• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
25 Сәуір, 2014

Қазақстанның үшінші жер серігі ғарышқа ұшады деп күтілуде

290 рет
көрсетілді

АСТАНА. 25 сәуір. Зымыран тасығыш «Протон-М» мен еліміздің «ҚазСат-3» және Ресейдің «Луч-5В» аппараттары Байқоңыр ғарыш айлағының ұшыру кешеніне жеткізілді. Бұл туралы Aviation Explorer. ru хабарлады. 28 сәуірде Астана уақытымен сағат 8:25-те «Протон-М» зымыран тасығышы «ҚазСат-3» және «Луч-5В» ғарыштық аппараттарын көкке алып ұшады. Естеріңізге салар болсақ, «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» Акционерлік қоғамының тапсырысымен жасалған «ҚазСат-3» 2014 жылғы 24 наурызда Ресейдің Красноярск қаласынан Байқоңыр ғарыш айлағына жеткізілген болатын. Осы жерде салмағы 2 тоннаға жуық ғарыштық аппаратты соңғы рет тексеруден өткізіп, ұшыруға дайындады. Мамандардың айтуынша, «ҚазСат-3» «ҚазСат-2-ге» қарағанда бірқатар сипаттамасы және орбиталық нүктесі жақсы көрінеді. Аталып отырған жер серігі Ресейдің Решетнев атындағы ақпараттық жер серігі жүйелері компаниясында 3 жыл бойы құрастырылды. Содан кейін Қазақстан тарапына оның қажетті сынақтан өтіп, ұшыруға дайын екендігі хабарланып және тиісті техникалық құжаттары ұсынылды. «Республикалық ғарыштық байланыс орталағы» мамандарының айтуынша, аталған аппараттың 15 жылдай жұмыс істеуге мүмкіндігі бар екен. Егер «ҚазСат-3» жұмысын сәтті бастаса, көктегі «ҚазСат-2» жер серігімен бірлесе қызмет көрсетпек. Бұл екеуінің арқасында отандық телекоммуникация жүйесінің сенімділігі артады. Сонымен бірге, шетелдік ғарыш саласы компанияларына жүгінуіміз азая түспек. Әрине, мұндай жобалар Қазақстанның беделін көтеріп, дамыған отыз елдің қатарына кіруімізге өз үлесін қосатыны белгілі. Тағы бір ерекше тоқтала кетер жәйт, егер «ҚазСат-3» көзделген жеріне жеткізілсе, отандық екі бірдей жер серігі еліміздің аумағынан басқарылмақ. Соңғы 10 жыл көлемінде ғарыш саласы бойынша атқарылған жұмыстар өте көп. Соның нәтижесінде Қазақстан ғарыштық технологиялары жетілген мемлекеттердің қатарына қосылды. Жолдыбай Базар. Дереккөз: Aviation Explorer. ru. Фото: Gazeta.kz.