• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
Қазақстан 28 Маусым, 2022

Антына адал азамат

347 рет
көрсетілді

Ауған соғысы туралы айтатын болсақ, Ауған соғысының хас батыры, әскери қайраткер, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаевтың есімі ойымызға түсетіні рас. Бақытжан Ертайұлын танымайтын Алаш азаматы кемде-кем шығар. Ауған соғысы кезінде ержүрек әскери басшы әрі ақылды әскери стратег ретінде көзге түскен ерлігі үшін еліміздің ең жоғарғы наградасы – «Халық қаһарманы» атағы берілді. Кейін Парламент Мәжілісінің депутаты атанып, заң шығару жұмысына белсенді араласты. Мен бүгінгі мақалам арқылы курсанттық етіктің талайын бірге тоздырған тағдырлас досым Бақытжанның қалың оқырман көп біле бермейтін азаматтық қырлары туралы сыр шерткім келеді.

1969 жылы тағдырдың жазуымен В.И.Ленин атындағы Ташкент жал­пы­әскери командалық училищесіне оқуға түстім. Сол жерде алғаш рет Бақытжан Ертайұлымен таныстым. Мен Солтүстік Қазақстан облысынан, ол Жамбыл облысынан оқуға келген. Бұрындары Пуш­киннің тілін жетік меңгермесең, қандай да бір жоғары оқу орнына түсу қиынның қиыны болатын. Ал стра­тегиялық маңызы бар әскери салаға көп­теген қара көздің жолы жабық кез еді. Жергілікті ұлттық кадрларды әскери салаға тартудың өзіндік шектеуі тағы бар. Бір сөзбен айтқанда, жоғары әскери училищеге екінің бірі түсе бер­мейтін. Оған жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар азаматтың шамасы жететін. Бақытжандай ауылдың қара домалақ баласын ешкім құшақ жая қарсы алған жоқ. Шынашақтай ұлдың ерік-жігері ғана оны биік межелерге сүйреді. Әкеден ерте қалған ол өмірдің кермек дәмін жастайы­нан тартты. Оқуын да, үй шаруасын да бірге алып жүріп ержетті. Әкесіз өсті демесеңіз, тәрбиесіз өсті деуге болмайды. «Жақсы әке балаға елу жыл азық» дегендей, әкесінің көзін көрген ауыл жұрты кішкентай Бақытжанға деген көзқарасы оң еді. Ер Баукең – Бауыржан Момышұлы өскен ортадан тәлім алған бала, дала академигі атанған ақсақал абыздардың мектебінен өтті десек, артық айтқандық болмас.

Бақытжан бала болса да, үлкендердің айтқандарын бойына сіңіріп өсті. Өмір секілді телегей мұхитқа қайығы мен ескегін дайындап аттанды. Өмірде бір Жаратқаннан және өзінің қарым-қабілетінен басқа еш нәрсеге сенім артуға болмайтынын жас та болса түсін­ді. Сондықтан мектепті аяқтаған тұста білім мен оқуды меңгеріп, шынығып шымыр болды. Өзінің еңбексүйгіштігінің арқасында жоғары әскери орнына түсті. Мен де жалғыз әжемнің қолын­да тәр­биелендім, ол да жалғыз анасы­ның тәрбиесінде өсті. Екеуміз бір-бірімізді сөзсіз түсініп, жақын дос бо­лып кеттік. Курсанттық өмірдің қы­зы­ғын бір ротада бастадық. Кейін бірге Алматыдағы әскери оқу орнына бірге ауысып, бірге аяқтадық. Оның бойын­дағы қарапайымдылық, сонымен қатар өжеттік пен батылдық әскери ортада жоғары бағаланды. Сондықтан болар, курсант Ертаев қаруластарының ортасында зор беделге ие болды. Екеуміз де оқуды қатар аяқтап, алғашқы лейтенант әскери шенін алдық.

Әрине, «генерал болуды армандамай­тын сарбаз болмайды», оның үстіне біз кадрлық офицер болуды барлығымыз армандадық, алдымызға мақсат қой­дық. Бақытжан және басқа да курстас­тары­мыздың алдында үлкен әскери өмір­дің есігі ашылды. Генерал болуды армандадық. Алайда бұл сүрлеуге толы жол екенін білгеніміз жоқ еді. Дос­ты­ғымызды осындай күрделі жолдан, уақыттың сынынан сүріндірмей сақ­тап алып келдік. Бақытжан Ертай­ұлы­ның Ауған Демократиялық Респуб­ликасындағы даңққа толы әскери жолы басталды.

Жалпы, Ауған соғысының тарихы да, табиғаты да өзгеше. Себебі ондағы әрбір сардар мен сарбаздың елі, туған жері еш алаңсыз өмір кешіп, қатар құрбылары аунап-қунап, кейбірі отбасын құрып, той-томалақ жасап жатқан тұста ауған шатқалынан асқандар оқ пен оттың, өлім мен өмірдің арпалысында күн кеш­ті. Менің курстасым батальонға аға лейтенант шенінде жүріп-ақ командир болды. Негізі, көбінесе майор, подполковниктер комбат болушы еді. Алайда маршал Соколов таулы аймақтағы әс­кери іс-қимылдарына қарап, Ертаев ұсынған тактика түрлерін ұнатып, оны жоғары бағалады. Батальонды бас­қаруы аға лейтенантқа бұйырғаны да сондықтан болатын. Жас та болса, сарбаздардың жүрегіне жол тауып, құр­метіне бөленді. Оларды ұрысқа жігер­лендірді. Бұл тек, өзіне сенімді батыр­ларға, қолбасшыларға тән қасиет. Батальонды басқаруда жігіттерді ұдайы жігерлендіріп, рух беріп тұрды. Сонымен қатар ханмен де, қарамен де теңдей сөйлесе алатын қасиеті соғыс кезінде де, қиыннан қиыстырып жол табуға, жеңіске жетуге сеп болды. Бірде жергілікті тұрғындармен әңгіме барысында Бақытжанды «мұсылмансың ба?» деп ауғандықтар сұрақтың астына алады. Ол жерде дінге деген көзқарастың ерекше екендігі белгілі. Сол сәтте ол жоғарыда айтып өткен ақсақалдардың айтқандарын есіне түсіреді. Ауыл ақ­са­­қалдары қарасирақ баланы әр түрлі сұраққа алып, жауаптарын өздері үйре­тетін. Соның бірі мұсылман екеніңді дәлелдеу үшін «Ашхаду алла иляха илляЛаху уа ашхаду әннә Мұхамәдән ғабдуху уа рассулаллах» деп айтқызғаны есіне түсіп, соны қайталайды. Жергілікті ауғандық жұрт кеңестік офицердің сөзіне иланып, сенім білдіреді. Сол кезден бастап жауынгерлерге тұтқиылдан жасалатын күтпеген шабуылдар тоқ­тайды. Соның арқасында көптеген сар­баз үйіне аман-есен оралды. Ал командир үшін жеке құрамның өмірін сақтап қалу – бірінші кезектегі міндет. Өзінің міндетін мінсіз атқара білген жас офицер әскер басшылығы тарапынан да, тіпті жергілікті халық тарапынан де зор құрметке бөленді. Ауғандағы тоғайдың біріне Бақытжанның есімін берген. «Бақтияр тоғай» атауы менің курстасымның атына берілгені бірге оқыған біздің ғана емес, бүкіл Алаш жұртының мерейін асырды.

1980 жылы мен М.В.Фрунзе атын­дағы Әскери академияға оқуға түстім. Арағы екі жыл салып, Бақытжан Ертай­ұлы да академияға келді. Екеуміз та­ғы да бір жерде оқимыз. Осыған дейін демалыстарда кездесуші едік. Мәс­кеуде тіптен бір-бірімізге қолдау көрсе­тіп, біте қайнасып кеттік. Ол кезде әскери қызметтің бел ортасынан келген кезіміз. Курсанттық кезден жалғасқан достығымыз бар. Енді отбасыларымызбен бірге аралас-құралас болдық. Бауырмалдығымыз нығая түсті. Екеуміз оқуда да, қызметте де бір-бірімізге сеп болуға тырыстық.

Оқуды аяқтағаннан кейін екеуміз тағы да екі жаққа жол тарттық. Ол Гер­манияда полк қолбасшысы лауазы­мына тағайындалды. Жат жерде де біліктілігі мен тәжірибесінің арқасында үлкен беделге ие болды. Кеңес өкі­меті ыдырағанша шетелде қызмет атқа­рып, тәуелсіздігімізді алғанда ал­ғаш­қылардың бірі болып атақты гене­рал Сағадат Нұрмағанбетовтің қа­сы­нан табылды. Ұлттық әскерімізді құрудағы ұлттық кадрымыздың бірі болды. Еліміз егемендігін алған жылдары кездесулерміз жиілей түсті. Өйткені еліміздің қорғаныс саласын нығайтуға бірге атсалыстық. Иық тіресе жүріп, қазақстандық әскердің қалыптасуына септігімізді тигіздік. Курсант кезіміздегі арманымыз болған генерал жоғары әскери шеніне қол жеткіздік. Бір біле­тінім, генерал Б.Ертаев – өміріндегі барлық жетістігіне әскердің барлық соқпағы мен қиындығын еңсеру арқылы қол жеткізген үлкен еңбек иесі. Ол іс жүзінде нағыз батыр, нағыз командир екенін дәлелдеді. Оның қызметтік жолына көз салсақ, нағыз көшбасшы офицердің тұрпатын танимыз. Әскери мансабымызды аяқтағаннан кейін, 2012 жылы екеуміз де Парламент Мәжілісінің депутаты атандық.

Саясаттың сахнасында әскери қол­басшы басқа қырынан ашыла түсті. Ең бірінші кезекте, ол әскери қыз­метшілердің әлеуметтік мәселелерін шешуге белсене атсалысты. Өйткені өзі де курсанттан бастап генералға дейін сара жолды мүдірмей өтті. Сондай-ақ көп жылдан бері сеңі бұзылмаған ауғандық және локалды соғыстар мен қақтығыстар ардагерлеріне қатысты заң жобасын әзірлеуге бастамашы болды. Соның нәтижесінде ауғандықтардың көпжылғы мәселелері өзінің шешімін тапты. Курстасыммен қосарлана жүре Парламент қабырғасында көптеген ел тағдырына қатысты заң жобасын қабылдауға еңбек еттік.

Қоғамдық өмірде әртүрлі жағдайлар кездеседі. Бірде жиналысқа келіп, үс­телдің үстінен секіріп, орындыққа отырған сәтім болған. Оны бүкіл жұрт талқыға салды. Сонда мені сынаған әріптестерім де болғанын жасырмаймын. Сол кезде журналистердің бірі Бақытжанға келіп «Депутат Тас­бо­латовтың әлгі әрекетін қалай баға­лайсыз?» деген сұрақ қояды. Сонда Бақы­­тжан ойланбастан «Генералға не істесе де жарасады. Демек А.Тасбо­латовтың істегенін дұрыс деп ойлаймын», деп өз ойын айтады да жұмысына кетеді. Кейін маған келіп, «Сен не істедің?», деп сұрақ қойды. Мен мән-жайды түсіндірдім. Бір риза болғаным оның маған деген рия­сыз сенімділігі, достық пейілі. Өйткені қоғам­да бұл әрекетімді екіұдай түсініл­ді. Тек курсанттық шинелді бірге тоз­дырған әріптесім ойланбастан достық қолдауын көрсеткендердің бірегейі болды. Мұның барлығына біліммен қатар, өмірге құштарлық қуаттың, шексіз адал­дықты талап етіледі. Бақытжан курс­тасымда мұндай энергия жетіп арты­лады. Бүгінгі күннің өзінде еңбек дема­лысында құр жатпай бұқаралық ақпа­рат құралдарында өз ойымен бөлісіп жүр. Жастарға бағыт-бағдар беріп, елжандылыққа тәрбиелеу ісіне белсенді араласып келеді. Жүрегіндегі жалынды жоғалтпаған, жетпістің асқарына жақындаған досымның бейнесіне қарап кезінде өзіне жол сілтеген сол баяғы дала ғұламаларына тән данагөйліктің белгісін байқаймын.

Әскери және мемлекет қайраткері Бақытжан Ертаев – бүгінгі өскелең ұр­паққа үлгі боларлық тұлға. Оның Отанға деген адалдығы, елі мен жеріне деген сүйіспеншілігі, қызметке деген риясыз берілуі және өзінің тумысынан қалыптасқан азаматтық һәм адами қасиеттерінен үйренетініміз мол. Кейіпкеріміз майданда батыр, қызметте сенімді қарулас, өмірде адал дос бола білсе, үйінде өнегелі отбасы иесі. «Ер үйдің егесі, әйел үйдің шегесі» демекші, жан жары Зейнехан нағыз офицердің жары ретінде әскери өмірдің барлық қиыншылығын Ерекеңмен бірге жүріп, бірге көтерісті. Офицердің көбі жеке құраммен уақытының көбін өткізетіні әу бастан белгілі. Сонда үйінде әкесінің жоқтығын білдірмей, бала-шағасын бағып-қағып өсірді. Бүгінгі күні екеуі ұлағатты ата-әже ретінде жарасымды жұп болып жүр. Алла берген жасты бірге жасасын деген достық тілегімді айтқым келеді.

Болашақта Бақытжан курстасым туралы әлі талай көлемді дүниелер жазылатыны сөзсіз. Мен бүгінгі мақалам арқылы солардың жүзден бірін ғана жеткіздім. Әлі де елге берері көп, алар асулары алда. Елім дейтін Ертаевтай ерлер аман болғай!

 

Абай ТАСБОЛАТОВ,

әскери қайраткер,

генерал-лейтенант