Ата Заңымыздың 53-бабында: Республика Парламенті өзінің бірлескен отырысында «соғыс және бітім» мәселесін, сондай-ақ «Республика Президентінің ұсынысы бойынша бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау жөніндегі халықаралық міндеттемелерді орындау үшін Республиканың Қарулы Күштерін пайдалану туралы шешім қабылдайды», деп анық көрсетілген. Бұл – кеше ғана енгізілген жаңалық емес, ұлттық парламентаризм тарихында бұрыннан бар үрдіс. Қазақстан Парламенті 2013 және 2018 жылдары мұндай шешім қабылдаған.
Сенат биылғы 22 сәуірде Қарулы Күштеріміздің бітімгершілік қызмет атқару жөніндегі есебін тыңдап, арнайы Орталықтың жұмысымен танысты. Сонда мәлім болғандай, 2014 жылдан бері қазақстандық әскерилер үш мемлекетте – Батыс Сахара, Кот-д-Ивуар мен Ливандағы бітімгершілік контингентінде түрлі қызметтер атқарған.
Дәл қазір Жер шарының әр түкпірінде 12 бітімгершілік миссиясы өтуде. Ал Батыс Сахарада – 6, Ливанда 9 қазақстандық бітімгер өздеріне жүктелген тапсырмаларды абыроймен орындап жүр.
Мына бір нәрсеге ерекше назар аударғым келеді. Бітімгерлердің бәрі бірдей мұздай қаруланған жауынгер емес, олардың арасында штаб офицерлері, әскери заңгерлер, әскери дәрігерлер, инженерлер мен бақылаушылар да бар. Олар тіл үйренудің жеделдетілген арнайы курстарынан өтеді. Кейінгі жылдары қазақстандық бітімгерлер қатарын АҚШ, Ұлыбритания, т.б. мемлекеттердің әскери академияларын бітірген, ағылшын тілін еркін меңгерген жас офицерлер толықтыруда. Бітімгерлерге жыл сайын ротация да жасалып отырады.
Қазақстанда 2006 жылы алғаш бітімгерлер даярлайтын оқу орталығы ашылып, ол 2020 жылдан бері Бітімгерлердің арнайы орталығы болып қайта құрылды. Бұл – Орталық Азиядағы ең ірі даярлық орны. Қазір дүние жүзінің 50-ден астам елінде дәл осындай 140 орталық жұмыс істейді. Қазақстандық орталық 2021 жылы өткізген «Штаб офицерлері» курсында Ұлыбритания, Испания, Қырғызстан, Мозамбик сияқты мемлекеттердің өкілдері болды. Ал былтыр қараша айында өткен «Бейбіт халықты қорғау» курсына Бангладеш, Бразилия, Мавритания, Мозамбик, Нигерия, Пәкістан, Сауд Арабиясы және Финляндия мемлекеттерінің өкілдері қатысты.
Жалпы, бітімгерлер даярлайтын қазақстандық орталықтың жұмысына халықаралық деңгейде өте жоғары баға берілуде. БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Жан-Пьер Лакруа 2019 жылы орталық жұмысымен танысып, оған БҰҰ-ның стандартына сәйкес «Штаб офицерлері» мен «Бейбіт халықты қорғау» бойынша арнайы сертификаттарын тапсырды.
Пандемия әлем елдеріне тұтқиылдан келген қатермен бірлесе күресіп, селбесе септесуге үйретті. Бітімгершілік миссиясы да жаһандық қауіпсіздік пен бейбітшілікті ортақтаса орнықтыруға бағытталған.
Қазақта «алаған қолым береген» деген бабалар сөзі бар. Біздің халқымыз – дос пейілмен жасалған көмекті ала да білетін, мұқтаж болғандарға дәл осындай жағдайда бере де білетін халық.
Біз Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастауымен заңға ғана бағынатын, Жаңа және Әділетті Қазақстан орнату жолындамыз. Әділдік пен адалдықтың бір шарты – берген сертке беріктік. Әлемдегі ең беделді қауымдастық – Біріккен Ұлттар Ұйымы мандатымен қызмет атқаратын бітімгер қатарында болу – сертімізге адалдықтың белгісі.
Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕД,
Парламент Сенаты Халықаралық қатынастар,
қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы