• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
25 Сәуір, 2014

Қытай Қазақстанның мемлекеттік қызмет моделін жоғары бағалады

263 рет
көрсетілді

Кеше Астанада Қазақстан Мемлекеттiк қызмет iстерi агенттiгiнiң төрағасы Әлихан Байменов Қытайдың Адами ресурстар және әлеуметтiк қамсыздандыру министрiнiң орынбасары Ян Шицюмен кездестi. Кездесу барысында мемлекеттік қызмет саласындағы екіжақты ынтымақтастық және Астанадағы Мемлекеттік қызмет саласындағы өңірлік хаб шеңберіндегі көпжақты ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Агенттiк төрағасы Қытай тарапын Қазақстан Республикасы мемлекеттiк қызметiнiң жаңа моделiмен таныс­тырды. Кездесу қорытындысында Мемлекеттiк қызмет iстерi агенттiгi мен Қытайдың адами ресурстар және әлеуметтiк қамсыздандыру министрлiгi арасында мемлекеттiк қызмет саласында ынтымақтастық жөнiндегi өзара түсiнiстiк туралы меморандумға қол қойылды. Меморандум шеңберінде кездесу, білім алмасу және мемлекеттік қызмет саласындағы мәселелер бойынша іс-шараларға қатысу, екі елдің мемлекеттік қызметшілері үшін кәсіптік оқыту сияқты ынтымақтастықтың нысандары көзделген. «Қытай делегациясы Қазақстанның мемлекеттiк қызмет саласындағы реформаларымен, бiздiң агенттiктiң және өзге де құрылымдық бөлiмшелердiң жұмысымен танысуда. Қазақстанның бұл саладағы реформалары халық­аралық сарапшылардың үлкен қызығушылығын туғызуда. Бұл меморандум екiжақты қарым-қатынасқа да және Астанадағы мемлекеттiк қызмет саласындағы аймақтық хаб аясында да көп салалы байланыстарды орнатуға мүмкiндiк бередi. Екi ел арасында мемлекеттiк қызметшiлердi оқыту, бiрлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргiзу, тәлiмдеме мен тағылымдамадан өткiзу сынды реформалар жалғасады», – деп атап өттi Ә.Байменов қол қою рәсiмiнде. Оның айтуынша, жалпы келiсiм бес бағыттағы әрiптестiктi орнатуды көздейдi. Олардың қатарында өзара тәжiрибе алмасу, бiрлескен iс-шаралар өткiзiп, мемлекеттiк қызметкерлерге кәсiби бiлiм беру мәселелерi қамтылған. Агенттiк басшысының сөзіне қарағанда, мұндай әрiптестiк тек Қытай елiмен ғана емес, Еуроодақ, АҚШ, Корея, Түркия, Жапония, Ресей мемлекеттерiмен қарым-қатынас өте тығыз орнаған. Сонымен қатар, ол бұл қадамдар Астанада Орталық Азияның мемлекеттiк қызмет хабын құрудағы мүддесiне сай келетiндiгiн атап өттi. Қытай делегациясының мүшелері Қазақстанның мемлекеттік қызмет моделін жоғары бағалады. ҚХР Адам ресурстары және әлеуметтік қамсыздандыру вице-министрі Ян Шицю Қытай Қазақстанның  мем­ле­кеттік қызмет жүйесінен үлгі алатын­дығын атап өтті. «Қазақстанның мемлекеттік қыз­мет жүйесі жас болғанымен, бұл саланы жетілдіруде өте жаңашыл әдіс-тәсілдер пайдаланылған, – деді ол. – Қазақстан осы салада бірқатар заңнамалық бастамалар енгізген. Бұл ретте ең алдымен «Мемлекеттік қызмет туралы» заңды атап өтуге болады. Мемлекеттік қызметшілердің жұмысын реттейтін бірқатар тиімді шаралар қабылданған. Қазақстан өз еліндегі жағдайды, ерекшеліктерді ескере отырып, басқа мемлекеттердің озық тәжірибесін қолданып келеді. Соңғы жылдары елдеріңізде мемлекет қызметте ашық бәсекелестік талаптарын енгізу, тестілеу өткізу, қызметкерлерді аттестациялау бойынша біраз белсенді жұмыс жасалды. Оған қоса кадрларды оқыту, қайта даярлау бойынша өте жақсы шаралар қолға алынған. Осының барлығы – Қытай үшін өте жақсы тәжірибе». Қытай делегациясының мүшелеріне аталмыш іссапар шеңберінде агенттіктің қызметі және мемлекеттік қызметтің жаңа моделі, «е-қызмет» автоматтандырылған дербес басқару жүйесі, сонымен қатар мемлекеттік қызмет саласындағы өңірлік хаб таныстырылды. Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан».