• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Аймақтар 22 Маусым, 2022

Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлына ескерткіш орнатылады

1089 рет
көрсетілді

Қостанай облысына қарасты Торғай ауылында Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлына ескерткіш орнату мәселесі талқыланды. Бұл туралы Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов айтты, деп хабарлайды Egemen.kz. 

«Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойына арналған жоспарға сәйкес Жангелдин ауданы тұрғындарының тұрмысын және әл-ауқатын жақсарту мақсатында инфрақұрылымдық жобалар іске асырылуда. Мәселен, жуырда ғана Ақкөл, А.Байтұрсынов ауылдары мобильдік интернет желісіне қосылды. Бұл – мерейтойға әзірлік барысында жергілікті халықтың сұраған негізгі өтініштерінің бірі болатын. Жергілікті тұрғындардың сұрауы бойынша А.Байтұрсынұлы ауылына апаратын жолдың және Торғай өзені арқылы өтетін көпірдің жөндеу жұмыстары басталып кетті. Сонымен қатар А.Байтұрсынұлы ауылына жаңадан медициналық пункт салынып, Ақкөлдегі ауылдық амбулатория жөндеуден өткізіледі. Жоспар аясында Торғай ауылындағы «Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының әдеби музейіне» жөндеу және реэкспозиция жұмыстары жүргізілуде», деді өңір әкімі Орталық коммуникациялар қызметінде.

Оның айтуынша, Сарытүбек қонысындағы «Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйін» салу жұмыстары қатаң бақылауға алынды. Бүгінгі таңда жаңа нысанның жобалық сметалық құжаттамасы сараптамадан өткізілуде. Құрылыс жұмыстарына облыс бюджеті есебінен қосымша қаражат бөлінеді. Конкурстық рәсім нәтижесі бойынша жауапты мердігер табылса, үйдің құрылысын қыркүйекке дейін аяқтау жоспарланған.

«Жергілікті халық пен кәсіпкерлердің демеушілігімен Байтұрсын әулетінің қорымы жанынан кесене салынып, Торғай ауылында Ахмет пен Міржақып бабаларымыздың құрметіне жаңа ескерткіш орнату мәселесі пысықталуда. Бұдан бөлек мәдени, ғылыми, танымдық іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр. Спектакльдер қойылып, ғылыми экспедиция да өз жұмысын бастады. Негізгі мерейтойлық іс-шаралар 3-5 қыркүйек аралығына жоспарланған», деді Архимед Мұхамбетов.