Халықаралық футбол қауымдастықтарының федерациясы (ФИФА) күні кеше футболдан ұлттық құрамалардың жаңартылған рейтингін жариялады.
ФИФА-ның маусым айындағы әлемдік рейтингі бойынша Қазақстан ұлттық құрамасы бірден 11 саты жоғарылап, 114-орынға жайғасты. Наурыз айындағы рейтингте Қазақстан 125-орында тұрған болатын. Магомед Адиев жаттықтыратын Қазақстан ұлттық құрамасы маусым айында Ұлттар лигасы аясында төрт матч өткізіп, оның үшеуінде жеңіске жетсе, бір ойында тең түсті.
Атап айтар болсақ, жерлестеріміз алғаш Әзербайжан құрамасынан 2:0 есебімен басым түссе, кейін сырт алаңда Беларусь футболшыларымен тең ойнады. Сондай-ақ Словакия құрамасымен екі ойын өткізіп, екеуінде де жеңіске жетті – 1:0, 2:1. Дүниежүзілік рейтингте бес дүркін әлем чемпионы Бразилия көш бастап тұр. Кейінгі орындарға Бельгия және Аргентина құрамалары жайғасқан.