«Қарасора-2022» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында қызылордалық полицейлер тағы да ірі есірткі алқабын жойды. Қазір аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде.
Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен ҰҚК Қызылорда облысы және Байқоңыр қаласы бойынша департаменті қызметкерлері бірлесіп жүргізген операция барысында Шиелі ауданына қарасты далалық алқапта 1 665 түп сора өсімдігін еккен азамат ұсталды. Күдіктіні тінту кезінде одан кептірілген марихуана алынды.
Маусым айының ортасында полицейлер Жалағаш ауданында қалың шеңгел арасында егілген дәл осындай ірі алқапты анықтап, 1 149 түп сораны жойған еді.
Облыстық полиция департаментінің басшысы Бектөре Сұлтанның айтуынша, өңірде 5 ай ішінде 73 қылмыс тіркеліп, оларды тергеп-тексеру барысында марихуана мен синтетикалық есірткі тәркіленіп алынған. Осы есептік мерзімде есірткіге қатысты қылмыстардың ашылуы 53 пайызды құрап отыр.
Құқық қорғаушылар аймақта марихуананың үнді және голландтық түрлерін өсіруді кәсіпке айналдырғандардың бар екендігін айтады. Елімізде 1 маусым – 31 қазан аралығында өтетін «Қарасора» жедел-профилактикалық іс-шаралары аясында қалалар мен ауылдардағы бау-бақшалар, шаруа қожалықтарының аумақтары және облыстың барлық далалық жерлерінде әуеден мониторинг жасалып жатыр.
Дәл осы мәселе жақында өткен құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында да қаралды. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен жиынға жауапты сала басшылары мен бірқатар аудан әкімдері қатысты.
Облыс әкімі есірткіге қатысты қылмыстарды ашуға байланысты бірқатар нақты тапсырма жүктеді.
– Есірткі заттары тасымалданатын каналдарды, дайындайтын және өткізетін орындарды анықтап, пәрменді әшкерелеу шаралары қабылдансын. Осы бағытта заманауи технологияларды кеңінен пайдалану мүмкіндіктерін қарастырған жөн. Есірткімен күрес жалғыз полицейлердің ғана жұмысы емес. Қоғам кеселіне қарсы көп болып жұмылуымыз керек. «Ғарыштық мониторинг» қызметін қолдану үшін облыстық экономика және қаржы басқармасымен бірлесіп, ұсыныс берілсін. Облыстық қоғамдық даму басқармасымен бірлесіп, заңсыз есірткі айналымы үшін құқықтық жауаптылықты түсіндіру заңнамаға сәйкес бұқаралық ақпарат құралдары арқылы кеңінен жариялануы керек, – деді Н.Нәлібаев.
Сонымен қатар нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы іс-қимылға бағытталған қызметті үйлестіру жөніндегі облыстық штабтың жұмысын күшейтіп, жастар жиі қолданатын әлеуметтік желілерде нашақұмарлықтың зияны туралы арнайы бейнероликтер мен посттар жариялау қажет екенін баса айтты.
Комиссия отырысында интернеттегі алаяқтық қылмыстар мәселесі де айтылды. Облыстық полиция департаментінің басшысы Бектөре Сұлтан 5 айда алаяқтық қылмыстың 297 дерегі тіркеліп, бұл қылмыс түрінің өткен жылмен салыстырғанда 27,4 пайызға төмендегенін жеткізді. Анықталған қылмыстардың 53,1 пайызы интернет алаяқтық сипатында болған.
Комиссия отырысында аймақ басшысы алаяқтық, қаржы пирамидасы, интернет және әлеуметтік желілер арқылы жасалатын құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстарын күшейту қажеттігін атап өтті. Әсіресе интернет алаяқтықтың жолын кесу үшін нақты шаралар қабылдап, адам санасын арбайтын түрлі жазбалар мен ақпараттардан сақтандыратын иммунитет қалыптастыру қажеттігі сөз болды.
Қызылорда