• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
25 Сәуір, 2014

Қазаншұңқыр жабылды, қорқыныш сейілді

604 рет
көрсетілді

Риддер қаласында жерасты шахтасының үстіңгі қабаты опырылып, алып қазаншұңқырға сірің­кенің қорабындай аунап түскен үй тұрғындарды үрейлендіргені белгілі. Қазіргі таңда қала жұрт­шылығы, әсіресе, апат болған аумақтың отбасылары көңілдерін билеген қорқыныштан біртіндеп сейіле бастады. Мұны Риддерге барған сапарымызда аңдадық. Оқиға орын алғаннан бергі екі аптадан астам уақытта бірқатар кешенді жұмыстар атқарылды. Бүгінде алып қазаншұңқырдың ернеуі толық толтырылған. Қыртысты бекіту үшін оған бетон құйылған екен. Жер астында 5 көлбеу тірек жүйесі орнатылыпты. Бүгінде алтыншысы жасалып жатыр. Салмақ жағдайын тексеру бағытында қосымша бақылауға арналған бұрғылау жұмыстары жүргізілуде. Осы уақытқа дейін 629 метр аумақ бұрғыланған. Бұл жұмыс та жалғасын табуда. Ауданда жердің беткі қабатының жағдайына мониторинг жасауға арналған екі бақылау стансасы орнатылды. Кеніштің иесі саналатын «Қазцинк» ЖШС мен қала әкім­дігі арасында меморандум қабылданды. Осы құжатқа сәйкес кәсіпорын апат аумағындағы үйлер орналасқан Алқап көшесін жарықтандыру, жол салу және көріктендіру жұмыстарын жүр­гізуге уәде берді. Қазірдің өзінде Өзен көшесі бойына қиыршық тас­тан жол төселсе, Алқап көшесінің бойымен «Речной» дүкеніне дейін 19 көше шамы қойылған. Ал жабылған қазаншұңқыр аумағының үстінде балаларға арналған ойын немесе спорт алаңын салу жоспарланып отыр. Мұны түпкілікті шешуді компания тұрғындардың өз таңдауына қалдырыпты. Компания жетекшілерінің айтуынша, үйінен айырылып, апаттан зардап шеккен отбасына екі үй беріледі. Олар пәтерге қажетті жиһазға өздері таңдау жасады. Қазір толтырылған қазаншұңқыр маңайында орналасқан ғима­раттарға қауіп төніп тұрған жоқ. Арнайы құрылған комиссия тех­никалық тексеру жұмыстарын жалғастырып жатыр. – Аумақты толығымен қауіпсіз деп тану үшін білікті геология мамандары жұмыс істеуде. Қауіпті аумақ орнында төтенше жағдайлар департаментінің мамандары бар топ құрылған. Сондай-ақ, Риддер қаласы әкімдігімен келісе отырып, тәуелсіз консалтинг компаниясымен аумақтағы үйлерді бағалау жүргізіліп жатыр. Консалтинг фирмасы әр үйге қандай деңгейде зақым келгенін анықтап, өздерінің техникалық сипаттамасын береді, – деді «Қазцинк» ЖШС вице-президенті Андрей Лазарев. Компания өкілдері оқиға орын алған күннен бері тұрғындардың бастамашыл тобымен күн сайын кездесіп, сарапшылармен тығыз жұмыс жүргізгендерін жеткізді. Олардың айтуларынша, 16 учаскенің ішінде қауіпті аумаққа 11 үй мен 1 дүкен жатқызылған. Ал қалған 4 учас­кеде тұрғын үй жоқ. Бүгінде қауіпсіз жерге көшірілген тұрғындар өз үйлеріне оралып жатыр. «Қазцинк» про­филакторийінде өз үйіне оралуға жүрексініп отырған 5 отбасы қа­лыпты. Олардың денсаулығы мен тамақтануы және тағы басқа тұрмыстық мәселелерімен компания мамандары шұғылдануда. Тұрғындар кәсіпорын тарапынан 6 млн. 900 мың теңге көлемінде өтемақы алды. – Зардап шекккен тұрғын­дардың талап-тілегімен арнайы комиссия мұқият танысып, барлығын ескеруі тиіс, – деді апат салдарын жою жұмыстарымен танысу барысында өңір басшысы Бердібек Сапарбаев. Облыс әкімі арнайы комис­сия құрамында міндетті түрде жергілікті зардап шеккен тұр­ғындардың өкілдері болуы керек­тігін, аталған аумаққа қатыс­ты арнайы бағдарлама дайындалатынын, жергілікті тұрғындарға қажетті инфрақұрылым мәселелері шешілетінін атап өтті. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». Шығыс Қазақстан облысы, Риддер қаласы.