• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Аймақтар 30 Маусым, 2022

Абыз басылымның ғасырлық мерейтойы

385 рет
көрсетілді

Қостанайлықтар өңір баспасөзінің қарашаңырағы – Qostanaı tańy газетінің ғасырлық мерейтойын атап өтті. І.Омаров атындағы қазақ драма театрында өткен салтанатты жиынға облыс басшылары, өңір зиялылары, журналистер қауымы, сондай-ақ айтулы мерейтойға алыстан арнайы келген филология ғылымдарының докторы, Журналистика академиясының академигі Серікқали Байменше, белгілі журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қарымды қаламгер Қайсар Әлім қатысты.

Осыдан бір ғасыр бұрын «Ауыл» деген атпен жарық көрген абыз басылымның бастауында қазақтың тұңғыш кәсіби жур­налисі Мұхамеджан Сералин мен ұлт әдебиетінің алыбы Бейімбет Майлин тұрған еді. Жиынның кіріспесінде көп­шілік газеттің қысқаша шежіресі қам­тылған «Дәуір жаршысы» атты деректі фильм­ді тамашалады. Мерекеге жиналған жұрт­қа театр ұжымы тарту еткен қысқаша сахналық көрініс те ерекше әсерлі шықты. Бір үзік қойылымда өнерпаздар ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы, қос арыс – Мұхамеджан Сералин мен Бейімбет Майлиннің арасындағы рухани үндестік пен төрттаған сабақтастықты сәтті үйлес­тіріп, көпшілік қошеметіне бөленді.

Ғасырлық белесін бағындырған газет ұжымын құттықтаушылар легін облыс әкімі Архимед Мұхамбетов бастады.

– «Қостанай таңы» – ғұмыры тұнған шежіре, тасқа басылған тарихы бар, қа­зақтың талай марқасқа қаламгерлері мен қай­раткерлері тер төккен, солардың қол­таңбасы қалған қара шаңырақ. 1922 жылы тұңғыш саны жарық көрген басылым қысқа мерзім ішінде «Халықтың көзі, құлағы һәм тіліне» айналды. Басы­лымның қайнар бастауында тұр­ған қа­зақ журналистикасының көшбас­шы­сы Мұхамеджан Сералин мен қазақ әде­биетінің ақиығы Бейімбет Майлин газет­ті өңір айнасы етумен қатар, ұлттық-саяси көзқарасты оятты және қазақ журна­листикасының ілгері дамуына тың серпін берді. Дәуірдің қилы-қилы кезеңдерінде Qostanaı tańy атауы «Социалды ауыл», «Большевиктік жол», «Коммунизм жо­лы», «Коммунизм таңы» секілді сегіз рет өзгерген. Осы атауларынан-ақ басы­лым­ның саяси ұстанымын байқауға болады. Еліміздің талайлы тағдырын жүз жылдық шежіресі бар газет бірге кешті. ХХ ғасырдың өзгерістерін де, төңкерісті де, қуғын-сүргінді де, қанды қырғынды да, тоқырауды да бірге көрді. Газет тарихындағы ең бір жарқын беттер – сөз жоқ, Тәуелсіздік алған жылдар. Еліміз осы жылдары ілгері даму жолына түсті. Тәуелсіздіктің шырғалаң жылдарында газетіміз әлеуметтік әділдік туын көтеріп, ұлттық мүддені ұран етті. Қостанай-Тор­ғай жылнамасының өрлеу жолдарында редакция ардагерлерінің де еселі еңбегі, айырықша қолтаңбасы жатыр. Қазіргі таңда басылым заманауи жаңғыру үдерісін жүзеге асырып, ішкі мазмұны мен сыртқы келбетін сапалық тұрғыдан өзгерткен. Озық технологиямен қайта жаңғырып, мультимедиялық мүмкіндіктері кеңейе түсті. Газетті ғасырлық торқалы тойымен шын жүректен құттықтап, редак­ция ұжымына шығармашылық табыс, жетістік, отбастарына бақ-береке, амандық тілеймін! – деді әкім.

Аймақ басшысы құттықтау сөзінен кейін газет ұжымына 1 млн теңгенің сертификатын табыс етті.

Еңбек жолын осы басылымда бастап, редакция қабырғасында бірталай жыл жемісті еңбек еткен қарымды қалам­гер, белгілі журналист Қайсар Әлім аға­мыз да қолына алғаш қалам ұстатқан қара­шаңырағы туралы тебірене сөйлеп, ал­ғашқы ұстаздарының бірі, «Қостанай таңының» ардагері, газетпен бірге жасасып, бүгінде тоқсанның бел ортасынан асып жүзге аяқ басқан қарт майдангер Қасымхан Алдабергеновтың иығына шапан жапты.

Бейімбеттің бай мұрасын көп зерт­теген зерделі ғалым, 2013 жылы Троицк қаласында «Айқап» пен «Қазақ» газе­ті­не ескерткіш белгі орнату ісінің басы-қа­сында болған бейімбеттанушы Серік­қали Байменше «Қостанай таңы» газетінің ұжы­мына Бейімбет аударған Павел Бы­ков­тың «Романовтардың соңғы күнде­рі» романының латын қарпіндегі бірнеше бетінің көшірмесін тарту етті.

Жиынды түйіндеген «Қостанай таңы» газетінің бас редакторы Жанұзақ Аяз­бекұлы Тобыл өңірінде қазақ баспасөзінің пайда болу тарихын шолып өтті.

– Өткен ғасырдың жиырмасыншы жыл­дары билікке соғыс, ашаршылық, қуаңшылық, індеттен күйзелген жұрттың еңсесін көтеру, ортақ іске жұмылдыру керек еді. Бір ғажабы, ол үшін аса қа­жетті шара – қазақша газет шығару болып шықты. Сенсеңіз, шын мәнінде қа­зақша сөзге деген зәрулік туған! Алғаш­қы санынан-ақ басылым мемлекет мүд­десімен қатар, ел мен жер, тіл мен діл, ұлттық құндылықтар хақында түрлі мә­се­лелер көтерді. Халықтың сөзін сөй­леді, мұңын жоқтады. Бұлай болуының бір­ден-бір себебі, басылымның тұтқасын ұстаған қазақ журналистикасының атасы Мұхамеджан Сералин мен қазақ әде­биетінің классигі Бейімбет Майлинге тіке­лей байланысты еді. Олар қайнаған тірліктің ортасында жүрген, көсем сөз­дің шебері болатын. Көзкөргендер: «Бірінші нөмірі бұлт арасынан шыққан күндей жарқ етіп, елге тарады. Жұрттың бәрі ынтыға оқыды, үйді-үйіне жаздырып алды» деп жазды. Жылнамаға көз жүгіртсек, елдің бастан кешкен қилы-қилы кезеңдерде «Қостанай таңының» атауы жүз жылдың ішінде 8 рет өзгеріпті. Басым көпшілігінде коммунистік идеологияның сойылын соқты, салт-дәстүр, дініміз бен ділімізден безінуге үндеген материалдар негізін құрады. Сол үшін де қуғын-сүргінге, жа­зықсыз жазаға ұшыраған арыстардың ұрпақтарынан кешірім сұраймыз. Ғасыр бойы басылымның елге қызметі ұшан-теңіз. Газет қоғамның әлеуметтік-эко­номикалық дамуына, саяси-мәдени дүние­танымын жетілдіруге, руханиятын ба­йытуға зор ықпал етті. Сайып келгенде, «Қостанай таңы» – ха­лық газеті. Өңір­дің өсіп-өнгенін, ілгері дамуын, тірлік-тіршілігін жазды, жазып жүр, жаза да береді. Той құтты болсын, ағайын! – деді газет басшысы.

«Қостанай таңы» газетінің ғасыр­лық мерейтойымен қатар, сол күні қазақ көсем­сөзінің көшбасшысы Мұхамеджан Сералиннің 150 жылдығына арнал­ған медиафорум өтті. Форум барысында Серік­қали Байменше ағамыз жергілікті БАҚ өкілдеріне арнап «Ашық диалог: қазақ тіл­ді журналистиканың дамуы туралы» дәріс оқыды.

Ашық әңгіме, емін-еркін сұхбат түрін­де өткен кездесу барысында қайраткер ­жур­налист «Қостанай таңы» газетінің тарихын да тарқата әңгімелеп берді.

– 1922 жылы М.Сералин Қазаннан арнайы шрифт әкеліп, «Ауыл» газетін аша­­ды. Содан алғашқы нөмірлері шыға бастағаннан-ақ, жағдай болмай тоқтап қалады. 2023 жылдың 1 қыркүйегінен «Ауыл» қайта шыға бастайды. Сол кезден бастап М.Сералин Бейімбетті өзінің орынбасары етіп шақырады. Газеттің бүкіл жұмысын Бейімбет атқарады. Шын­дығын айтқанда, газетті Бейімбеттің жал­ғыз өзі шығарады. 1924 жылы газеттің бір жылдығына арналған санында «Ауыл­дың» жүрегі әм жұлыны» деген мақала бар. Бейімбеттің бүкіл журналистік қыз­метінің бәрі осы мақалада қамтылған. Ал Бейімбеттің өзі «Сералыұлы» деген мақала жазып, Мұхамеджан Сералиннің қазақ баспасөзіне сіңірген еңбегін жылға жіктей көрсете отырып, жоғары баға берген. Бұл да үлкен құрмет, – деді ғалым.

 

Қостанай облысы