Қарулы Күштердегі әскери бөлімдерде жас сарбаздар Отан алдында адал қызмет етуге ант берді. Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінде ант беру рәсімі олардың құрылғанына 30 жыл толуымен тұспа-тұс келді.
Жалпы, әскери дайындық курсынан және ант қабылдағаннан кейін жас буындар елдің әуе шептерін қорғауға қажетті әскери-есептік мамандықтарды игеруге кіріседі. Сондай-ақ Ұлттық қорғаныс университетінің бірегей бөлімшелерінің бірі болып саналатын әскери-ғылыми взводының мерзімді қызметтегі әскери қызметшілері де Отанға адал болуға ант берді. Олардың негізгі міндеті – инженерлік-техникалық бейіндегі, ІТ-технологиялар мен киберқауіпсіздік бағыттары бойынша ғылыми жұмыс атқару.
Әскери-ғылыми взводтың әскери қызметшілері өздерінің күнделікті қызметінде жауынгерлік даярлықтың негізгі пәндерін игеруден басқа Қарулы Күштердің игілігі үшін ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-конструкторлық және сынақ жұмыстарын орындауға тартылатын болады.
– Еліміздің жетекші әскери жоғары оқу орны – Ұлттық қорғаныс университетіне қызмет етуге келгенімді мақтан тұтамын және Отан алдындағы Конституциялық парызымды лайықты орындау үшін бар күш-жігерімді саламын. Бұл үшін менің әскерге барар ал- дында алған ғылыми-техникалық бағыттағы тәжірибем мен білімім бар, – деді қатардағы жауынгер Артем Егоров.
Салтанатты іс-шараға Қарулы Күштердің ардагерлері, интернационалист-жауынгерлер, сарбаздардың туған-туыстары қатысты.
Ант қабылдағаннан кейін дәстүр бойынша бөлімше командирлері ата-аналарымен әңгімелесулер өткізді. Қызықтырған сұрақтарына жауап беріп, оларды әскери бөлімдердің инфрақұрылымымен таныстырды, казармалар, асханалар мен оқу сыныптарын көрсетті.