• RUB:
    4.97
  • USD:
    493.85
  • EUR:
    519.04
Басты сайтқа өту
Қазақстан 23 Маусым, 2022

Ерлан Қарин Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойының жоспары туралы баяндады

164 рет
көрсетілді

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин өзінің Facebook парақшасында Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойының жоспары туралы баяндады, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Бүгін Оқу-ағарту, Білім және жоғары білім министрлерімен бірге Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойын атап өту барысын талқыладық.

«Жыл басынан бері Алаш ардақтысының бейнесін, есімін дәріптеу, ұлт жадында қалдыру мақсатындағы көптеген іс-шаралар ұйымдастырылды. ЮНЕСКО, ТҮРКСОЙ секілді халықаралық ұйымдар аясында да бірқатар ғылыми-ағартушылық бағыттағы жиындар өткізу жоспарда бар. Мысалы, ертең Халықаралық Түркі академиясы Ғылыми кеңесінің V отырысы болады. Соның шеңберінде А.Байтұрсынұлының мерейтойына арналған конференция өтеді»,-деді Мемлекеттік кеңесші.

Сондай-ақ ол Ұлттық құрылтайда ақын Светқали Нұржан ұлт ұстазының мерейтойы қарсаңында атқарылуы қажет бірнеше ұсыныс айтқанын жеткізді. Ол ұсыныстар жалпыреспубликалық жоспарды жүзеге асыру барысында қаралатын болады.

«Сонымен қатар, бүгін Ұлттық құрылтайдың бір топ мүшелерімен жұмыс кездесуін өткіздік. Кездесуге үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысты. Онда Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысында Мемлекет басшысы берген тапсырмалардың орындалу барысын талқыладық. Оның ішінде Quryltai қосымшасының әзірленуі жөнінде сөз қозғалды. Бұл платформа әрбір азаматқа әлеуметтік маңызды мәселелер бойынша идеялар мен бастамаларды ұсынуға мүмкіндік беретін болады.

Сонымен қатар, әріптестерімізбен бірге алдағы жұмысымыздың форматын белгіледік. Мұндай кездесулер Ұлттық құрылтайдың басқа да мүшелерімен өтетін болады»,-деді Ерлан Қарин.

Соңғы жаңалықтар