ҚОСТАНАЙ. 26 сәуір. Қостанай облысы Арқалық қаласында екі күннің ішінде 8 және 9-сыныпта оқитын қыздар өздеріне қол жұмсады. Олардың біреуі аман қалса, екіншісі қайтыс болды. Бұл туралы Nur.kz хабарлады.
8-сынып оқушысы 5 қабатты үйдің балконынан секіріп, қуанышқа орай, аман қалды. Ал 9-сыныпта оқитын қыз өз үйінің жуынатын бөлмесінде асылып, қаза тапты.
Арқалық қалалық ішкі істер басқармасы өкілінің сөзіне қарағанда, екі жасөспірім де дәулетті отбасылардың перзенттері.
5-қабаттан секіріп, аман қалған қыз ауруханада есін жиып, тілге келген. Ол мұндай қадамға баруына ата-анасының өзіне көңіл бөлмей, балаларына алалап қарайтыны түрткі болғанын айтқан.
Ал өз үйінде асылып өлген қыздың қазасының себебі түсініксіз болып тұр. Марқұм бір жапырақ қағазға «Менің өліміме ешкім кінәлі емес», – деп жазып кетіпті.
Қыздың сыныптастары мен ұстаздары оның алдыңғы қатарлы оқушы әрі мектептің мақтанышы болғанын айтуда.
Жолдыбай Базар.
Дереккөз: Nur.kz.
Фото: Trud.ru.