ-та жұмыс істедім. Оның ішінде америкалық, ағылшындық, француздық, ресейлік бұқаралық ақпарат құралдары да бар. Сол себепті, мен сіздерге былай деп айтар едім. Сіз ешқашан, еш жерде бір мәселеге қатысты толық картинаны ала алмайсыз. Сіз БАҚ ұсынғысы келетін картинаны ғана көре аласыз. Сондықтан, әрбір журналистің міндеті – шамасы келгенше, мейлінше шындыққа сәйкесетін объективті мәлімет беру, тарату. Мәселе тек саясатқа, ақшаға тірелмеуі керек. Демек, халыққа қолдан келгенше шынайы ақпаратты насихаттаған жөн болар еді».Иран мәселесін қаузаған отырыс
Түстен кейінгі Медиа-форумның күн тәртібіне шыққан мәселе – Иранның ядролық бағдарламасы төңірегінде өрбіді. «Соңғы отыз жылдан астам уақыттан бері алғаш рет «алтылық» елдері Иран мәселесін дипломатиялық жолмен шешу жөнінде келісім жасады. Алайда, саяси аренадағы ядролық «ойынға» қатысты бұл мәселеге нүкте қоюға бола ма? Тарихи келісімнің бұзылуы немесе оның орындалмай қалуы мүмкін бе? АҚШ Иранға қарсы қайтадан санкция енгізбей ме? Теһранның жоспарында Вашингтонға қарсы шығу қарастырылған ба?» деген сауалдарға жауап ізделінеді деген мәжіліске модераторлық етуші Euronews телеарнасының Шығыс Еуропа бюросының жетекшісі Серджио Кантоне спикерлерді ортаға шақырды. Жалпы, Ирандағы ядролық мәселе туындауының түбірін іздесек, онда бүгін Иранға қарсы санкция қолданушы, Иран ядролық бағдарламасының басты оппоненті АҚШ алға шығады. Кезінде Иранда билік басында шах Мұхамед Реза Пехлеви отырған тұста АҚШ жоғары деңгейде байытылған уран пайдаланылатын 5 мегаваттық атом зерттеу реакторын қолдан берген болатын. Оған ядролық жанармай ретінде 93 пайыздық байыту деңгейіндегі уран пайдаланылды. Ол дегеніміз, іс жүзінде ядролық қару материалы болып табылатын. Кейінірек, АҚШ осы орталыққа жылына 600 кг-ға дейін плутоний бөліп шығара алатын арнайы «ыстық камераларды» да жіберді. Иранға осы салаға қажетті мамандарды оқытуға көмектесіп, қажетті ядролық жабдықтарды жеткізіп беріп отырған АҚШ, 1979 жылы ислам төңкерісі болып, шах тақтан тайып, билік ауысқанда жүрісінен жаңылды. Енді Иранның ядролық зерттеулер бағытындағы жаңа әріптесінің қатарына Қытай мен Швейцария, Германия, Нидерланд мемлекеттері еніп, ал 1992 жылы Ресей мен арада атомды бейбіт мақсатта пайдалану жөнінде келісім жасалды. Кейіннен Ресей мен Иран арасында Бушер АЭС-інің бірінші блогының құрылысын салуға келісім түзелсе, 1995 жылы АҚШ Иранға қарсы санкция енгізіп, Иранның ядролық бағдарламасының мәселесі бітпес дауға айналып кетті. Қалай болғанда да, Иранның ядролық проблемасы әлем назарында екені аян. Сондықтан да Медиа-форум отырысының біршама уақытының осы тақырыпқа арнайы бағытталуы да осы әлемдік назардан туындап отыр. Мәселе турасында өз пікірін айтқан Ньют Гингрич: «Егер Иран ядролық қару жасау жолын әрі жалғастыра беретін болса, АҚШ Конгресі президентке Иранға қарсы өте қатал санкциялар қабылдауды талап ететіні еш күмән туғызбайды», десе, Иран Сыртқы істер министрінің кеңесшісі Сейед Мұхаммед Казим Саджапур: «Менің сіздерге айтатыным, Иранда атом әскери бағдарламасы болған емес, болмайды да. Бұл – Иранның ядролық бағдарламасы бейбіт мақсатқа пайдалануы мүмкін емес деген ойды миларына бекітіп алған адамдардың сыңаржақ пікірі. Әлемдік БАҚ-тардың Иранға жасап берген жағымсыз бейнесі мен санкциялардың әсерін нақты сезінген Иран ең жоғары дәрежедегі ашықтықты ұсынуда. Ираннан туған қауіпті сейілту үшін МАГАТЭ сарапшыларына есік ашып қойдық» деген жауабына модератор: «Дегенмен, Иран ядролық бағдарламасынан туындайтын қауіпсіздік мәселесі аймақтағы елдерді де ойлантады деп білемін» деп барып, Ньют Гингричтен бұл жайында не айтар едіңіз деп сұраған. Америкалық болса, бұл орайда мен қашанда ирандықтардың ядролық мәселеге қатысты түсіндірмесін тыңдау қиынға түсетінін білемін. Алайда, осы жерге Иран өкілінің бізде ядролық қару жоқ және болмайды деген мәлімдемесін естіген соң егер Иран әскери бағдарламада атомды қолдану мүмкіндігін пайдаланбаймыз және бұл бағытта өте ашықтыққа ұмтыламыз деген уәдесінде тұрса, проблема шешіледі. Сіздің елдің жер астына нысандар жасыруларыңыз, ашықтықтан, мөлдірліктен қашқандарыңыз әлемді Иран атом қаруын жасауда деген ойға әкелді, деген. Мұнан соң сөз кезегі берілген үндістандық Раджив Сикри: «Мен Иранда әлденеше рет болдым. Ирандықтармен кездесу барысында түйгенім, олар өте ақылды адамдар, олар өздерінің өміріне балта шабатын ақымақтар емес. Ирандықтар атом қаруын жұмсау үшін тетікті басып қалады деу өте артық айтқандық болады. Мәселен, мен өз елімді мысал етсем, ирандықтарда да біздердей өздеріне деген құрмет сезімі бар. Олардың Ядролық таратпау жөніндегі келісім бойынша уран байытуға құқығы бар. Иран өздерінің сол құқығын тануды қалайды. Ал біржақты санкцияны қабылдауды күш көрсету деп білемін. Ал күш көрсетілгенде оған қашанда қарсы қимыл өздігінен тумай ма?! Сондықтан мен санкцияға мүлде қарсылығымды жеткізгім келеді», деді. Ресейлік Раджаб Сафаровтың пікірі де үнділік спикермен үндесіп жатты. Америкалықтар санкциялау саясатының соңына түсіп, өз халқының да, өзгенің де мүддесін ескеруден қалып барады деген ресейлік сарапшы әрі қарайғы ойын былайша жалғады. АҚШ Иранға қатысты санкция қабылдағанда оны Иран халқының мүддесі үшін жасадық дейді. Ал мен айтар едім, ирандық топ-менеджерлер бұрын қалай шалқып өмір сүрсе, солай жалғастырып жатыр. Ал әлемдік сауда нарығынан ирандықтарды аластау қарапайым халыққа соққы болып тиюде. Тұйықталған ортада өмір сүріп жатқан халықтың күрмелген тұсаудан адымы ашылмай отыр. Иран-Америка ұлттық кеңесінің президенті (АҚШ) Трита Парси да санкцияға қатысты өз пікірін айтқан. Санкция Иран экономикасына болмаса, ядролық бағдарламаға еш әсерін тигізген жоқ деп айтуға болады. Менің ойымша, бұл жерде санкция емес, дипломатия жұмыс жасауы тиіс. Алайда, Президент Обамаға бұл жерде Конгресс тарапынан санкция қолдану турасында қысым болғанын да айта кетейін, деп Президент Обаманы қорғай сөйледі. Иран өкілі болса, ең маңыздысы, Женевада дипломатиялық қадамның оң бағытты ұстанғаны болуы тиіс. Иран – әлемдік тарихқа жаңадан кірген мемлекет емес, Иран – ежелден келе жатқан әлемдік саясатта өз орны бар мемлекет, иран халқы – әлемдік өркениеттің өз үні бар ойыншысы. Біздегі революция үш ұранды алға шығарды. Оның біріншісі – тәуелсіздік, екіншісі – еркіндік, үшіншісі – Ислам Республикасы. Тәуелсіздік біздің пайымда өте жоғары мәнге ие. Біз ешкімнің артынан ермейміз. Иранды түсіну керек немесе түсінуге тырысу керек, Иран ешбір елді күшпен басу, жою деген түсінікті қабылдамайды. Сондықтан аймақтағы палестиналықтардың тағдырында да осы ұстанымды дұрыс деп қабылдайды. Иран аймақтағы тыныштық пен бейбітшілікке өз үлесін қосады. Иран халқы ынтымақтастықты қалайды, деді. Мұнан кейінгі ой айтқан спикер Сафаров: «Менің Иран-Ресей қатынастарымен айналысқаныма біраз жылдың жүзі болды. Иранға да жолым түсіп тұрады. Иранның бүкіл әлемді алдап, ядролық қару жасап жатыр дегені ақылға сыймайды. Мен бір де бір саясаткерден, бір де бір маманнан сондай бір хабардың ұшығын да естіп көрмеппін. Олардың арасында маған өте жақсы сенім көрсететін жандар бар екеніне иланыңыздар. Ирандағы ядролық қару туралы әңгіменің түп төркінінде басқа саясат жатқанын ұғынуға тиіспіз», деп ойын аяқтады. 2 сағат бойына үзбестен жүргізілген Иран ядролық бағдарламасы жайындағы пікірталас медиакеңістікте жүрген әрбір жанды түрлі ойларға шомылдырды. Қатысушылар сан-саққа жүгірген жүйрік ойдың жетегінде Иран проблемасының оң шешімін табуын күткендей әсер қалдырды.Таяу Шығыс түйіні қайтсе шешіледі?
Медиа-форумның бірінші күнгі соңғы мәжілісінің тақырыбы Таяу Шығыс түйініне арналды. Осы аймақтағы негізгі күштердің арасалмағы қандай? Негізгі ойыншылардың көздеген мақсаты не? Сириядағы шиеленіс ошағы қайда және ондағы отты қалай өшіруге болады? Жергілікті тұрғындар ішкі саяси мәселелерді шешуге шетелдіктердің араласуына қалай қарайды? Міне, осы сияқты сұрақтар ортаға тасталған еді. Мәжіліске «Russia Today» телеарнасының жүргізушісі Оксана Бойко модераторлық етті. Ол мәжілісті ағылшын тілінде жүргізіп отырды. Ол алғашқы сөз кезегін Эхуд Баракқа беріп, Таяу Шығыстағы кикілжіңнің негізгі ошағы израильдіктер мен палестиналықтар арасындағы тартыс дегенге өз көзқарасыңыз қандай деп сұрады. Мен Таяу Шығыстағы дағдарыстың негізгі көзі Израиль мен Палестина арасындағы тартыс деп санамаймын, деп бастады өзінің сөзін Э.Барак. Бұл тек біздің проблемамыздың бір ұшығы ғана. Әрине, оны да шешу керек. Сондай-ақ, мен осындағы Ресей мен Сирия проблемасының да шешілгенін қалар едім. Мен Премьер-министр болып тұрған кезімде Сириямен келіссөздер жүргізіп, екі елдің арасында бейбіт қатынас орнатуға талай рет тырыстым. Өкінішке қарай, біздің ұсынысымыздан ешқандай нәтиже шықпады. Таяу Шығыстың өз ерекшеліктері бар, ол Батыс Еуропаға да, Солтүстік Америкаға да мүлде ұқсамайды. Мұнда әлсізге деген жанашырлық жоқ. Осындай мәселелерді ашық айтып, біз бейбіт келісімге келуге дайындалуымыз керек. Осыдан кейін модератор сөзді ұлыбританиялық саясаттанушы, журналист Харви Морриске берді. Сіз – осы аймақты барынша көп жазған адамсыз. Әсіресе, соңғы үш жылда Сирияда болған кикілжіңдерді көп көрсеттіңіз. Сіздің осы аймақ туралы пікіріңіз қандай? –деді оған модератор. Египет, Сирия, Ливияда болып жатқан кикілжіңдерді батыстық БАҚ-та демократиялық өзгерістерге деген ұмтылыс деп бағалайтын үрдіс бар. Бұл ойдың дұрыс жағы да бар, сонымен бірге, шындыққа мүлде жанаспайтын жағы да бар. Мен өзім «араб көктемі» демократиялық өзгерістерге әкелетін шығар деген үмітте болған едім. Бірақ үмітім толығымен ақталған жоқ. Бірақ бәрібір, демократиялық өзгерістер бұл елдерге жететінінен үміттімін. Тек әзірге оған ерте сияқты. Алайда, төңкерістердің түбі бәрібір дұрыс нәтижеге қол жеткізеді деп ойлаймын, деді ол. Оның ойын түркиялық журналист Саваш Генч жалғастырды. Мен аймақтағы бірде-бір ойыншы «араб көктемінің» келетініне дайын болған жоқ деп ойлаймын, деп бастады ол өзінің сөзін. Бұл төңкерістерге қатысты қоғамда демократиялық өзгерістер әкеледі деген емес, қай топ жеңер екен, қай топты қайсысы қолдар екен деген сияқты догматикалық көзқарастар ғана болды. Енді Сирияға қатысты айтар болсам, мұндағы оқиғалар да қалыпты қисынға келмейтінін ескеру керек. Мәселен, Сирия оқиғасы басталғанда барлық батыстық көзқарастағылар Башар Асадтың екі немесе үш аптаға ғана шыдайтынын айтып, болжамдар жасап, шулаған еді ғой. Ал ондағы кикілжің үш жылға айналып барады. Кикілжің басталғанда Сирия қоғамындағы Асадты қолдаушылар үлесі 30 пайыздың төңірегінде ғана болған. Әрине, Асадты Иран, Ресей, артынан Қытай да қолдайтынын көріп отырмыз. Тіпті, Израильдегі консерваторлық көзқарастағылар да Асадты қолдайды. Қазір оның позициясы әлдеқайда күшейген. Сондықтан «араб көктемінің» қандай боларын алдын ала ешкім де дұрыс болжай алмады деп нық сеніммен айта аламын. Журналистер арасында Таяу Шығыс проблемаларын демократиялық үдерістер тұрғысынан ғана бағалауға тырысушылық бар, осының өзі, меніңше, қате көзқарас. Осы арада талқыланып жатқан мәселеге Ресейдің бірінші арнасының жүргізушісі, белгілі саясаткер Максим Шевченко араласты. Таяу Шығыс өте үлкен, трагедиялық шахмат тақтасы деп айтар едім, деп бастады ол өз сөзін. Онда ХХ және ХХІ ғасырлардағы ұлы державалар ойнайды. Ойын тасы халықтардың тағдыры. Әсіресе, еврей мен палестина халықтарының тағдыры ойыншыққа айналған. Қорыта айтар болсам, Таяу Шығыс – әлемдік тәртіптің қылмыскерлігі мен аярлығының айқын көрінетін жері. Державалар түрлі топтарға ақша төлеп, өздерінің қылмыстық жолдарын жабады. Мен Башар Асадпен бірнеше рет кездескен адаммын. Офтальмолог мамандығын меңгерген ол өзін бір уақытта «қанішер тиран» деп атайды деп ойламағаны хақ. Сирияның өзін алар болсақ, бұл ел таяушығыстық түсінікпен қарағанда, біршама еркін, бостандық сүйгіш ел болған. Әрине, онда батыстық түсініктегі еркін БАҚ жоқ, алайда онда дін еркіндігі бар. Кімнің қандай дінде, қандай ағымда болғысы келсе де онда еркіндік болды. Мен Ресейдегі діни экстремистердің бәрі дерлік Сирияда оқығанын білемін. Бұл елдің тағы бір ерекшелігі, кезінде ол өзінің аумағына 1,5 млн. болатын ирактық, 600 мың палестиндік, 1 миллионға жуық ливандық босқындарды қабылдады. Сирияның иығына түскен адами, қоғамдық ауыр жүктеме бірде-бір таяушығыстық елге түскен емес. Ал Сирияны жоюға, нақты айтқанда, Башар Асадты тақтан тайдыруға бағытталған соғысты мен отарлық басқыншылықтың жалғасы деп бағалаймын. Әрине, мұнда бұрынғыдай британиялық әскердің қызыл формасын кигендер емес, көзге көрінбейтін ақшалар белсенді әрекет етуде. Ақша беру арқылы державалар Таяу Шығыс елдерін бір-біріне айдап салуда. Сондықтан біз Таяу Шығыстың бостандыққа жетуін талап етуіміз керек деп санаймын. Ешкім сырттан араласпаса, мұндағы халықтар, соның ішінде еврейлер мен палестиналықтар өзара ортақ тіл табады. Осы арада әңгімеге тағы да Эхуд Барак араласты. Жүргізуші О.Бойко оның Сириямен ортақ тіл тапқысы келген ұмтылыстарын еске алып, осы тақырыпты жалғастыруын өтінеді. Мен өзімнің сөзімді алдымен ресейлік әріптесімнің пікірімен келіспейтіндігімнен бастағым келеді, деді Э.Барак. Сіз Таяу Шығыстың кикілжіңдер орталығы ретіндегі рөлін асыра көрсетіп отырсыз. Сіз айтқан шахмат тақтасы кеше мен бүгін пайда болған жоқ, ол – тарихтың терең қойнауынан жалғасып келе жатқан тартыстың көрінісі. Мұнда мемлекеттердің қуаты бір адамның тағдырына байланып қалғаны кеңінен орын алған. Мәселен, Х.Мүбәрак әлсіреген еді, Мысырда төңкеріс болды. Сол сияқты «Әл-Каиданы» мұнда ешқандай державалар жасаған жоқ, ол – осы жердің өз өнімі. Мүмкін, сіз айтқан үлкен ойыншылардың мүдделер қақтығысы осы жерде алғаш дәнін сепкен шығар-ақ, бірақ оны ешкім де жоспарлаған жоқ. Сондықтан бұл жерден сырттан таңылған қандай да бір жасанды қаскүнемдікті іздеудің қажеті жоқ, деді Израильдің бұрынғы Премьері. Одан кейін спикер жүргізушінің сұрағына ойысып, Б.Асадпен екі арадағы келіссөздердің неге нәтижелі болмағанына тоқталды. Мен Асадты келіссөздер жасауда өте қиын оппонент болғанын атап өткім келеді, дей келіп, одан әрі Башар Асадтың жеке басына қатысты жайттарға тоқталды. Соның ішінде оның таза, демократиялық сайлауда жеңіске жетпегенін, билікті әкесінен мұраға алғанын айтты. Сонымен бірге, бүгінгі соғысқа байланысты оның басына бірқатар сындар айтты. Осы бағытта тым ұзақ сөйлеген Э.Баракты басқаларға уақыттың өлшеулі екенін ескертіп отыратын жүргізуші тоқтатпай, көп уақыт бергенін айта кету керек. Ол сөзін аяқтағанда М.Шевченко оған реплика жасап, өзі ешқандай «Әл-Каида» емес, экономика мен мемлекетаралық қатынастарға байланысты ойларын жеткізгенін атап өтті. Күшті державалар бұл жерге араласуын ешқандай тарихи түбірлермен байланыстырудың қажеті жоқ, мұнда тек таза экономикалық, геосаяси мүдде ғана бар, деді ол. Бір қызығы, осы мәжіліске спикер ретінде шақырылған сириялық «Әл Арабия» телеарнасының журналисі Басил Хаж Жасим пікірталасқа қатысудан бас тартып, мінберге көтерілген жоқ. Тек өзінің ойын залдан айтты. Өкінішке қарай, оның сөздері анық естілмеді. Оның көзқарасының ұзын-ырғасы Эхуд Барактың ойларын терістеуге бағытталды. Бүгін Медиа-форум жұмысын одан әрі жалғастырады. «Егемен Қазақстанның» тілшілер тобы.ФОРУМҒА ҚАТЫСУШЫЛАР НЕ ДЕЙДІ?
Саваш ГЕНЧ, Түркияның «Тудэй заман» газеті бас редакторының орынбасары: – Еуразиялық Медиа-форумның пленарлық отырысы барысында Түркия билігінің «Youtube» және «Twitter» сайттарының жабылып, біраз уақыттан соң қайта ашылғаны жөнінде де сөз болды. Бұл әлеуметтік желілердің Түркия аумағында жабылуының өзіндік себептері бар. Ал «Twitter»-дің қайта ашылуына келетін болсақ, біздің елімізде тәуелсіз соттар қызмет етеді. Елдің Жоғарғы соты аталған сайттың жабылуын адам құқығына қарсы деп тауып, оның қызметін жалғастыруына рұқсат етті. Кез келген мемлекетте сөз бостандығына заң бойынша шектеу қойылмаған. Бірақ, көпшілік елдерде бұл мәселе толық жүзеге асырылмайды. Себебі, журналистер билікке қарсы мақала жазып, телехабарлар ұйымдастырудан тартынады, тәуекел ете алмайды. Жұмыстан, қызметтен айырылып қаламын ба, деп сескенеді. Ал Астанада өтіп жатқан Медиа-форумда біреуге ұнайтын, біреуге ұнамайтын пікірлер айтылуда. Әсіресе, Украинадағы саяси тұрақсыздыққа, Қырымның Ресей құрамына кіруіне, Таяу Шығыстағы проблемаларға көбірек назар аударылып отыр. Ол дұрыс та шығар. Өйткені, өзекті проблемалар осындай ашық алаңда сөз болғаны жөн. Александр АВАЗАШВИЛИ, швейцариялық «CIS+» компаниясының өкілі: – Біздің компания бірқатар жылдардан бері осы жиынға қолдау көрсетіп келеді. Форум әлемдегі өзекті мәселелерді журналистер арасында талқылайтын ашық алаң ғана емес. Оған белгілі саясаткерлер де, ғылым қайраткерлері де, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері де қатысып, өзінің ой-пікірін білдіруге мүмкіндігі бар. Түске дейін өткен бірінші панельдік отырыста қазіргі кезде Украинада, Таяу Шығыстағы бірқатар елдерде болып жатқан жағдайлар талқыланды. Мұндай жиындар бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің бір-бірімен еркін отырып, пікір алмасуларына таптырмайтын орын болып табылады. Оны Азия мен Еуропаны жалғастыратын көпір десе де болады. Көп жылдардан бері Медиа-форум Астанада тұрақты өтіп келеді. Бұған қызығушылар қатары да көбейе түсуде. Міне, бұл Қазақстанның халықаралық деңгейдегі беделін өсіре түседі. Себебі, бүгінде БАҚ-тың жөні де, рөлі де ерекше бөлек болып тұр. Заза МЕЗВРАШВИЛИ, тәуелсіз журналист (Грузия): – XII Еуразиялық Медиа-форумның жұмысына, жалпы алғанда, көңіліміз толатын түрі бар. Бұл орайда, форумның ұйымдастырушыларына алғысымды білдіремін. Себебі, Астана қаласында ұйымдастырылған үлкен ауқымдағы мұндай үнқатысу алаңы көп елге үлгі болады деп ойлаймын. Әрине, көптеген тақырыптар көтерілді, қарама-қайшылыққа толы мәселелер айтылды. Мәселен, жаһандық дағдарыс, Иран және Израиль қарым-қатынасы, Украинада қалыптасқан жағдайлар, Таяу Шығыс төңірегінде біраз мәселенің басы қайырылды. Мұндай жан-жақты талқылаудың негізінде түйткілді дүниелердің түйінін тарқату, мәселеге біржақты қарамау жатыр. Демек, бұл форумның Орталық Азия өңірі үшін де маңызы зор. Себебі, форумның өзегінде, түп негізінде 3-ші дүниежүзілік соғысты болдырмау жатыр. Осының өзі біраз жәйтті аңғартады. Форум аясында көп мемлекетте бұқаралық ақпарат құралдарының негативті рөл атқаратыны, бізге біржақты картиналар көрсетілетіні айтылды. Сондықтан, расында да әрбір журналист шындыққа сәйкес келетін объективті мәлімет таратуға айрықша жауапкершілікпен қарағаны жөн. Константин ЗАТУЛИН, Ресейдегі ТМД елдері институтының директоры: – Әлемдік бұқаралық ақпарат құралдарында «қырғи-қабақ соғыс» қайта оралуы мүмкін деген пікірлер айтыла бастады. Әсіресе, соңғы кезде. Осыған байланысты түрлі көзқарастар көрініс беретіні жасырын емес. Ресей «қырғи-қабақ соғысқа» ұмтылмайды. Біз әлемде өзара түсіністік қалыптасуын қалаймыз. Батыс Ресейді Канада мен Мексиканы АҚШ-қа қарсы қоюға әрекеттенуде деп ойлайды. Мұндай пікірдегілер қателеседі. Американың әскери кемелері Қара теңізге ешқашан келіп көрген емес. Қазір олардың кемелері Қара теңізде көріне бастады. Егер біздер бір-бірімізді сөз жүзінде емес, нақты іс жүзінде құрметтей білсек, «қырғи-қабақ соғысқа» жол берілмейді. –––––––––––––––– Суреттерді түсірген Ерлан Омаров.