Ақпарат кеңістігін зерттеп жүрген отандық сарапшылар 2020 жылды «азаматтардың қоғамдық-саяси белсенділігін дамытудың бетбұрыс кезеңі» деп санайды. Себебі «Осы жылы саяси белсенділік әлеуметтік желілер арқылы бастау алып, артты. Халық арасында саяси белсенділіктің артуы саяси партияларды тіркеуге өтініштердің көбеюінен және пандемия кезінде өзара көмек көрсету үшін әртүрлі әлеуметтік алаңдардың құрылуынан көрінді», дейді олар.
Сарапшылардың айтуынша, әлеуметтік медианың билік пен қоғам арасындағы сындарлы диалог орнататын алаң ретінде әрекет ету мүмкіндігі зор. Ал қазір әлеуметтік желіні саяси мемлекеттік қызметшілер осы бағытта пайдалана алып жүр ме?
Өткен жылы Қазақстанда әлеуметтік желі қолданушыларының үлесі 63,5 пайызға жеткен. Eurasian Center for People Management компаниясының жоба менеджері, саясаттану ғылымдары кандидаты Айман Жүсіпова «Қазақстандықтар әлеуметтік желілерде, форумдар мен блогтарда жарияланған ақпаратқа талғаммен қарайды. Пандемия кезінде халықтың ақпараттық сауаттылығы артты, оқыған, естіген ақпаратын сүзгіден өткізіп, қайта тексеруге машықтанып келеді», дейді. «Мәселен, арнайы жүргізілген сауалдама нәтижесі оған қатысқан азаматтардың 16,54 пайызы жарияланған ақпаратқа толық сенеді, 12,22 пайызы мүлдем сенбейді, 65,28 пайызы кейде сенетінін көрсетті», деп атап өтті Айман Жүсіпова. Сондай-ақ сарапшының айтуынша, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын әлеуметтік желілер арқылы жүзеге асыруда мемлекеттік мекемелер өкілдерінің, жекелеген мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік желілерде белсенді болуы өте маңызды.
Алайда бүгінде олардың көпшілігінде нақты стратегия жоқ. Неге? Сарапшылардың көпшілігі «Өйткені олар әлеуметтік желілерге аса мән беріп, маңызына терең үңіле бермейді, немқұрайды қарайды», деген пікірде. Мұны PR саласындағы еліміздің жетекші мамандарының бірі Ерлан Асқарбеков те қостайды. Ол бүгінде Қазақстанның мемлекеттік қызметшілеріне коммуникация саласында тренингтер жүргізіп келеді. «Курсив» ақпараттық сайтына берген сұхбатында сарапшы: «Оқыту сабақтарына негізінен баспасөз хатшылары мен қоғаммен байланыс бөлімдерінің басшылары қатысады. Жалпы алғанда, олар әлеуметтік желілер жұмысының қыр-сырын түсінеді, жұртшылықпен қарым-қатынастың қалай құрылатынын біледі. Алайда мемлекеттік құрылымдардың бірінші басшылары жұмысбастылықты желеу етіп мұндай тренингтерге мүлдем келмейді. Бұл дұрыс емес, өйткені қазір олардың көпшілігінің әлеуметтік желілерде аккаунттары бар, олар өздері қарап отыруы қажет. Тіпті арнайы тренингке қатысқан баспасөз хатшылары олардың жеке деп танылған әлеуметтік желілерінде пайда болған «жағымсыз пікірлерге», халықтан келіп түскен сауалдарға дер кезінде жауап бере алмауы әбден мүмкін», деді. Бұл мәселеге салғырт қарау мемлекетке зиян екенін атап өтті ол. «Соның салдарынан мемлекет тұтастай ұтылады. Қазақстанның әлеуметтік саясатын бұрынғы КСРО-ның басқа елдерімен салыстыратын болсақ, біз бірқатар көрсеткіш бойынша алда келеміз. Алайда PR саясатқа дұрыс көзқарастың жоқтығынан, оның ішінде әлеуметтік желілердің мүмкіндігін ескермейтін болсақ, көштен қалуымыз мүмкін», деп қосты сұхбатында Ерлан Асқарбеков.
Сонымен қатар заңгер, сарапшы Ержан Есімханов Facebook парақшасында «Кез келген қазақстандық шенеунік барлық әлеуметтік желілерде тіркелген. Бірақ, ең қызығы, олардың көбі әлеуметтік желіні ұнатпайды, оларға сенбейді және егер «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» болмаса, оны пайдаланудан қуана бас тартатын еді», деген пікірін білдірді. Ол мемлекеттік қызметшілердің, соның ішінде барлық деңгейдегі бірінші басшылардың әлеуметтік желілердегі парақшаларына талдау (контент анализ) жасай отырып, барлығына тән 5 «ерекшелікті» атап көрсетті.
Біріншісі – ғасырлық жазу стилі. Мәселен, пост шұңқырларды жөндеу немесе қарды тазарту туралы болса да, «Сталинград шайқасындай» жазылады. «17 шақырымнан астам жол жөнделді!», «23 бірлік техника жұмылдырылды!». Екінші ерекшелік – қарапайым тіл қолданылмайды. Ең қарапайым нәрселерге де қатал сипаттама беріледі. Мысалы, шенеунік ағаш басына шығып кеткен мысықтың жерге түсуіне көмектессе, ол Instagram парақшасында «Халықпен жоспарлы кездесу өткізу барысында емен сортты өсімдігінен мысық тұқымдас жануардың жерге түсуі жүзеге асырылды». Немесе, бір әжейді жолдың арғы бетіне өтуіне көмектесіп жіберсе, «Зейнет жасындағы адамның Розыбақиев көшесінің солтүстік жағынан оңтүстік жағындағы жол жиегіндегі кедергіден өтуіне көмек көрсетілді», деген мәтін құралатынын сынға алды Есімханов. Үшінші ерекшелікті сарапшы «шамадан тыс байсалды» деп көрсетеді. «Әлеуметтік желіде шенеуніктерге әзіл жетіспейді. Оқырманның кез келген әзіл-қалжыңы шенеуніктің жоғары дәрежесіне және оның мемлекетке қызмет етуіне жасалған «шабуыл» ретінде қабылданады. Міндеттер тек аса байсалдылықпен орындалу керек деп түсінеді олар. Төртінші ерекшелік – кері байланыстың жоқтығы. Сіз пікірлерге шынымен жауап беретін әлеуметтік желі шенеунігін көрдіңіз бе? Халық әлеуметтік желіде шенеуніктің жариялаған постын көрді, оқыды, бітті, осыған да риза болуы керек. Айтуға болатын нәрсенің бәрі айтылды. «Шенеуніктер комментарийлерді тек жұмысы жоқ, қолы бос адамдар ғана жазады деп санайды. Алайда өзекті сұрақтар сол жерде жиі қойылады», дейді ол.
Ал бесінші ерекшелік – мүлдем пайдасыз коммуникация құру. Шенеуніктердің қолындағы әлеуметтік желілер ыңғайлы, жылдам әрі қуатты коммуникация құралынан қандай да бір «дәстүрлі басылым редакциясына» айналып барады. «Қазақстанда өз ісін адами тілмен айта алатын шенеунік болса, әлеуметтік желіде супержұлдыз болатынын үнемі айтып келемін. Жиналыс, меморандум, халықпен кездесулер туралы хабар таратпай, жай ғана «Біз бүгін мына жұмысты қолға алдық. Бұл өте қажетті және нәтижелі болады. Біз жұмыс істейміз, біздің мақсатымыз бар... Ал егер сұрақтарыңыз болса, қойыңыздар!» десе, халықпен жақсы қарым-қатынасқа жол ашары сөзсіз. Бірақ мұндай «кейіпкер» әзірге жоқ», дейді сарапшы.
Бүгінде Қазақстан билік пен қоғамның сындарлы өзара қарым-қатынасын, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асырудың ең тиімді әдістері мен жолдарын іздеуде. Бұл тұрғыда «әлеуметтік желілердің барлық жағымды жақтарын, әлеуетін, жалпы қазіргі заманғы ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалана білу, олар арқылы қоғам мен билік арасындағы өзара сенім деңгейін және өзара ынтымақтастық дағдыларын арттыру ең маңызды міндет болмақ», дейді Eurasian Center for People Management компаниясының жоба менеджері, саясаттану ғылымдары кандидаты Айман Жүсіпова. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев әкімдерге тұрғындардың мұң-мұқтажына белсенді түрде ден қойып, әлеуметтік желілерде түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырғаны да осы интернет платформасы мүмкіндігінің зор екенін меңзегені анық.
Қазіргі кезде елдегі коммуникацияның жаңа түрі – әлеуметтік желілерге деген қарым-қатынас пен оны халықпен байланыс орнатуда ұтымды пайдалану тек блогерлердің қолынан келер дүние болып тұр. Ал, шын мәнінде, бұл байланыс құралының мүмкіндігі дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарынан да зор екеніне сарапшылардың зерттеу жұмыстары дәлел.
Батыс елдерінің зерттеушілері әлеуметтік желінің мүмкіндігін том-том еңбектермен ХХІ ғасыр басында зерттеп тастады. Тіпті мемлекеттік қызметшілердің, депутаттардың, саяси партиялардың әлеуметтік желілерге тіркелуін, ондағы халықпен байланысын зерттеу тақырыбына арқау етіп, докторлық диссертация қорғағандары жетерлік. Мәселен, Германия мемлекеттік қызметшілерінің әлеуметтік желіні қолдану мақсатын сараптаған зерттеушілер олардың да желіге деген құлшыныстарын бірден байқамағанын айтады. Мәселен, сарапшы Кельм өзге зерттеу тобының мүшелерімен бірге неміс саясаткерлерінің Facebook және Twitter-дегі белсенділігі 2012-2016 жылдар аралығында тұрақты болғанын айтады. Олар мұны Facebook пен Twitter-дің сол уақыттан бері пайдаланып келе жатқан белгілі әлеуметтік медиа болуымен байланыстырады. Ал зерттеушілер Бернхард және Дохле немістің жергілікті саясаткерлері арасында сауалдама жүргізіп, олардың әлеуметтік желі арқылы халықпен тікелей араласуға талпынбайтынын, оны БАҚ көмегімен жасағанды жөн санайтынын көрсетеді. Сонымен қатар олар саясатқа жаңадан келген және жаңа технологиялардың мүмкіндіктерін тіпті жеке мақсаттарға да пайдалануға мүдделі емес саясаткерлер әлеуметтік желілердің біріне тек сайлау науқаны үшін тіркелсе, олардың кейбіреулері өз партияларының сайлауалды жетекшілерінің қысымымен тіркелетінін мәлімдеді.
Осы орайда, отандық сарапшылар да көптеген қазақстандық саяси мемлекеттік қызметшілер неміс зерттеушілері атап өткендей, «Президенттің тапсырмасынан кейін әлеуметтік желілерге тіркеле бастағанын» айтады. Дегенмен британдық зерттеуші, Лидс университетінің «Медиа және коммуникация» мектебінің директоры Тод Грэхам «саясаткерлер, партиялар мен мемлекеттік қызметшілер әлеуметтік медианы қоғаммен байланыс орнату және өзгермелі уақытқа ілесу үшін ғана емес, сонымен қатар «қоғам мен билік арасындағы алшақтықты жою құралы ретінде пайдаланады», деп атап көрсетті. Сөз еткен неміс саясаткерлерінің әлеуметтік желілердегі белсенділігі бұдан он жыл бұрынғы зерттелген жағдай. Осы орайда Қазақстанның шенеуніктері мен түрлі деңгейдегі мемлекеттік қызметшілеріне әлеуметтік желілердің маңызын түсініп, тиімді қолдану үшін әлі де уақыт қажет секілді.
Theopenasia.net мәліметі бойынша, 2020 жылы Қазақстанда Instagram-да шамамен 6,8 миллион, Facebook-те шамамен 2,4 миллион, Odnoklassniki.ru-да 2,4 миллион адам тіркелген екен. Ал Telegram-да шамамен 2 миллион, Snapchat-та шамамен 1,8 миллион және Linkedin желісінде 790 мың пайдаланушы бар.
P.S. Қазақстандық түрлі деңгейдегі саяси мемлекеттік қызметшілер жуық арада әлеуметтік желіні ұтымды пайдаланып, халықпен тиімді коммуникация, кері байланыс орната алса, халық Президенттің араласуын талап етпейтін кез келген «отбасылық» мәселелерге tokayev_online-ды белгілемеген болар еді...