Бір жылдары Google «қарағымның» есебінше, үздік ремикс бойынша атақты «Грэмми» сыйлығын жеңіп алған Иманбек Зейкенов ең көп ізделетін әлемдік тұлғалар қатарында көш бастап тұрғаны туралы мәлімет тараған. «Мен қазақтың баласы» деп бөрікті аспанға ататындай-ақ жаңалық. Мәдениет пен өнердегі құндылықтар осылай рейтинг арқылы есептелетін уақыттың перзенті үшін, әрине, айтулы көрсеткіш. Ал дүниеге мәңгілік көркем өнер көкжиегінен, ғұлама, кемеңгерлердің көзімен қарайтындар үшін қабылдана қоюы қиын-ау, сірә.
Қазақтың Абайы, орыстың Пушкині, немістің Гетесі қайда қалды демей ме? Одан Иманбектің де, әлгіндей көзқарастағы адамдардың да ештеңесі кетпейді. Мәселе қазіргі өнер мен мәдениетке деген көзқарастың өзгергендігінде шығар.
Біз мынадай ғажап сәйкестіктің үстінен түстік. Әншілігіне әлем жұртшылығы таңырқаған біздің Димаш Құдайбергенді де, заманында жер-жаһанға даңқы жайылған Майкл Джексонды да таныстырып жатпаймыз оқырманға. Алайда екеуін жақындастыратын дүние аз емес екен. Димаш Майкл Джексонға еліктейді десек артық болар, бірақ сахна перісін аса құрметтеп, өнерін жоғары бағалайтыны анық. Тіпті Димаш Майклдың өнеріне артық қарайтынын сұхбаттарында да жасырмай айтып жүреді. «Мен Майкл Джексонның, Джеки Чанның, Лучано Павароттидің жанкүйерімін. Олардың барлығы табандылық пен маңдай тердің арқасында табысқа жеткен. Бәрінен де маңыздысы, олар әлемдік деңгейдегі жұлдыздар болса да, ерекше кішіпейіл, бауырмал жандар. Сондықтан мен оларды үлгі тұтамын», деген бір сұхбатында.
Сондай-ақ алғашқы жеке концертінде Димаш Құдайберген сахна патшасы Майкл Джексонға құрмет көрсетті. Ол Майкл Джексонның Billie jean, Dangerous әнін айтып, атақты «ай жүрісін» бейнелегені де тыңдармандарының есінде шығар. Ал мына сәйкестікке тап болғанда, осының бәрі жай болып қалғанын неге жасырайық?
Бұл деректі Калифорния штатының (АҚШ) сексенге аяқ басқан Сильвия Сандовал атты тұрғыны өз аузынан әңгімелегені бейнетаспада жүр. Сильвия жас кезінде медбике болып жұмыс істеген. Әрі жас күнінен Майкл Джексонның өнері десе ішкен асын жерге қоятын тыңдарманы екен. Сондықтан болар, әлде басқа, ол біраз уақыт сахна жұлдызының үйінде тұрыпты. Сонда Майкл әлдебір концертінен кейін оған өзінің суреті салынған плакатқа қолтаңбасы мен датасын қатар жазып, сыйға тартады. Сонымен өмір жалғаса береді. Майкл дүние салғанда бұл кісі де бір адамдай қайғырады. Арада 24 жыл уақыт өткенде теледидардан Димаштың дауысын естиді ғой біздің кейіпкер. Қайран қалады. «Ән салғандағы дауысы былай тұрсын, асықпай, баппен сөйлегені де Майклға келеді», дейді Сильвия. Есіне кезінде Майкл сыйға тартқан плакат түседі.
Бір күні Калифорнияда достарымен демалып жүрген Сильвия ту сыртынан Димашты көріп қалып, достарынан оны тоқтатуын сұрап, тілдеседі. «Құрметті Димаш, менде осыдан 24 жыл бұрын маған Майкл Джексон сыйға тартқан плакат бар қолтаңбасымен. Соны саған кетеріңде әуежайға жеткізіп берсем қалай қарайсың?» десе, біздің Димаш: «Жоқ, оны мен қазір алғым келеді», депті.
Димаш пен Сильвия ертесіне жолығысып, жәдігер иесін табады. Мұндағы ең ғажабы – плакаттағы әншінің суреті мен қолтаңбасы емес, оны сыйға тартқан күн, ай, жыл – Димаштың туған күні болып шығады (24.05.1994). Және Майкл Сильвияға: «Бір күндері бұл плакатты біреуге бергің келсе, мені құрмет тұтатын жанға сыйларсың», десе керек.
Басқа құрлықтың өкілі, араны алып мұхит бөліп жатса да өнерден ұшқын атқан рухани байланысқа ештеңе бөгет бола алмайды екен ғой. Майкл плакатқа қолтаңба қалдырып жатқанда өзінен кейін таңғажайып әлемдік әнші дүниеге келіп жатқанын сезбесе де, бір дүние белгісіне жарар деген сенім болған шығар. «Құдайсыз қурай сынбайды» дейді қазақ.
Айтпақшы, Майкл бұл плакатты рамкадан шығарып жатқанда байқамай шетін жыртып алыпты. «Шет жағында ептеген жыртылған тұсын жамап берейін», депті Димашқа Сильвия берерде.
Димаш «жоқ, бұл маған Майклдың қолы жыртқанымен құнды», деп жауап қатқан екен.
«Сіз бұл плакатты қалай сатып жібермегенсіз?» деп қайран қалыпты Димаш.
«Қазір де сатып жіберсем кеш емес, қалдырып кетесің бе?» депті.
Әрине Димаш оған келіспеген. Мұндай заттардың бағасы күн өткен сайын артатыны анық қой. Бәлкім өнер жәрмеңкесінде аукционға қойылар ма еді? Бастысы ширек ғасырдан соң жәдігер иесін тауып тұр. Демек бұл тегін болмағаны.