• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Экономика 30 Маусым, 2022

Тартымды жобаларға инвестор дайын

492 рет
көрсетілді

Қазақстан экономикасын дамыту және әртараптандыруға шетелдік инвесторлар белсенділік танытуда. Бұл елордада «Astana Finance Days 2022: Тұрақтылық, әлеуметтік жауапкершілік, өсу» тақырыбында өткен халықаралық конференцияда белгілі болды.

Тәуелсіздік жылдары елімізге 390 млрд доллар көлемінде тікелей шетелдік инвестиция тартылған екен. Оның басым бөлігі соңғы 10 жылда салынған. Мәселен, былтыр инвестициялардың жалпы ағыны 24 млрд долларды құраған. Бұл – алдыңғы жылмен салыстырғанда 38%-ға артық көрсеткіш. Соның ішінде мұнай және газ саласына салынған салымдар 28%-ды ғана құраса, 2018-2019 жылдары олардың үлесі 50%-ға тең болған. Халықаралық жиынға қатысып, сөз сөйлеген Үкімет басшысы еліміздің әр саласына инвестицияның көбеюі ел экономикасын әртараптан­дыру белсенді жүріп жатқанын көрсететінін, енді энергетика мен ауыл шаруашылығы саласындағы мүмкіндіктерді көбірек зерделеу қажеттігін айтты.

Конференция барысында көптеген шетелдік инвестор өз жобаларын таныстырды. Мысалы, «Шеврон» компаниясы Тікелей инвестициялар қорын құрғанын жеткіз­ді. «Астана» халықаралық қаржы орталығында ашылған Chevron Direct Investment Fund ком­пания­­сы Энергетика министрлігімен жасалған меморандум аясында құрылып отыр. 2021 жылғы 11 қазанда министрлік пен компания 248,5 млн доллар сомасында инвестиция құю қорын құру туралы келісімге келген.

Енді, міне, жаңа инвес­тор-компания Қазақстанның ақпараттық және цифрлы технологиялар, қоршаған ортаны қорғау, мұнай-газ бен қызмет көрсету, тауар өндіру салаларындағы кәсіпорындар­ға инвестиция құю арқылы ел экономикасына қолдау  көрсет­пек. «Іріктеу барысында біз «Шеврон» компаниясының экономикалық жобаларға деген талаптары мен критерийлері тиімді ұйымдастырылғанын көрдік. Сондықтан олардың мол тәжірибесі қазақстандық кәсіпкерлердің әлеуетінің   өсуіне ықпал етіп, экономиканы дамытуға арналған бизнес-жобалар да тартымды болады деген үміттеміз», дейді Энергетика министрі Болат Ақшолақов.

Ал «Шеврон» компаниясы Еуразия бөлімшесінің Қаржы жөніндегі бас менеджері Дэймон Торнбергтің айтуынша,  компания Қазақстанның стратегиялық жоспарларына сай келетін, экономиканың кірістілігін арттыратын жоба­ларға инвестиция құюды қарас­тырып жатыр. Егер кәсіп­керлер тарапынан барлық талапқа сай келетін тартымды бизнес жобалары болса, қаржыландыруға өтініш бере алады. Барлық ақпаратты www.cdif.kz сайтынан алып, осында өтінім қалдыруға болады.