«Пренаталдық диагностиканың таңдаулы мәселелері» тегін курсын «Шеврон» компаниясының қаржылай қолдауымен AYALA қайырымдылық қоры ұйымдастырды. Оқыту Нұр-Сұлтан қаласындағы Ақмола облысының №2 көпсалалы ауруханасын сараптамалық сыныптағы УДЗ-аппаратпен және 8 кардиомонитормен жабдықтау жөніндегі жобаның соңғы кезеңі болды.
Сараптамалық сыныптағы УДЗ-аппараттарымен қамтамасыз ету және дәрігерлерді туа біткен деформация аномалиялары мен хромосомалық бұзушылықтарды құрсақ ішіндегі анықтау бойынша оқыту – Денсаулық сақтау министрлігі үшін балалардың мүгедектігін қысқарту туралы мәселені шешудегі басты басымдықтардың бірі.
Кәсіпорынның Қазақстандағы қоғаммен байланыс жөніндегі үйлестірушісі Жанар Қошпанованың айтуынша, кардиомониторлармен бірге пренаталдық скринингке арналған УДЗ-жабдықтары және арнайы әзірленген біліктілікті арттыру бағдарламасы дәрігерлер мен болашақ ата-аналарға әлі дүниеге келмеген сәбидің денсаулығы туралы толық ақпарат алуға мүмкіндік береді.
«Біз пренаталдық диагностикадағы дәлдік пен уақтылы ауыр, дәрігерлік түзетуге келмейтін кемістіктері бар балалардың тууын болдырмауға көмектесетініне және еліміздің болашақ ұрпақтарының генетикалық денсаулығын қалыптастыруға елеулі үлес қосатынына сенімдіміз», деді Ж.Қошпанова.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2022 жылдың 1 қаңтарында Қазақстанда түрлі аурулар бойынша 18 жасқа дейінгі мүгедек балалар саны 98 мыңнан асты. Салыстырмалы түрде айтсақ, 2010 жылы бұл көрсеткіш жарты есеге аз болып, 49 349 баланы құрады. Біз жыл сайын мүгедек балалар санының қарқынды өсіп келе жатқанын байқап отырмыз. Бұл ретте екі негізгі себеп басым – бұл туа біткен деформация аномалиялары және хромосомалық бұзылулар, сондай-ақ жүктілік пен босану ағымының асқынулары. Сондықтан пренаталдық диагностиканы жетілдіру және даму кемістігі бар балалардың тууын болдырмау – Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы Ана мен бала денсаулығын қорғау департаментінің басым бағыты.
AYALA қоры 15 жылдан бері Қазақстанда бала өлімі мен мүгедектікті азайту бойынша жұмыс істеп келеді. «Осы уақыт ішінде біз 1 100-ден астам реанимациялық жабдықтарды пренаталдық орталықтар мен балалар ауруханаларына бердік. Биыл дәрігерлерге құрсақ ішілік дамудың түрлі патологиясын дәл және дер кезінде анықтауға, сондай-ақ неонаталдық офтальмологиялық скрининг жүргізуге көмектесетін диагностикалық құрал-жабдықтарды сатып алуға күш саламыз. Денсаулық сақтау министрлігі Ана мен баланы қорғау департаментінің басшылығымен кездесуде ортақ басымдықтарымыздың толық сәйкес келетініне көз жеткіздік. Еліміздің медициналық мекемелерін сараптамалық сыныптағы УДЗ-аппараттармен қамтамасыз ету және УДЗ-дәрігерлерді нақты пренаталдық диагностикадан өткізу жөніндегі бастамамыз «Шеврон» компаниясының қолдауына ие болғанына қуаныштымыз. Біз осы қауіпті трендті бірге өзгертіп, Қазақстандағы сәбилердің мүгедектігін азайта аламыз», деді AYALA қоғамдық қорының президенті Айдан Сүлейменова.
«Шеврон» компаниясының қаржылай қолдауымен Нұр-Сұлтан қаласындағы Ақмола облысының №2 көпсалалы ауруханасында 8 кардиомонитормен жиынтықталған SAMSUNG өндірісінің сараптамалық сыныптағы HERA W10 аппараты орнатылды. Бұл жобаны тұрақты дамыту үшін AYALA қоры «Пренаталдық диагностиканың таңдаулы мәселелері» арнайы курсын әзірледі, одан құрамдастырылған форматта (онлайн және офлайн) Денсаулық сақтау министрлігі ұсынған Қазақстанның түкпір-түкпірінен 20 УДЗ-дәрігер оқудан өтті. Онлайн оқытуға дәрістер, онлайн симулятордағы тапсырмалар, үй тапсырмаларын орындау және оны аяқтау кезінде міндетті қорытынды тестілеу кірді. Офлайн оқыту аурухананың өзінде УДЗ-аппараттың орнатылған базасында өтті. Тәжірибелі оқытушы – жоғары санатты практик УДЗ-дәрігерімен бірге қазақстандық ауруханалардың дәрігерлері жүкті пациенттерді ультрадыбыспен тексере алды, диагноздар қоюға және құрсақ ішіндегі туа біткен деформация аномалиялары мен хромосомалық бұзылуларды анықтауға тәжірибе жинақтады. Барлық дәрігер біліктілігін арттыру туралы сертификат алды, ең бастысы – балалардың туа біткен және тұқым қуалайтын ауруларының алдын алуға көмектесетін білімге және практикалық дағдыға ие болды. Компания 2010 жылдан бастап қазақстандық дәрігерлердің біліктілігін арттыруға қолдау көрсетіп келеді. Компанияның қолдауымен 1 мыңнан астам дәрігер жаңа туған нәрестелерге күтім жасаудың жаңа әдістеріне тегін оқытылды. Олардың ішінде 647 дәрігер «AYALA онлайн-академиясы» платформасының 3 тегін курсында оқуға тіркелді. Қазіргі уақытта қазақстандық дәрігерлер мен медбикелерге арналған тағы 4 курс әзірленуде.
Айта кететін бір жайт, AYALA қайырымдылық қоры 2007 жылдың мамыр айында құрылған. Қордың миссиясы – Қазақстандағы қайырымдылық дәстүрі мен мәдениетін тәрбиелеу. 15 жыл ішінде қор еліміздің 67 елді мекенінде 242 мемлекеттік балалар медициналық және білім беру мекемелерін қамтыды. Қор жұмысының негізгі бағыттары – балалардың денсаулығын сақтау, білім беру және халықтың әлеуметтік осал топтарына көмек көрсету саласындағы әлеуметтік және қайырымдылық жобаларды іске асыру. AYALA қорының барлық жобаларының негізгі мақсаты – балалардың өмірін жақсартатын қоғамдағы оң өзгерістер. Қор назарды қажет ететін проблемалық аймақтарды анықтайды және оған көмектесе алатын демеушілерді тартады. Тұрақты, ашық және жария жұмыс істейді. Қор тартқан барлық қаражат әлеуметтік және қайырымдылық жобалар мен бағдарламаларды іске асыруға ғана пайдаланылады.