Соңғы уақытта Павлодар облысында тіркелген алаяқтық фактілердің сюжеті криминалды фильмдерден кем емес. Екібастұзда полиция формасын киіп, тұрғындардың ұялы телефонын тексеру кезінде онлайн несие ресімдеген пысықайлар ұсталған еді. Жақында жалған шот-фактуралар жасаумен айналысқан екі айлакер құрықталды.
Қаржылық мониторинг агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаментінің қызметкерлері шот-фактураларды заңсыз жазып беру фактілерінің жолын кесіп, тергеу барысында В.Легин және С.Рыжаков есімді азаматтардың жалған тұлғаларға ресімделген 13 компания құрғанын анықтады. Олар материалдық пайда табу мақсатында 2019 жылдан бастап 2021 жылға дейінгі кезеңде компаниялардың атынан бірқатар заңды тұлғаға жалпы сомасы 6,5 млрд теңгеге жалған шот-фактуралар жазып берген. Пысықайлардың қылмыстық әрекеттерінің салдарынан мемлекетке төленбеген салық түрінде 2 млрд теңгеден астам сомаға залал келген.
Сот екеуін де кінәлі деп тауып, 2 жыл 9 айға бас бостандықтарынан айырып, Легиннен 13 млн теңгеден астам ақша тәркілеу туралы үкім шығарды.
Алаяқтардан көбіне зейнеткерлер зардап шегіп жатады. Мәселен, былтыр мынадай «қызық» қылмыс тіркелген еді. Павлодарлық тұрғын көрші зейнеткердің атынан 2 млн теңгеге iPhone ұялы телефон алуға несие ресімдеген. Жедел іздестіру шараларын жүргізу барысында Ленин кентінің 22 жастағы тұрғыны ұсталды. Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 63 жастағы зейнеткер өзінің атына онлайн несиені заңсыз ресімдеу туралы өтінішпен полицияға жүгінген. Тергеу барысында жас жігіт әңгімелесіп тұрған кезде әйелден оның жеке куәлігін сұрап, ұялы телефонына суретке түсірген. Сондай-ақ онлайн-банктердегі несиені ресімдеу кезіндегі талапқа сәйкес тұтынушының бет әлпетін де түсіріп, гаджетіне сақтап алған. Содан кейін ақпараттарды пайдалана отырып, зейнеткердің атына онлайн дүкендердің бірінде iPhone 12 PRO Max 2 ұялы телефонын сатып алуға онлайн несие ресімдеген. Шығын шамамен екі миллион теңгені құрады.
Еліміздегі кейбір шағын несие ұйымдарынан қарызға ақша алу үшін ол жерге барудың қажеті жоқ. Кейде менеджерге WhatsApp арқылы жеке куәліктің фотосын жіберу жеткілікті. Бұл сіздің құжатыңыз ба немесе басқа біреудің құжаты ма екені маңызды емес, ақша немесе тауар сізге бәрібір беріледі. Құқық қорғау органдары осындай келеңсіздіктерді болдырмау үшін жеке куәлікті, төлқұжатты, банк карталарын бөтен азаматтардың қолы жетпейтін жерлерде сақтауға кеңес береді. Белгісіз тұлғаларға дербес деректерді бермеу, тауарларға немесе қызметтерге телефон арқылы тапсырыс беру кезінде ДСН-кодты, СМС-кодтарды бермеуді еске салады. Бөтен дейміз-ау, кейде жақын туыстың өзі әккі әрекетін жүзеге асырып, несие ресімдеген оқиғаларды талай естідік. Не десек те, барынша сақ болыңыз!
Павлодар облысы