Елордада Amanat партиясының ұйымдастыруымен Amanat CUP бірінші республикалық шахмат турнирі өтті. Сайысқа 8-35 жас аралығындағы екінші және одан жоғары разрядтағы 200-ден астам қатысушы елорданың басты символы – «Бәйтерек» монументінің алаңында бақ сынады.
Чемпионат жеңімпаздарын құттықтаған партияның атқарушы хатшысы Асхат Оралов бұл турнирдің Балалар жылына орай және елімізде шахматты кеңінен насихаттауға бағытталғанын атап өтті.
«Бүгінде Қазақстан әлемдік шахмат рейтингінде 37-орында тұр. Отандық шахматшылар әлемдік деңгейде топ жарып, еліміздің даңқын асқақтатып жүр. Партия дәстүрлі түрде ашық республикалық турнир өткізуді қолға алып отыр. Келесі жылдан бастап бұл бастама еліміздің барлық өңірінде жалғасын табады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шахмат спортын дамыту мен оны қолдауға ерекше көңіл бөліп келеді. Біз жастардың, балалардың қабілет-қарымын байқап отырмыз және еліміздегі шахмат спортының дамуына өз үлесімізді қосқымыз келеді», деді Асхат Оралов.
Өз кезегінде халықаралық гроссмейстер Жансая Әбдімәлік мұндай чемпионаттардың жас шахматшылар үшін маңызы зор екенін атап өтті.
«Біріншіден, бұл шахмат спортын дәріптеу болса, екіншіден, балалар үшін үлкен тәжірибе. Олар елден шықпай-ақ түрлі деңгейдегі қарсыластармен бәсекеге түсуге мүмкіндік алады. Мұнда қатысушылар көп, демек бәсекелестік бар. Турнирді жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Amanat партиясына алғысымды білдіремін», деді Жансая Әбдімәлік.
Турнир жеңімпаздарының бірі Константин Казаковтың айтуынша, бүгінде елімізде шахматқа деген қызығушылық артқан.
«Осындай турнирлердің өткізіле бастағаны қуантады. Өйткені жас кезімде мұндай іс-шаралар сирек өтетін еді. Қазір бұл спорт түрін дамытуға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуде, партия да өз үлесін қосып отыр. Алдағы уақытта бәсеке деңгейі арта түседі деген ойдамын», деді Константин Казаков.
Турнир қорытындысына сәйкес «Жастар» категориясы бойынша бірінші орынды Константин Казаков, екінші орынды Бақтияр Нұғыманов және үшінші орынды Талғат Ғұбайдуллин иеленді. Ал «Балалар» категориясында Алдияр Аңсат үздік деп танылса, екінші орынды Мадияр Алтынбекұлы және үшінші орынды Әбуәлі Сқақ қанжығасына байлады.
Сайыстың жалпы жүлде қоры 5 млн теңгеден асты. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді белгілі қазақстандық шахматшылар Жансая Әбдімәлік, Бибісара Асаубаева, Дәрмен Сәдуақасов және Меруерт Камалиденова марапаттады.
Айта кетсек, турнир ФИДЕ рейтингтік есебімен швейцариялық жүйе бойынша өтті. Қатысушылардың жеребесі Swiss Manager бағдарламасын қолдану арқылы өткізілді. Amanat CUP турнирі алдағы уақытта жыл сайын өткізілмек.