American Dream немесе «америкалық арман» ұғымы Америка Құрама Штаттарының миллиондаған халқын өркениетті өмірге жетелейтін ұлттық идеяға айналғалы қашан?! Сол секілді қытай халқының ұлы реформаторы Дэн Сяопиннің реформалар мен ашықтық саясаты да ханзу жұртын бір тудың астына жұмылдырып, Қытай елі дамудың жаңа кезеңіне қадам басқанын тарихтан білеміз. Ал Қазақстан халқын қандай ұғым біріктіреді?
Таяуда Ұлытаудың төрінде өткен Ұлттық құрылтайда белгілі ғалым, математик Асқар Жұмаділдаев: «Біз «мәңгілік» деген сөзді көп айтып кеттік. Мәңгілік ел неше жыл? Жиырма жыл ма, әлде отыз жыл ма? Қаңтар кезінде осы сұрақ көлденеңнен қойылды. Көшеге жастар шықты. 99%-ы жиырма мен отыз жастың арасындағы қазақ жастары. Барлығы тәуелсіздіктің ұрпағы. Барлығы мектепте қолдарын жүрегіне қойып, гимн айтқан. Барлығы рухани жаңғырып, «мәңгілік елде тұрып жатырсыңдар» дегенді естіген. Ал онда неге мұндай жағдайға жеттік?», деп айтқаны есімізде. Рас, ойландыратын пікір.
Даусыз, ордалы отыз жылдың ішінде жеткен жетістігіміз аз емес. Бірақ назарсыз қалған кемшіліктеріміз де бар екенін мойындауымыз керек. Әлеуметтік жағдайды былай қойғанда, біздің қоғам түрлі тап пен жіктерге бөлініп кеткенін жасыру мүмкін емес. Бұл үш онжылдықтағы бұрыс жемістеріміздің бірі десек, қателеспегеніміз болар. Әлбетте, бұл жерде сыртқы, ішкі күштердің ықпалын да жоққа шығаруға тағы болмайды. Заман қанша өзгерсе де «Бөліп таста да, билеп ал» қағидасы өзінің өзектілігін жоймайтыны белгілі. Оның үстіне цифрлы медиа дәуірінде «жұмсақ күш» саясатының кез келген мемлекетке ықпал етудің тиімді құралына айналғанын ескерсек игі. Сонда өркениетті қоғам құру үшін қайтпек керек?
Жоғарыда келтіргеніміздей, әлемдегі озық елдер дамудың даңғыл жолына түспес бұрын өткеннен сабақ алып, болашаққа тың қадам жасау үшін ұлттық идеяның төңірегінде бірігіп, топтаса білген. Оның жарқын мысалын АҚШ, Германия, Жапония, Оңтүстік Корея және Сингапур сынды озық елдердің негізінде байқауға болады. Аталған мемлекеттер экономиканы жүйелі түрде әртараптандырып, адам құқығы, оның таңдау хақы мен еркіндігіне басымдық берудің үздік үлгісін көрсете білді. Алайда олар осындай дәрежеге жетуден бұрын түрлі сынақ кезеңдерін кешкенін әсте ұмытқан емес. Айталық, Құрама Штаттарға бүгінгідей әлемнің бірінші экономикасы мен жоғары технологиялық елге айналу үшін алдымен 30-шы жылдардағы «Ұлы күйзеліс» кезеңін басынан өткеруге тура келді. Германия мен Жапонияға да 40-шы жылдардағы ел тарихындағы милитаристік дәуірді ұмытып, адамзаттың алдында арын тазалауға біраз уақыт қажет болды. Ең бастысы, бұл елдер қаралы күндерден сабақ алып, қателіктерді келешекте қайталамаудың жолын тапты.
Әлбетте, бұл орайда Қазақстан қаңтар оқиғасынан қандай сабақ алды деген заңды сауал туындайды? Екінші Республиканы қалыптастырудың моделін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың айқындап бергенінен көпшілік хабардар. Ал енді осы Республиканы іс жүзінде құру үшін ұлтты ұйыстыратындай баршаға ортақ идея қажет емес пе?!
Қоғамдағы көңіл күй мен әлеуметтік желілердегі пікірлерді бағамдасақ, қазір елімізге ауадай қажет басты идея – бір-бірімізге құлақ түріп, бір-біріміздің ойымызбен санасуда жатқан сынды. Кешегі толқулардың тұтануына да билік пен халықтың арасындағы байланыстың ажырап қалуы әсер еткенін көпшілік жақсы түсінеді. Жасыратыны жоқ, қандай да бір маңызды мемлекеттік деңгейдегі шешімдер болсын немесе заң, бағдарламалар қабылданғанда, көп жағдайда қоғамның тілегі ескерусіз қалып жатады. Бұл өз кезегінде мемлекет пен халықтың арасындағы вакуумның нығая түсуіне әсер етеді. Мысалға, былтыр ғана қабылданған Экологиялық кодексті алып қарайық. Аталған реформаны тұтастай қоғам жақсы қабылдағанымен оның кейбір нормаларына, атап айтқанда, Қоршаған ортаға әсерін бағалау мен Озық қолжетімді технологиялардың анықтамалығына байланысты қоғамда біраз дау туындады. Экологтер мен салалық қауымдастықтардың наразылығынан кейін салаға жауапты ведомство заңға тәуелді актілерді енді толықтырып, жетілдіруге мәжбүр. Егер де бұл мәселе қоғамдық талқылаудың сүзгісінен өткізіліп, мүдделі тараптардың талап-тілегі ескерілсе, мұның барлығының алдын алуға болар еді. Тізбектей берсек мұндай мысал жетерлік. Сол себепті Жаңа Қазақстанда билік қоғамның пікірімен санасып, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы шынайы түрде жүзеге асса екен деген тілегіміз бар.