• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
Театр 21 Маусым, 2022

Өңір театрларының өзіндік өрнектері

530 рет
көрсетілді

Әдетте, көрермен үлкен қалалардағы театр шығармашылығымен етене таныс. Ал өңірлердегі театрлардың тыныс-тіршілігі жергілікті халыққа ғана мәлім. Қара­-ша­ңыраққа айналған театрлар ғана емес, еліміздің өнер кеңістігіндегі өңірлік театр­лар да жыл сайын репертуарын толықтырып отырады. Осы орайда өңірлердегі өнер ұжымдарының биылғы шығармашылық жаңалықтарына шолу жасап көрдік.

Өткен жылы өңірлік театрлар қата­рына қосылған Түркістан музыкалық драма теа­тры репертуарындағы бес қойы­лымның екеуі осы жылдың премьерасы. Жазушы-драматург Ермек Аманшаевтың «Қорқыт туралы аңыз» қойылымын ресейлік балетмейстер, теат­р режиссері К.Семенов ма­мыр айында сахналаса, қазан айында У.Шек­спир, М.Әуезов, И.Гете туынды­лары тоғысқан «Триптих: «Гамлет», «Қара­гөз», «Фауст» спектаклінің тұсауы кесіл­мек. Туын­дының режиссері – Әлібек Өмір­бекұлы. Ал шығармаларды сахна тіліне икемдеген – Мирас Әбіл. Режиссер бұған дейін Ж.Шанин атындағы Шымкент қала­лық академиялық қазақ драма театрын­да Qora Z, Қ.Қуанышбаев театрында «Дон Кихот» қойылымдарын ұсынған болатын. Сол спектакльдердегі қолтаңбаны тани алған болсақ, бұл триптихта да режиссер сюжетті емес идеяны тарқататыны анық.

Бір қойылымда ұшырасатын үш шы­ғармаға да адамзаттың ғасырлық мұңын арқалап, ақиқат үшін күрескендердің тағдыры, махаббат машақатын тартқан­дардың мұңлы хикаясы арқау болған. Режиссер әрбір шығармамен жеке жұмыс істеу барысында осы ортақтықты ескеріп триптих етуді жөн көрген. Оның айтуынша, бір оқиғаны әртүрлі автордың ойы­мен беріп, жан-жақты көрсету тиімді шешім. «М.Әуезовті Шекспир, Гетемен байланыстырған себебім, «Қарагөз» жо­ғары деңгейдегі туынды. Дегенмен әлемде оны көп ешкім біле бермейді. Сон­дықтан жазушының еңбектерін сахналап, әлемдік деңгейдегі спектакльдермен қатар тұратындай етіп, биікке шығарғым келеді. Жалпы, «Қарагөз» бұған дейін еліміздің театрларында сахналанған. Бірақ менің режиссерлік шешімімде ол мүлде басқаша көрініс табады. Бұл жолы Гамлетпен бас­тап Қарагөзге өтіп, Фаустпен аяқтап, үшеуін бір сахнада көрсетемін», дейді ол.

Режиссер осы қойылымға көп дайын­далған. Бас-аяғы бір жыл жеті ай уақыт жұмсапты. Спектакльдің сәтті болуы, ак­терлердің жақсы ойнап шығуы тікелей режиссерге байланысты деп есептейтінін айтты. «Ал актерлерді таңдауға келгенде қатып калған қағидаларым жоқ. Ең бастысы, табиғатынан әртістік қабілеті болуы керек. Сахнада сол кейіпкер болып өмір сүруі, өзінің не айтып тұрғанын түсінуі шарт. Тәжірибе маңызды болға­нымен, кейде ол да кедергі емес. Түркіс­т­а­н театрының труппасы жастардан құ­рал­­ғандықтан, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шым­­­­кент қалаларындағы әртістерді ша­­қыр­­­дым. Кейбірі бұған дейін менің қойы­­лым­дарымда ойнаған», деді Әлібек Өмір­бекұлы.

Өзіне ғана тән өзгеше қолтаңбасын танытып үлгерген режиссердің үшінші туындысы көрерменге күзде жол тартады.

* * *

І.Омаров атындағы Қостанай қазақ драма театры кезекті маусымын Өтен Ахметтің шығармасы желісімен Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған режиссер Қуандық Қасымовтың «Алаштың Ахметі» премьерасымен жапты. Қойылымда А.Байтұрсынұлының өмір жолындағы қилы кезеңдері көрсетіледі. Ұлт үшін еткен еңбегін баяндайды. Отаршыл саясаттың құрбанына айналып, тартқан тауқыметін, көрген азабын көрерменге жеткізеді. Сондай-ақ бар ауырт­палықты бірге көтеріскен аяулы жары Бәдрисафаның қайсар болмысы мен жарқын бейнесін аша түскен. Ахмет Байтұрсынұлы екеуінің арасындағы кіршіксіз махаббатты, бір-біріне деген ықылас-құрметті тамаша бейнелейді.

Режиссер Қуандық Қасымовтың айтуынша, бұл шығарма театрдың көркемдік жетекшісі Батырбек Шамбетовтің ұсы­нысымен сахналанған. Қойылымға жазушы, журналист, аудармашы Өтен Ахметтің «Қуғын» пьесасы таңдалған. Шығармада Ахмет пен Бәдрисафаның арасындағы байланыс, сол кезеңдегі талас-тартыс, уақыт тынысы дөп жазылған. Осы қойылымда Ахмет Байтұрсынұлының сол жылдары шығарған «Аққұм», «Екі-ай жирен» әндері орындалады.

«Оқиғада Бәдрисафаның да қуғынға түскен жылдарын да қамтыдық. Ал осы спектакльдегі ең бір табысты кейіпкер – Атсыз. Ол Ахмет Байтұрсынұлының тағ­дырына әсер еткен қара ниетті адам. Жиынтық образ, яғни патша заманындағы, кеңес кезеңіндегі жүйе», дейді режиссер.

Ал премьераға екі уақыт дайындық жүргізілген. Спектакльде басты рөлдерді, Ахмет Байтұрсынұлын – Азамат Чу­кеев, Александра (жас кезі) – Ақбота Ықы­ласова, Диана Тұрсынова, Бәдрисафа (қар­тайған кезі) – Зәмзәгүл Бегайдарова, Атсыз – Жәнібек Иман, Ерхан Барақов сом­дап шыққан.

«Ахмет Байтұрсынұлының ағарту жұмыстары ғана емес, адами тұрғыдан оның бүкіл жан дүниесін сезініп жеткі­зуге ты­рыстық. Әсіресе оның жан-жары­мен қа­рым-қатынасы, өзге ұлт өкілі­нің ғашық болып, өмір бойы құрмет­теп «төрем» деп өткені Ахмет атамыз­дың үлкен жеңісі ғой деп ойлаймын. Өйт­кені ұлтының тағдырын ойлай жүріп, өзінің жан дүниесіндегі сезімімен қиын­шылықтардың бәріне қарсы тұра алған. Біз оның күрескерлігін ғана емес осын­дай қиын кезеңдегі шығармашылық әлемін, әрбір ән, өлең қалай туып жатты соны қо­са көрсетуіміз керек», деді Қуандық Қасымов.

Бұл туынды 31 мамыр саяси қуғын-сүр­гін құрбандарын еске алу күні сахнала­нып, көрерменнің ыстық ықыласына бө­ленді.

Жалпы, осы маусымда өнер ұжымы төрт спектакльдің тұсауын кескен. Атап өтсек, Б.Шашбековтің «Темір қатын» комедиясы, С.Ваннустың «Сұлтанның аты – Сұлтан» комедиясы (айта кетейік, аталған қойылым Қырғызстан Республикасының «ЭРГҮҮ» ұлттық театр сыйлығының «Ең үздік шетелдік қойылым» номинациясын иелен­ген), А.Тасымбековтің «А.Л.Ж.И.Р» реквиемі, Ө.Ахметтің «Алаштың Ахметі» элегиясы.

* * *

Шығыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры жыл басынан бері үш премьера өткізді. Ал жалпы биылғы театр мау­сымында репертуарына 8 жаңа қойылым қосылған: алтауы – қазақ тілінде, екеуі – орыс тілінде. Айта кетейік, шығыс теа­тры үш ұжымның басын қосып отыр (қазақ, жастар және орыс театры). Осы маусымда режиссер Дос Құбаш Рақымжан Отарбайдың шығармасы желісімен «Айна ғұмыр» қойылымын сахналады. Сондай-ақ Тұңғышбай Жаманқұлов Қалихан Ысқақ пен Шахимарден Құсайыновтың  «Қазақтар» тарихи драмасын қойған. Драмада Қасым ханның қазақ іргесін нығайтып, елдігін сақтауға талпынған күрескерлік жолы көрсетіледі. Одан бөлек режиссер Тұрсынбек Түзбаев «Ер Төстік» халық ертегісін сахналады.

Ал орыс театрында Роман Степен­скийдің режиссерлігімен Чеховтың әңгі­мелері желісімен «От Антоши Чехонте до Чехова» комедиясы мен «Баба-Яга, кот и Новый год» ертегісі қойылса, жастар труппасы кішкентай көрермендерге «Мұзды өлке» ертегісін ұсынған. Биыл ұжым кеңейіп, қуыршақ театры қосылғанын да айта кетейік. Қуыршақ труппасы Элина Быстрицкаяның «Кішкентай бақаның үлкен оқиғасы» атты қуыршақ ертегісімен ашылған. Оның режиссері – қуыршақ жасау шебері, актер Сырым Маратбек.

ШҚО қазақ драма театрының баспасөз хатшысы Еркежан Айтқазықызының айтуынша, биыл көрерменнің назарын ерекше аудартқан «Алжир» психологиялық драмасы болыпты. «Туындының авторы әрі режиссері – Абай Дәулетұлы. Қазірге дейін спектакльді 6 рет сахналап үлгердік. Көрерменнің сұрауы бойынша жақында жетінші рет қоймақпыз», дейді ол.

* * *

Ш.Құсайынов атындағы Көкшетау облыстық қазақ музыкалық драма театры­ның ХХV маусымында жеті премьера сахналанған. Оның төртеуі ересек­терге арналса, үшеуі балаларға, жас­өспі­рімдерге арналды. Жыл басында арнайы шақырылған режиссер Оразхан Кене­баев М.Әуезов театрында сахналанып жүрген Медеу Сәрсекенің бір отбасына тосыннан келген тағдыр сынағы арқылы бүгінгі қоғамның бет-бейнесін көрсететін «Тендерге түскен келіншек» драмасын қойған. Қалған спектакльдер – театр режиссері Аян Әлімбаев пен Тасқын Мажитовтің туындылары.

Ш.Құсайынов атындағы Көкшетау облыстық қазақ музыкалық драма театры әдебиет бөлімінің басшысы Манар­бек Қыдырбайұлының айтуынша, көрер­менге көбіне музыкалық, концерттік коме­дия­лық қойылымдар ұнайды. «Об­лыс­­тық театрдың көрермендері дра­маға аса қызығушылықпен келе бер­мейді. Ме­ніңше, көрерменге түсінікті, қара­пайым туындылар жақын болады. Алай­да

би­ыл­ғы қойылымдардың ішінде Тас­қын Мә­жи­товтің Б.Абдураззақовтың шығар­масы желі­сімен сахналанған «Алло, мама» дра­­­масы көптің көңілінен шықты», дейді ол.

* * *

Ал Жамбыл облыстық А.Тоқпанов театрында жыл басынан бері екі премьера ұсынылды. Драматург Сұлтанбек Құдайбергеннің шығармасы желісімен режиссер Гүлсина Миргалиева «Періште қонған үй» драмасын сахналады. Драма оқиғасы арқылы дүниеге сәби әкелу, өз отбасына нәресте сыйлау жүгі қай анаға болса да жеңіл емес екенін ұғындыру. Жас қыздарды шалыс қадам басып, қателікке ұрынудан сақтау.

Ал драматург Қолғанат Мұраттың шығармасы желісімен қойылған режиссер Фархадбек Қанафиннің «Мұғалім» спек­таклінің мақсаты жас ұрпақты жан-жақ­ты білімді де тәрбиелі етіп өсірудегі мек­теп пен отбасының, мұғалімдер мен ата-ананың атқарар жұмыстары туралы ба­ғыт-бағдар беру, ой салу. Бүгінде заман ағымына ілескен жасөспірімдердің ойлау жүйесі мен дүниетанымы ерек бол­ғанымен, оларды біз өз деңгейінде түсіне алып жүрміз бе? «Ұяда не көрсең, ұш­қанда соны ілесің» демекші, өз бала­мызға қаншалықты лайықты тәрбие беріп, қаншалықты көңіл бөліп жүрміз деген сұрақтар көтеріледі.

А.Тоқпанов атындағы Жамбыл об­лыстық драма театрының директоры Мәлік Ақүрпековтің айтуынша, екі қойылым да көрермен тарапынан оң қабылд­анған. «Бұл қойылымдар қазіргі уақыттағы өзекті мәселелерді қозғайды. Бұл спектакльдердің премьерасы аншлагпен өтті. Осы уақытқа дейін бірнеше рет репертуарға ілініп, көрерменге көрсетіліп келеді», дейді ол.

* * *

Ал Ж.Шанин атындағы Шымкент қала­лық қазақ драма театрында Х.Хур­сан­довтың шығармасы желісімен режиссер Б.Құрманғожаевтың ата-ана қадірін тірісінде білу керек деген ойды жеткізетін «Өлдік те, құрметті болдық» комедиясы мен Ж.Ануй, Х.Мюллер шығармалары желісімен (аударған Ө.Ахмет) режиссер Қуандық Қасымов сахналаған «Ме­дея»/«Филоктет» трагедиясының премьерасы өтсе, Т.Ахтанов атындағы Ақтө­бе облыстық драма театрында режиссер Д.Базарқұлов, А.Шарипов Алтын Орданың 750 жылдығына орай Едіге батыр­дың ерлігін дәріптеген Светқали Нұр­жанның «Ер Едіге» этнофольклорлық тарихи драмасын қойған. Спектакльде қайсар қолбасшының Әмір Темірмен байланысы, Тоқтамыс ханмен болған шиеленіс жағдайлары көрсетіледі. Режис­сер Мейрам Хабибуллин Уильям Шекс­пирдің «Ричард ІІІ» трагедиясын, режиссер Жеңіс Қалқабеков «Эй, кто-нибудь!» за­манауи трагедиясын көрерменге ұсынған.

* * *

М.Өтемісов атындағы Атырау об­лыс­­тық академиялық қазақ драма театрын­­да режиссер Мұқанғали Тома­нов Ш.Айт­матовтың жүрек сыры ән құ­ді­­ретімен жете­тін махаббат хикасы тура­лы «Жә­мила», Әлия Дәулетбаеваның шы­­ғармасы желісімен Халық қаһарманы Хиуаз Дос­панованың 100 жылдығына орай батыр қыздың ерлігі жайында деректі драма «Хиуаз» (сценарийін жазған Темірбек Мұхтаров) және Махамбеттің өрлігін де, ерлігін де көрсететін «Қош бол, Қара­ой!» қойылымының, Ж.Телтаевтың ре­жис­сер­лігімен қойылған Шекспирдің «Ричард ІІІ» трагедиясының тұсауы кесілді.

* * *

Ал Қарағанды облыстық Сәкен театры­­ның биылғы репертуарына ре­жис­сер А.Салбановтың Шерхан Мұрта­заның шығарма желісімен «Теке­бұр­қақ» және Г.Балпейісованың режис­серлігімен «Қарагөз» қойылымы қосылса, Н.Бекежанов атындағы Қызыл­орда облыс­тық қазақ академиялық музы­ка театрында балалар жылына орай Қа­сым­хан Бегмановтың «Ер Төс­тік» ертегісі қойылды. Одан бөлек К.Ибрае­ваның шығармасы желісімен режиссер С.Жүзбайдың «Шыны керек», Анураг Кашьяп­тың шығармасы желісімен Қ.Аха­баевтың «Кім?» психологиялық дра­масын және Л.Разумовскаяның (аудар­ған А.Маемиров) шығармасы же­лісі­мен өзекті тақырыптағы «ҰБТ кілті» спек­таклін көрерменге көрсетті. Н.Жан­тө­рин атындағы Маңғыстау облыстық қа­зақ музыка-драма театрында режиссер А.Маемиров Иран-Ғайыптың ғашық­тық­тың қайғысын кешкен «Естайдың Қор­ланын», О.Луцива Виктор Легентовтің La mom Piaf туындысын сахнаға шы­ғарған. Режиссер Фархад Молдағали Б.Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» шығармасы желісімен спектакль қойған.

* * *

Ал Ж.Аймауытов атындағы Пав­лодар облыстық қазақ музыка-драма театры репертуарын Ж.Аймауытовтың «Ақ­білек» романының желісінде режиссер Г.Омарованың моноспектаклімен, режиссер Ә.Ақановтың, Л.Разумовскаяның шығарма желісімен «Қымбатты Елена Сергеевна» (аударған Е.Жуасбек) қойы­лымымен және режиссер Е.Қауланов Ж.Әлі­кеннің осыдан үш жыл бұрын қаза тапқан бес балдырғанның трагедиялық тағ­дырын көрсеткен «Қызыл гүлдер» элегия­сымен толықтырса, Х.Бөкеева атындағы Орал облыстық қазақ драма театры режиссер Алмат Шарипов М.Ал­ғожаеваның шығармасы желісімен «Танго» мис­тикалық драмасын көрерменге ұсынған.

* * *

Байқасақ, өңірдегі театрлар өз репертуарын жан-жақты тақырыптар мен түрлі жанрдағы туындылармен толық­тырып отыр. Жаңа қойылымдардан көрер­мен өзіне керегін алып, ой түйеді деп сенеміз. Сондай-ақ осы маусымда көп театр кішкентай көрермендерін де естен шығармай түрлі ертегілерді қор­жынына қосқан екен. Биылғы Балалар жылының қарсаңында ең жақсы тарту деп есептейміз. Осы еңбектің барлығы – руханиятқа қосылған үлкен үлес.

 

Айтолған ЖҮНІСХАН,

Еуразия ұлттық университетінің студенті