• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Спорт 04 Шілде, 2022

Велошерушілер елордаға бет алды

596 рет
көрсетілді

13 шілдеде Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрылғанына 30 жыл толады. Осынау айтулы мерекеге орай, ҰҚК Авиациялық қызмет басқармасының салауатты өмір салтын ұстанатын әскери қызметшілері Алматы – Нұр-Сұлтан бағыты бойынша велошеру ұйымдастырды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Аталған мерекелік марафонға ҰҚК Авиациялық басқармасының подполковник Талғат Халитов бастаған бірнеше әскери қызметшісі қатысуда. Олардың қатарында шекарашы офицер де бар. Велошабандоздар елордаға дейінгі 1200-ден астам шақырымды басып өтуге тиіс. Марафоншылар Алматы, Жамбыл, Қарағанды және Ақмола облыстарының елді мекендерінен өтеді.

- Он бір күнге созылатын сапарымызды жеңіл деп айта алмаймын. Дегенмен, біз алдан кездескен кез келген қиындықты еңсереміз деп ойлаймыз. Өйткені ең алдымен біз еліміздің тыныштығына жауап беретін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 30 жылдық төл мерекесін ұлықтауды мақсат тұттық. Сондай-ақ еліміздің ертеңі саналатын өскелең ұрпақты салауатты өмір салтына тәрбиелеуді мақсат етіп отырмыз, - деді топ басшысы подполковник Т.Халитов.

1-11 шілде аралығында өтетін веломарафонға Талғат Болатұлымен бірге қатысуға тілек бірдірген подполковник Дәурен Бұхаров, капитандар Дәулет Мәмбеталиев, Қанат Қайрат және ҰҚК Шекара қызметінің Алматы облысы бойынша департаментінің бөлімше бастығы майор Абай Сапаровтар маңызды сапарға мұқият дайындалыпты.

Маңызды миссия арқалаған велошабандоздарды алыс жолға аталған басқарма басшысы полковник А.Кузнецов бастаған жеке құрам ақ жол тілеп, шығарып салды. Бұдан әрі марафоншылар Боралдай-Комсомол елді мекендерінің арасындағы 15 шақырымдық жерді ҰҚК Әскери полициясы қызметкерлерімен бірге басып өтті.

Алда спортшыларды Жамбыл ауданының Қаншеңгел ауылына дейінгі 160 шақырым күтіп тұр. Мұнан кейін Ақсүйек, Үлкен, Сарышаған, Гүлшат, Балқаш, Ақшатау, Ақсу-Аюлы секілді елді мекендерден өткен марафоншылар 9 шілде күні кешкі сағат 19.00-де Қарағанды қаласына жетіп тоқтайды. Әрі қарай Қарағанды мен Ақмола облыстарының шекарасында тұрған Вишневканы кесіп өткен соң, ҰҚК Туын желбіретіп, Нұр-Сұлтан қаласына жетеді. Мұнда арасында ҰҚК Шекара қызметінің офицері бар әскери қызметшілерді елорданың төрінде өтетін мерекелік рәсім күтіп тұр.