• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Театр 21 Маусым, 2022

Бұл – басқа Баян!

548 рет
көрсетілді

Сахнаға тағы бір Баян келді! Қазақтың арына баланған арудың бұл жолы бұрымы өрілмеді, бешпеті төгілмеді, шолпысы сылдырламады, сырғасы сыңғырламады... Қысқасы, бұл Баянда бәрі басқаша.

Сөз басы

Бас қаламыздың Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ музыкалық драма театрында тағы премьера! Тағы да классика! «Хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнерге» қалтқысыз қызмет еткен суреткер Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» трагедиясы жаңаша үнде көрерменімен қауышты. Музыкалық спектакльдің қоюшы режиссері – Мәс­кеуден шақырылған жас театр маманы, әлемдік режиссураның алыбы әйгілі Римас Туминастың төл шәкірті, Е.Вахтангов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрының жетекші режиссерлерінің бірі Гүлназ Балпейісова.

Әлқисса! Жаңашылдық дегеннен туып отыр, «Ойбай, Мәскеуді мойын­­дат­қан қазақ қызы Гүлназ Бал­пейі­сова Қазақстанға келіп спектакль қоя­ды» деп шулағанымызға біраз болған. Әйтсе де іргелес жатқан екі қаланың – елорда мен Қарағанды театр­лары­ның бірінен кейін бірі қазақ ұлттық клас­сикалық драматургиясының қос жауһары – М.Әуезовтің «Қарагөзі» мен Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян Сұлуын» ойланбастан Мәскеу мектебінің түлегіне тапсыра салғанынан-ақ көңілді бір үміт пен мың күдіктің жайлағанын жасырмаймыз. Үміт – жат елде қазақтың атын шығарып жүрген арудың суреткерлік көзқарасынан «жыл келгендей жаңалық күткеніміз» болса, күдігіміз һәм қорқынышымыз – ұлттық драматургиямызды өз деңгейінде сөйлете алмай, «жауһарларымызға қия­нат қылып алмаймыз ба?» деген қауіп болатын.

Үмітіміз де, күдігіміз де себепсіз болмапты. Өйткені режиссер Гүлназ ұсынған қос қойылымның да көңілге сан сауал қалдырғаны шын.

Классика құдіреті

Рас, бұл Баянның бұған дейін біз көрген Баяндарға үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Мінез тұрғысынан да, менталитет жағынан да. Киім киісі мен жүріс-тұрысы, сахнадағы өмір сүруі турасындағы әңгіме тіпті бөлек. Тек оқиға желісінен ғана бұл Баянның сол Баян екенін ұғасыз. Басқасы – жаңа заман көзқарасындағы жастардың қиял жемісі. Ал қиялдың құдіреті сол – бірде ұшпаққа шығарса, енді бірде орға жығуы бек мүмкін. Сондықтан да қазақ сахна өнерінің киесі саналатын ұлттық драматургиямызды игеруге келгенде барынша абай болған жөн.

Жалпы, тұңғыш тұсаукесері өткен ғасырдың 40-жылдарынан басталатын бұл шығармадағы Мәмбетовтің ерек қолтаңбасы кейін режиссер Нұрқанат Жақыпбайдың мюзикл тіліндегі махаббат дастанында, одан әрі Қайрат Сүгірбековтің суреткерлік көзқарасында мүлдем өзгеше өрнекпен үн қатып, театр әлемінде жылы қабылданған болатын. Әрине, бұл екі аралықта да еліміздің театрлары оқтын-оқтын «Қозы мен Баян» тақырыбына оралып тұрды. Бірақ ішінде жаңалыққа айналып, есте ерекше жатталғандары – осылар. Ал бүгінгі «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» ше? Жаңа қойылым жаңалыққа айнала алды ма?

Спектакльдің ең әуелгі жаңалығы – атауын өзгертуі. Яғни Қозысын артқа ысырып, Баянның алға шығуы. Осы арқылы режиссер спектакльде әйел жанының нәзік иірімдеріне барынша назар аудартатынын аңғартқандай. Соның нәтижесінде өзі қоятын спектакльдің бұрынғылардан өзгеше болатынын сездіргендей. Хош делік. Өйткені классикада кеңістік мол, қалай сөйлетем десең де мүмкіндік мол. Тек қиюын тауып, қисынын келтіре алсаң болға­ны. Ал қазақ театрының төрінде ұлт­тық классикаға тәжірибе жасаған режис­сер­дің жолы болды ма? Тарқатып көрейік.

«Бағым ба, сорым ба, Баян екенім де рас...»

Сахнаға Баян шықты. Бояуы да, баяны да мүлдем бөлек. Қазақ әдебиеті мен драматургиясында Баянның бағын баянды, жанын аяулы еткен – ұлттық мінезді бойына жиған жаны, аққудай аппақ ары болса, бүгінгі қойылым сол түсінігіміздің барлығын жоққа шығарды. Сахнада желпінген де, махаббат жалынына шарпылып аласұрған да, көп алдында ашықтан ашық шешініп, ашықтан ашық Қозының құшағына құлаған, Қодардың қорлығына шыдаған баянды һәм баянсыз Баян... Және соның барлығы еш бүркемесіз сахнада айқын көрсетіледі. Дастанда суреттелер қазақ қызына тән ар мен ибаның жұрнағы да сақталмағандай. Иә, бұл Баян – басқа Баян! Режиссердің шешімі жастықты, жастық жалын шарпыған құштар көңілді, Қарабай сияқты сараң, дүниеқоңыздардың құрбанына айналып, Жантық секілді арамза жылпостардың шырғалаңына түскен жастардың шарасыз күйін, шексіз махаббатын жеткізу болды десек те, мінез мүсіндеудегі «мүкістер» көп шешімді ақтауға мұрша бермейді. Заманауиландырудың жөні сол екен деп, қазақтың арын аяққа таптай берсек, қазақтың танымы мен өнері қашан оңады? Қашан алға озады? Ал біз күні кеше сахна арқылы қауышып, куә болған сол Қарагөз де, Баян да қазақтың ары емес пе еді?! Тәжірибе қуған, қайшылық іздеген жақсы, әрине! Бүгінгі жастар тілінде спектакль қою, заманды жырлау да құптарлық қадам. Бірақ оны көрсетуге әлем классикасы да, заманауи авторлар да шаш етектен жетіп артылады. Оған бола ұлттық драматургиямызды түрлендірудің қажеттілігі қанша еді? Ішкі иірімі мен түпкі тамырын терең түсіне алмасаң, онсыз да санау­лы ұлттық дүниелерімізді өңін өзгертіп, қиянат қылу қаншалықты орынды? Бұл жердегі жақсы шығарманың да, талантты режиссердің де бағының жанбауының басты себебі – екі әлем арасындағы үндестіктің жоқтығы, танымның алшақ­тығы, біздіңше. Сондықтан да «ұлттық жауһарларымызды сеніп тапсырарда театр басшылығы мен көркемдік кеңесі барынша абай болса игі» деген үлкен тілек туды тіл ұшында.

Әйтпесе, Мәскеуді ғана емес, әлемді мойындатып жүрген, Римас Туминастай корифейден тәлім алған Гүлназды осал дей аламыз ба? Әрине, жоқ! Онысы сахнадағы көркемдік шешімдерінен де, суреткерлік эстетикасынан да, сахна кеңістігін пайдаланудағы шеберлігінен де, музыка таңдау мен сахнаны сөйле­ту­дегі сұңғылалылығынан да айқын аңға­рылды. Сонысымен де көңілге құрмет орнықтырды. Оқиға мен музыканы үндес­тіру, сценография мен жарықты, сахна эффектілерін құрудағы көркем талғам – мұның барлығы танымы мол ұстаз алдын көрген талантты режиссердің табысты шешімдері. Сондай-ақ маңайына көркем ойлы сахна мамандары – дирижер Маралжан Мырзақұлова, композитор Олег Синкин, қоюшы суретші Қанат Мақсұтов, жарық қою бойынша суретші Нарек Туманян, хореограф Ильмира Имангазина, киім суретшісі Алма Сырбаева секілді таланттар шоғырын топ­тас­тыра білген режиссер жұмысы техника­лық һәм көркемдік жағынан мінсіз. Оған ешкім дау келтіре алмаса керек. Біз де сахна кеңістігін түрлендірген ол тамаша талғамға еш талассыз бас иеміз.

Айшықты ансамбль

Премьераның тағы бір табысы – тамаша актерлік ойынның куәсі бол­ға­нымыз. Әсіресе Қарабай рөлін сом­да­ған «Дарын»  мемлекеттік жас­тар сыйлығының лауреаты Жасұлан Ерболаттың ізденісі, мінез мүсіндеудегі шеберлігі шынымен көңіл сүйсінтті. Қарабайдың рухани мүгедектігі, сараңдықтан туындаған ішкі трагедия­сы сахнада сәтті сөйледі. Сол секілді Күнікей – Айнұр Жетпісбаева, Мақпал – Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Алтынай Нөгербек те әдеттегіше өз биігінде. Жарқын – Шах-Мұрат Орда­баев, Қодар – Бекарыс Шалқар, Таңсық – Бегімнұр Қалила, Жолбарыс – Нұрсұлтан Есеннің ізденістеріне де ерекше тоқталғымыз келеді. Қозы мен Баян рөліндегі Марғұлан Наменов пен Ақниет Орынтайдың келешегі мол үміт күттіреді. Алайда бір өкініштісі – Жантық – Олжас Жақыпбектің шым-шытырыққа толы оқиға ішінен жарқырап көріне алмағаны. Әйтпесе, қойылым бойы қайшылық тудырып жүрген – Жантықтың жымысқы ойы емес пе еді?! Шекспирдің Ягосы қандай болса, Мүсіреповтің Жантығы оны қулығымен он орайтын кейіпкер. Қойылымның бір әттеген-айы, актердің сомдауында кейіпкер бойындағы осы өткірліктің көмескі тартып, солғын шыққаны. Оның үстіне Жантық бейнесіне әу бас­тағы режиссердің қойған талабы да шашыраңқы болғанға ұқсайды, спек­такльдегі кейіпкер жолы аяқсыз қал­ған. Яғни қойылымдағы Жантықтың түпкі­лікті мақсаты ашылмаған. Финалы жоқ.

Орайы келгенде айтқымыз келген тағы бір сын – актерлердің сахнадағы даусы көмескі, анық естілмейді. Барлы­ғын жаңа ғимараттың әлсіз акустикасына жабайық десек, сахна жақтан саңқылдай жеткен Мақпалды сомдаған актриса Алтынай Нөгербектің мақпал үні ол ойымызды іле жоққа шығарды. Ендеше, жас актерлердің жұлдызын жағып, мүмкіндігін ашуға бағыт­талып қойылған спектакльдегі өзге ак­­терлер осы актрисаның тіл тазалығы мен үн сұлу­лығынан үлгі алса, еш ұтыл­масы анық.

Түйін

Әлбетте, төрт сағатқа созылған қойы­лымды табыссыз дей алмаймыз. Үлкен жұмыс атқарылған жерде кемшіліктердің де жүруі, сынның да айтылуы заңдылық. Әйтсе де, ұлттық дүниелерімізді сахнада сөйлетуге келгенде барынша абай болу, жаңалық жасаймыз деп жүріп құндылықтарымызға қиянат жасап алмау жағын ойлағанымыз құба-құп. Әйтпесе, жастар танымына Баянды бүгін осылай сіңірсек, ертеңгі ұрпақтың Жібек пен Еңлікке, Қарагөз бен Ақжүніске деген құрметі қандай болмақ? Мұндайда «Күпі киген қазақтың қара өлеңін, шекпен жауып өзіне қайтарамын» деп ақиық Мұқағали қалай дөп тауып айтқан дейсің еріксіз. Қара өлең қағидасы ұлттық драма­тургиядан да алшақ болмаса игі. Әйтпесе, ертеңгі ұрпақтың сахнадағы Баянның бүгінгі әрекетін көріп күпі-құндылықтың шекпен-шыңы шешіну екен деп қабылдамасына кім кепіл?! Сахнадағы Баяндардың ибасынан өмірдегі Баяндар үлгі алып бойжетсе, ұрпақ ұтылмайды. Ең бастысы, осыны ұмытпасақ екен!