Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Жиын барысында депутаттар бірқатар заң жобасын қарады. Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне стрестік активтер нарығын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қабылданды.
Аталған құжат стрестік активтер нарығында қолданылатын нормативтік-құқықтық базаны жетілдiруге бағытталған. Заң жобасы жөнінде баяндама жасаған Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова. Стрестік активтердің өтімді нарығын дамыту оларды экономикалық айналымға тартуға жағдай жасайтынын мәлімдеді.
«2017 жылдан бастап жекелеген банктердің қаржылық орнықтылығын арттыру бағдарламасы іске асырылып жатыр. Бағдарлама қосылған сәттен бастап 977 млрд теңгеге қосымша провизия қалыптастырылды. 1,4 трлн теңгеге проблемалық қарыздар есептен шығарылды және 5,4 трлн теңгеге жаңа қарыз берілді.
Сонымен қатар 2017 жылдан бастап агенттік төлемге қабілетсіз 8 банктің лицензиясын қайтарып алды. 2017-2021 жылдар аралығында қабылданған шаралар нәтижесінде жалпы құны 6,7 трлн теңге сомаға тең стрестік активтер есептен шығарылды. 2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша стрестік активтер мөлшері 2,3 трлн теңгені немесе банк жүйесі активтерінің 6 пайызын құрады», деді М.Әбілқасымова.
Агенттік төрағасы өз сөзіне стрестік активтердің 4 тобы бар екеніне назар аударды. Мәселен төлеу мерзімі 90 күннен асқан кредиттер 870 млрд теңгеге тең. Қайта құрылымдалған кредиттер 936 млрд теңгеге жеткен. Өндіріп алынған мүлік 156 млрд теңге көлемінде, ал банктердің стрестік активтерді басқару жөніндегі еншілес ұйымдарының активтері 356 млрд теңгені құрайды.
«Банктердің балансын жұмыс істемейтін кредиттерден мемлекет қаражатын тартпай тазартудың нарықтық тетігін құру маңызды. Бұл тұрғыда стрестік активтердің өтімді нарығын дамыту қажет. Стрестік активтер нарығын құру үшін осы заң жобасы 4 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді. Мынандай негізгі бағыттардан тұрады.
Біріншіден, заң жобасында стрестік активтерді авторизацияланған сатып алушылардың қолданыстағы тізімін жеке инвесторларды қосу арқылы кеңейту көзделеді. Қазіргі уақытта Банктер туралы заңның 36-1 бабына сәйкес, авторизацияланған сатып алушылар тізіміне екінші деңгейдегі банктер, банктердің стрестік активтерді басқару жөніндегі еншілес ұйымдары, Проблемалық кредиттер қоры, коллекторлық агенттіктер және басқа да қаржы ұйымдары кіреді.
Бұл ретте, тізім кеңейтіліп, банктердің және микроқаржы ұйымдарының стрестік активтерін жеке инвесторларға сату құқығы беріледі. Жеке инвесторларға заңды тұлғалардың және дара кәсіпкерлердің тек проблемалық қарыздарын сатып алуға рұқсат етіледі. Заң жобасында қарыз алушы – жеке тұлғалардың құқықтарын қорғау үшін олардың несиелерін инвесторларға сату көзделмеген», деді М.Әбілқасымова.
Екіншіден, заң жобасында сервистік компаниялар институтын құру қарастырылған. Олар инвесторларға проблемалы кредиттерге қызмет көрсету және басқару қызметін жүзеге асырады. Сервистік компаниялардың функцияларын тиісті тәжірибесі мен құзыреті бар банктердің стрестік активтерді басқару жөніндегі еншілес ұйымдарына және коллекторлық агенттіктерге беру ұсынылады.
«Сервистік компаниялар активтерді сенімгерлік түрде басқарады. Өндіріп алудың жеке стратегиясын әзірлейтін болады және стрестік активтердің иелеріне басқа да қызметтер көрсетеді. Заң аясындағы деңгейде сервистік компаниялар үшін капиталдың мөлшері, нарықтағы жұмыс тәжірибесі, мінсіз іскерлік беделінің болуы сияқты жоғары талаптар белгіленеді.
Агенттік белгіленген талаптарға сәйкес келетін сервистік компаниялардың тізілімін жүргізіп, олар туралы ақпаратты өзінің интернет-ресурсында орналастырады. Бұл қарыз алушылардың құқықтарын қорғаудың қосымша тетігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Себебі аталған ұйымдар Агенттіктің реттеу аясына жатады», деді М.Әбілқасымова.
Агенттік төрағасының сөзіне сүйенсек, заң жобасы өндіріп алынған мүліктің, яғни банктің меншігіне өткен мүліктің банктердің және микроқаржы ұйымдарының меншігінде 3 жыл мерзімінде ғана болады. Бұл банктер мен микроқаржы ұйымдарын стрестік активтерді экономикалық айналымға жедел түрде тартуға ынталандырмақ.
Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, заң инвесторлардың стрестік активтер нарығына қол жеткізуін қамтамасыз ету арқылы осы бағытты одан әрі дамытуды көздейді.
«Бұл заң Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қабылданып отыр. Жаңа нормалар стрестік активтер нарығында қолданылатын құқықтық тетіктерді жетілдiруге және осы саланың өсуіне жағдай жасауға арналған. Жаңа талаптар бұл саладағы рәсімдердің ашықтығы мен айқындығын да қамтамасыз етеді. Алдағы уақытта Заң проблемалық активтерді экономикалық айналымға тартуға мүмкіндік бере отырып, бизнес ортаны жақсартуға оң әсерін тигізеді деп сенеміз», деді Мәулен Әшімбаев.
Сенаторлар отырыс кезінде «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екі оқылымда қабылданды.
«Құжат биржалық металдар бойынша пайдалы қазбаларды өндіру салығы мөлшерлемелерін 50 пайызға, қалған қатты пайдалы қазбалар бойынша 30 пайызға ұлғайтуды көздейді. Бұл ретте өндіру 2022 жылғы 31 желтоқсаннан кейін басталатын жаңа кен орындарын 15 пайыз рентабельділік деңгейіне жеткенше, 5 жыл мерзімге дейін пайдалы қазбаларды өндіру салығынан босату ұсынылады.
Елден капиталды шығармауды ынталандыру мақсатында дивидендтер бойынша жеңілдіктерді қайта қарау ұсынылады. Бейрезиденттер үшін бүкіл жеңілдіктер алып тасталады. Резиденттерді салықтан босату үшін 30 мың айлық есептік көрсеткіш шегі белгіленді. Биржалық акциялар бойынша дивидендтер тұрақты сауда жүргізген кезде босатылады», деді заң жобасы жөнінде баяндама жасаған Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.
Бұдан бөлек, «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау қызметін өткеру тәртібін жетілдіру, құқық қорғау органдары, арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің және әскери қызметшілердің құқықтық және әлеуметтік қорғалуы мен жауаптылығын арттыру, ведомствоаралық үйлестіру, ішкі істер органдарының дербестігі, жекелеген қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін жауаптылықты күшейту және қару айналымы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары екі оқылымда қабылданды.
Сонымен қатар Палата отырысында депутаттар волонтерлік қызметті одан әрі дамытуға арналған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне волонтерлік қызмет, қайырымдылық, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, стратегиялық әріптестікті іске асыруға арналған мемлекеттік тапсырыс, үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар мен сыйлықақылар, дәрілік қамтамасыз ету және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қабылдады.
«Заңда гранттық қаржыландыру процесінің ашықтығын, үкіметтік емес ұйымдардың әлеуетін және олардың тұрақты дамуын арттыруға арналған нормалар бар. Сонымен қатар халыққа дәрілік заттар мен медициналық қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ететін құқықтық шешімдер белгіленген. Алдағы уақытта бұл Заң елімізде қайырымдылық пен волонтерлік қызметті одан әрі дамытуға оң септігін тигізеді деп сенеміз», деді Сенат Төрағасы.
Палата отырысында депутат Нариман Төреғалиев Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы болып сайланды. Бұған дейін осы қызметті атқарған Бейбіт Исабаев Мемлекет басшысының Жарлығымен Жетісу облысының әкімі болып тағайындалғаны белгілі. Соған байланысты Орталық сайлау комиссиясының Қаулысына сәйкес оның депутаттық өкілеттігі тоқтатылды.
Одан бөлек, отырыста сенаторлар депутаттық сауалдарын жолдады. Палата вице-спикері Асқар Шәкіров бастаған бір топ сенаторлар жолдаған депутаттық сауалда Арал өңірінің экологиялық мәселелері көтерілді. Сенатор Ақылбек Күрішбаев оқып берген сауал еліміздің Премьер-Министрі Әлихан Смайыловқа жолданды.
«Арал теңізі бассейнінде тұрақты тұратын адамдардың ағзасында өмірлік маңызы бар дене мүшелерінің функционалдық жай-күйінде өзгерістер анықталып, тіпті, патологиялық аурулардың дамуына дейінгі өзгеріске ұшырап отыр. Осылайша, Аралдың кебуі апатты салдары бар сипатқа ие және планетарлық ауқымдағы экологиялық қасірет. Оны барлық елдердің, халықаралық ұйымдардың күш-жігерін біріктіру арқылы ғана тоқтатуға болады. Ең алдымен, осы экологиялық дағдарысты шешуге халықаралық қорлар мен ғылыми орталықтарды тарту қажет. Өкінішке орай, соңғы уақытта олардың аймақтағы белсенділігі айтарлықтай төмендеп отыр», деді Ақылбек Күрішбаев.
Сенаторлар мәселені шешу үшін келесі шешімдерді ұсынады. Олар: Халықаралық Аралды құтқару қорының жұмысын жандандыру, Орталық Азия елдерімен су-энергетикалық консорциум құру және кеуіп қалған теңіздің түбіне жасыл желектерді белсендірек отырғызу.
Үкімет басшысына сауал жолдаған Жанболат Жөргенбаев жайылым жерлердің тапшылығына қатысты мәселені шешу шараларын ұсынды. Сенатордың айтуынша, мал өсірушілер аңшылық шаруашылықтарына жер тым көп берілді деп санайды, фермерлерге сондықтан жайылым жетіспейді. Сенатордың келтірген деректер бойынша, аталған аймақтардың аумағында 132 аңшылық алқап бар, олардың жерінің жалпы көлемі 5,0 млн гектарды құрайды. Сонымен қатар өңірде жайылымдық жерлердің тапшылығы да байқалып отыр. Дәл осы кезде малшылардың өз малдарын жаятын жері жоқ.