Бокс. Болгарияның астанасы – София қаласында 24 сәуір күні мәреге жеткен жастар арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы ресми емес командалық есепте бірінші орынды жеңіп алды. Бас жаттықтырушы Ғалым Кенжебаевтың жаһанның жас жігіттер арасындағы IV біріншілігінде 2 алтын, 2 күміс медальды еншіледі. Алтын жүлде Шалқар Айқынбай (49 кг) мен Абылайхан Жүсіповке (60 кг) бұйырды. Бұлардың соңғысы бұған дейін әлемнің жасөспірімдер арасындағы (2013) және Азияның жастар арасындағы (2014) чемпионы атанып үлгерген. Бұған қоса, осы жылы құрлықтың «ең үздік боксшысы» да атанған еді.
Чемпионатта күміс медальдарды Сұлтан Зәуірбек (56 кг) пен Вадим Казаков (69 кг) қоржынға салды. Бұдан басқа, қыздар арасында үшінші мәрте өтіп отырған чемпионатта Алуа Балқыбек (51 кг) қола медальды қанжығаға байлады.
Волейбол. Талдықорғанның «Жетісу» әйелдер командасы Азияның клубтық чемпионатында үшінші орын алды. Ол бұл атаққа «Тайпей» командасымен кездесуді 3:0 етіп жеңіспен аяқтау арқылы қол жеткізді.
Таиланд астанасы – Бангкок қаласында өткен турнирде қазақстандық волейболшылар топтық бес ойынның төртеуінде жеңіске жетіп, ширек финалға шықты. Онда Вьетнам командасын ұтқан қыздар жартылай финалда жапонның «Хисамицу Спрингс» командасынан үш партияда ұтылды.
«Егемен-ақпарат».