• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 29 Маусым, 2022

Орал қоқыс астында қалуы мүмкін

373 рет
көрсетілді

Қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару тарифі өзгермесе, Орал қоқыс астында қалу қаупі бар. Қаржыға байланысты қоқыс шығаратын «Орал Таза Сервис» мекемесі жұмысын тоқтатуы мүмкін, деп жазады Egemen.kz.

«Орал Таза Сервис» ЖШС директоры Рафхат Данағұловтың айтуынша, кәсіпорын жұмысшылары ақпанның соңында наразылық білдіріп, жалақыларын 150 мың теңгеге дейін көтеруді талап еткенімен, әлі күнге дейін 110 мың теңгеге жуық еңбекақы алып отыр.

«Олар өз талаптарын азық-түлік пен коммуналдық қызметтердің қымбаттап жатқанымен түсіндірді. Олардың көбі көпбалалылар қатарында, жалдамалы баспанада тұрады, ал пәтер ақысы арзандап жатқан жоқ. Бағаның үздіксіз өсуіне байланысты отбасына қаражат жетпей отыр. Біз оларды жұмысқа шығуға әрең көндірдік және өз кезегінде жаңа тарифтің бекітілуіне сеніп, жалақыны өсіруге уәде бердік», дейді кәсіпорын басшысы.

Оның айтуынша, былтыр қараша айында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бензин мен қосалқы бөлшектердің қымбаттауына байланысты қоқыс шығару тарифін көтеру туралы жергілікті атқарушы органдарға өтініш берген. Бірақ қаңтар оқиғасы мен Қазақстанда коммуналдық қызмет тарифтерін көтеруге мораторий жариялануына байланысты бұл мәселе шешілмеді.

«Біз үлкен қиындыққа тап болдық – не жалақыны көтере алмаймыз, не жұмысты тоқтата алмаймыз. Бірақ жақында жұмысшылар өздерінің әділ талаптары орындалмауына байланысты жұмысқа шығудан бас тартуы мүмкін. Сондай-ақ біздің кәсіпорынның жүргізушілері мен темір ұсталары да жұмыс істеуден бас тарта ма деп қорқамыз», деп жалғастырды директор.

Компанияда атап өтілгендей, бүгінде халықтың қоқыс шығару қызметі үшін кәсіпорын алдындағы қарызы 190 миллион теңгеге жуықтаса, екі жыл бұрын бұл көрсеткіш 250 миллион теңгені құраған. Борышкерлерге қатысты мәселелер тек ескрету арқылы, одан кейін сот орындаушылар арқылы қарызды төлемеген азаматтардың жеке шоттарына тыйым салу арқылы ғана шешіліп отыр.