Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров Қоғамдық палатаның мақсаты мен міндеттері туралы арнайы баяндама жасады.
«Құрылғалы отырған Қоғамдық палата Ұлттық құрылтай форматын шығармашылық тұрғыда дамыта отырып, Мәжіліс пен азаматтық қоғам өкілдері, сарапшылар қауымдастығы арасындағы байланыстарды жүйелі түрде нығайтуға серпін береді. Палата аясында қоғам өкілдері заң жобаларын қарап, қоғамдық сараптама жасау арқылы қоғамдағы өзекті мәселелерге тәуелсіз, обьективті ойларын ортаға сала алады», деді Ерлан Саиров.
Оның айтуынша, Палата ротация принципі бойынша жұмыс істеп, оның мүшелері жүйелі түрде өзгеріп тұратын болады.
«Палата мүшелігіне парламенттік және парламенттік емес партия мүшелері, еліміздегі парламентаризм мәселесімен терең айналысып жүрген азаматтар, қоғам белсенділері, әр-түрлі саладағы сарапшылар мен саясаттанушылар мүше бола алады», деп қосты депутат.
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов аталған Қоғамдық палатаның жұмысын тікелей өзі қадағалайтынын айтты.
«Менің ойымша бүгін өте дұрыс шешім қабылданып, Қоғамдық палата құрылды. Енді оның қашан жұмыс бастайтыны жөнінде қосымша ақылдасамыз. Бұл бастамаға әрбір депутат белсене қатысу керек. Оның мүшесі болу міндетті емес. Бірақ кез келген заң жобасы бойынша айтар пікіріңіз болса, әрбір депутат оған қатыса алады. Бұл жұмысты мен өзім тікелей қадағалаймын», деді Мәжіліс спикері.