АСТАНА. 26 сәуір. Парламент Мәжілісінің депутаттары түрмеде жазасын өтеушілердің сәлем-сауқат алып тұруларына түсіністікпен қарады. Бұл туралы «Экспресс К» хабарлады.
Парламент Мәжілісі Қылмыстық атқару кодексінің жобасын талқылауды аяқтап, өздерінің соңғы нүктесін қойды. Бұл жобаны қараудың ендігі кезегі Парламент Сенатында.
Аталған құжат Мәжілістің қарауына 2013 жылдың қыркүйегінде түскен болатын. Содан бері осы заң жобасын талқылау барысында депутаттар белсенділік танытты. Өйткені, бұл құжаттың түрмелердегі 40 мыңдай жазасын өтеуші мен олардың туған-туыстарына тікелей қатысты екені ойлантса керек.
Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің өкілі Динара Әбдірахманова: «Қылмыстық атқару кодексінің жобасында көптеген жаңа ережелер бар. Мәселен, бас бостандығынан айрылған адам өзін жақсы жағынан көрсете білсе, оның жазасы біршама жеңілдеуі мүмкін», – дейді.
Сондай-ақ, бұл Кодексте сотталғандардың міндеттері мен құқықтары біршама кеңейтілді.
Тағы бір айта кетер жәйт, Кодекс жобасын ұсынушылар түрмелердегі жағдай жақсара түскенін ескере келе, жазасын өтеушілерге отбасы, жора-жолдастары, ағайын-туыстары тарапынан жеткізіліп тұратын ас-ауқаттың берілуін қажет деп таппаған болатын. Бірақ депутаттар түрмеде отырғандардың сәлем-сауқат алып тұру құқығына шектеу қоймады. Тек мұндай сәлемдемелер арнайы кездесу орнында ғана берілу керектігі мақұлданды.
Сонымен қатар, Кодекс жобасына сотталушыларға жағымсыздау болуы мүмкін өзгеріс те енгізіліп отыр. Нақтылап айтсақ, бұл ендірілген түзету бойынша, сотталушының өзін іздеп келушімен кездесу уақыты бұрынғыдан 2 тәулікке қысқартылды.
Кодекстің жаңа жобасында бас бостандығынан айырылғандардың әрқайсысын жеке камерада отырғызу мәселесі де қамтылды.
Динара Әбдірахманова: «Қазақстан бойынша жазасын өтеушілердің әрқайсысын өз алдына жеке камерамен қамтамасыз ететін 7 түрме бар. Алдағы уақытта мұндай жағдайға толықтай көшу жоспарлануда», – дейді.
Жолдыбай Базар.
Дереккөз: «Экспресс К».
Фото: RG.ru.