Әділет министрлігі «Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» Конституциялық заң жобасын әзірледі, деп хабарлайды Egemen.kz.
Уәкіл қызметінің міндеттері - адамның және азаматтың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіруге жәрдемдесу, ҚР нормативтік құқықтық актілерін жетілдіру, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын көтермелеу және ілгерілету.
Құжатқа сәйкес, уәкіл өз қызметін жүзеге асыру кезінде заңдылық, әділдік, бейтараптық, объективтілік, жариялылық, ашықтық, айқындық қағидаттарын және ҚР Конституциясында бекітілген басқа да қағидаттарды басшылыққа алады.
Бұл ретте уәкіл өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезінде тәуелсіз болып, қандай да бір мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдарға есеп бермейді.
Сондай-ақ қылмыс үстінде ұсталған не ауыр немесе аса ауыр қылмыстар жасаған жағдайларды қоспағанда, уәкіл өзінің өкілеттік мерзімі ішінде ҚР Парламенті Сенатының келісімінсіз ұстап алуға, күзетпен ұстауға, үйқамаққа алуға, күштеп әкелуге, сот тәртібімен қолданылатын әкімшілік жазалау шараларын қолдануға, қылмыстық жауаптылыққа тартуға болмайды делінген.
Сондай-ақ уәкіл өзінің лауазымдық міндеттерін орындауға байланысты өзіне белгілі болған мән-жайлар туралы куә ретінде жауап алуға жатпайды.
Оған өз қызметін жүзеге асыру кезінде республика заңдарына сәйкес қауіпсіздікті қамтамасыз ету құқығына кепілдік беріледі.
Уәкілді Қазақстан Президентінің ұсынуы бойынша ҚР Парламенті Сенаты бес жыл мерзімге қызметке сайлайды.
Уәкіл қызметіне сайланатын адам келесі талаптарға жауап беруге тиіс:
ҚР азаматтығына ие болу және оның аумағында соңғы он жыл бойы тұрақты тұру; Жоғары білім; Адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау бойынша кемінде бес жыл жұмыс тәжірибесінің болуы; 30 жастан кіші емес; Мемлекеттік тілді меңгеру; Іс-әрекетке қабілеттілік.Қызметке кіріскен кезде уәкіл ант береді.
Заң жобасында уәкілдің саяси қызметпен айналысуға құқығы жоқ деп көзделген. Өз өкілеттігін жүзеге асыру уақытында ол саяси партияға мүшелігін тоқтата тұрады.
Бұдан басқа, ол мемлекеттік қызметте болуға, кәсіпкерлік қызметпен айналысуға, ұйымдық-құқықтық нысанына қарамастан коммерциялық ұйымды, сондай-ақ оқытушылық, ғылыми не өзге де шығармашылық қызметті қоспағанда, басқа да ақы төленетін қызметті басқаруға қатыса алмайды.
Ол сондай-ақ өкілді органның депутаты бола алмайды.
Құжат 15 шілдеге дейін Ашық НҚА сайтында жария талқылау үшін орналастырылған.