• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Елорда 06 Шілде, 2022

Шабыт шақыратын шаһар

192 рет
көрсетілді

Арқа төрінде бой көтерген ару астана уақыт-ағзам ажарына белгі салған санаулы жылдың ішінде-ақ саяси-экономикалық бағыттың барометрі ғана емес, өнеріміз бен мәдениетімізге ұйытқы болар ұлты­мыздың шын мәніндегі рухани өмірінің айнасына айна­лып үлгерді. Жер-жаһанның назарын өзіне бұрғызып, жыл сайын емес, ай сайын, тіпті күн сайын қанатын кеңге жайып, құлпы­рып, жайнап, ел егемендігімен бірге еңсесін тіктеп, ерке Есілмен егіз жасасқан бас қаламыздың баянды тарихы талай игі бастамалар мен ұлағатты оқиғалардың себепшісі һәм дәнекершісі болып келеді.

Неге екен, астана десе, үнемі ойы­мызға жапон сәулетшісі Кисе Курокаваның: «...Иероглиф әлі ешқандай белгі түс­пеген таза параққа келісті түседі», деп қазақтың кіндік қаласы турасында айт­қан тосын ойы орала береді. Расымен де, сол сонылығы, сол жастығы һәм сол жаңашылдығымен де бүгінде елордамыз әлем тамсана қарайтын ірі мегаполиске айналды. Күн сайын бой көтеріп, елорда келбетін кемелдендіріп келе жатқан сұлу ғимараттар да бас қаланың сұлулығына сұлулық үстеп, архитектуралық һәм тарихи мазмұнын байытып келеді. Соның ішінде, әсіресе, көркін күн сүйген сұлу шаһарға сән беріп қана қоймай, тұрғындары­ның рухани кемелденуіне қызмет етіп келе жатқан мәдени ошақтардың – театр­лар мен мұражайлардың орны тіптен айрықша.

* * *

Бүгінде бас қаланың мәдени брендіне айналған сондай өнер ошағының бірі де бірегейі – Astana Opera мемлекеттік опера және балет театры. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев­тың бастамасымен 2013 жылы ашылған Орталық Азиядағы осынау ірі өнер ордасы әлемдік сәулет өнерінің ең үздік классикалық дәстүрлері ескеріле отырып салынған ғаламдық архитектура­ның айшықты үлгісі саналады. Техника­лық жабдықталуы жағынан да дамы­ған, мәдениетті елдердің біразын арт­қа тас­тайды. Театр тарихындағы талай ғасырға созылған тәжірибенің тек озық жетістіктерін негіз еткен мәдени мекен бүгінде әлемдік стандарттарға толық­тай жауап береді. Үлкен залы 1250 көрер­менге, камералық залы 250 орынға есептелген театрда қай кезде де аншлаг.

Astana Opera репертуарында атақты ұлттық композиторлар шығармалары – М.Төлебаевтың «Біржан – Сара», А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай», Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» опералары, Ғ.Жұбанованың музыкасына қойылған «Қарагөз» балеті қамтыл­ған. Сондай-ақ әлемдік классикадан – Дж.Вердидің «Аида», «Травиата», «Дон Карлос», Дж.Пуччинидің «Богема», «Тоска», «Мадам Баттерфляй», «Туран­дот», Ж.Бизенің «Кармен», Дж.Рос­синидің «Севильдік шаштараз», «Жібек саты» опера-фарсы, П.Чай­ковскийдің «Евгений Онегин» операсы мен «Ұйқыдағы ару», «Аққу көлі», «Щелкунчик» балеттері, С.Про­кофьевтің «Ромео мен Джульетта», А.Ха­чатурянның «Спартак», Б.Аса­фьевтің «Бақшасарай бұрқағы», Л.Мин­кустың «Баядерка», «Дон Кихот», А.Аданның «Корсар»,«Жизель», Л.Де­либтың «Коппелия», М.Фокиннің «Шопениана» мен «Шехерезада», Б.Эй­фман­ның «Роден», Р.Петидің «Па­риж Құдай анасының соборы», К.Мак­­милланның «Манон» және тағы да басқа қойылымдары көрермен назарына ұсынылған. Театрдың бас дирижері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Алан Бөрібаев, балет труппасының көркем­дік жетекшісі – Ресейдің халық әртісі Алтынай Асылмұратова.

Театр спектакльдері сценограф Эцио Фриджерио және костюмдер бойынша суретші, «Оскар» сыйлығының лауреа­ты Франка Скуарчапиноның қатысуы­мен Франко Дзеффирелли, Юрий Гри­горо­вич, Борис Эйфман, Джанкарло дель Монако, Алан Бөрібаев бастаған атақты шетелдік және отандық мәдениет қайраткерлерінің қойылымында театр­сүйер қауыммен қауышты. Astana Оpera сахнасында Бибігүл Төлегенова, Әлібек Дінішев, Айман Мұсақожаева, Нұржамал Үсенбаева және тағы да басқа әйгілі қазақстандық әртістермен бірге әлемдік музыка өнерінің жұлдыздары: Пласидо Доминго, Зубин Мета, Елена Образцова, Валерий Гергиев, Хосе Каррерас, Анна Нетребко, Марсело Альварес, Светлана Захарова, Ильдар Абдразаков бастаған мәдениет майтал­мандары өнер көрсетті. 10 жылдық тарихында Astana Оpera театры екі мәр­те лауреат атанып, А.Жұбанов және Л.Хамидидің «Абай» операсы үшін мә­дениет пен өнер саласындағы Қазақ­стан Республикасы Мемлекеттік сый­лығы (2018) мен «Жылдың театрлық ала­ңы» аталымы бойынша классикалық өнер саласындағы BraVo халықаралық сыйлығына ие болды (Мәскеу, Ресейдің Үлкен театры, 2019).

* * *

Еңселі елордамыздың келбетін одан әрі көріктендірген тағы бір әсем мекен – Қ.Қуанышбаев атындағы академия­лық қазақ музыкалық драма театрының жақында бой көтерген су жаңа ғимараты. Бас шаһар төрінде қазақ драма театры ғимаратының салынуы – айтулы оқиға, асқақ арман, тарихи сәт. 1991 жыл­дың қарашасында режиссер, Қазақстан­ның еңбек сіңірген қайраткері Жақып Омаровтың тікелей бастамасымен та­қыр жерден ту көтерген тағылымды орда бүгінде елдігімізбен егіз жаса­сып, жасампаздықтың жарқын рухымен жүрек­терді жігерлендіріп, көңілдерді ке­мел­­­дендіріп, көрерменін әманда тек рухани байытып келе жатыр.

Театр құрылысы 2019 жылдың сәуір айында басталып, 2020 жылы күз­де аяқ­талды. Жоба авторы – Бед­жет Па­цолли, бас инженері – Мұс­тафа Ибра­һим. Ж.Нәжімеденов, А.Бай­тұр­сын­ұлы және Сарыкөл көшелерінің қиы­лы­сын­дағы ғимараттың жалпы аума­ғы 28 мың шаршы метрден асады. За­ма­науи заңдылықтарды сақтай отырып ұлт­тық колоритте салынған үш қабатты ны­сан­ның ішінде өнер ұжымына қажетті дүниенің бәрі ескерілген. 645 орындық үлкен зал мен 202 орындық камералық зал, сонымен қатар рухани азық алатын ғимаратта көркем галерея, мейрамхана мен мәжіліс залы да қоса қамтылған.

Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекет­тік академиялық қазақ музыкалық драма театрының репертуары көнеден келе жатқан классикалық өнер туын­ды­­­­ла­­рын заманға сай жаңартып, жаңа­ша қо­йы­лымдармен толықтырып келе­ді. Мә­­се­лен, М.Әуезовтің «Абай», «Қор­­­ған­­сыздың күні», «Айман-Шол­пан», Ш.Айт­матов­тың «Ғасырдан да ұзақ күн», «Қызыл орамал­ды шынарым», «Аққудың көз жасы», С.Тұр­ғын­бек­ұлының «Мұқағали», «Шәм­ші», А.Дуда­ревтің «Кеш», Дж.Патриктің «Қымбат­ты Памела», И.Штраустың «Жұ­байлар жұмбағы», Э.Хушвақтовтың «Қызыл алма», Ш.Мұртазаның «Бір кем дүние», А.Вальехоның «Күн сәулесі түс­пеген», В.Ежовтың «Тыраулап ұшқан тырна­лар», М.Әуезов пен Қ.Ысқақтың «Қа­раш-Қараш», О.Жанайдаровтың «Жұт», А.Чеховтің «Шие», У.Шекс­пир­дің «Отелло», Г.Низамидің «Ләйлі-Мәж­нүн», Ф.Болоньяның «Байланыс аясы», И.Кальманнің «Кабаре жұл­ды­зы», Р.Ку­нидің «Туған күн», К.Ки­зи­­дің «7+1», ­ Ұ.Есдәулеттің «Зере», Т.Әсем­­құловтың «Құнанбай», Р.Мұқа­но­ва­ның «Бопай», О.Бөкейдің «Ұйқым кел­мейді», Ғ.Мүсі­реповтің «Баян сұлу – Қозы Көрпеш», Э.Шмиттің «Хат» спек­такль­де­рі елорда­ның мәдени өміріне нәр беруде.

Иә, Қаллеки театрының астананың рухани-мәдени өмірінен алатын орны айрықша. Себебі бұл ғимаратты театр­дың негізін қалаған Жақып Омаров, қалыптасу жылдарын жасаған Қадыр Жетпісбаев, мұхиттай шексіз талантын метафораға сыйдырып, кішкентай сахнадан үлкен өнер жасап, әртістерді тұлғалық жолға салған Әзірбайжан Мәмбетовтер арман етті. Бұл ғимарат сәулетімен ғана емес, тарихымен, шы­ғар­машылық әлеуетімен де құнды. Қалибек Қуанышбаевтай абыз актер жолын жалғаған дарынды ізбасарлар өнерін бүгінде жаһан танып, өнеріне бас иіп жатса, ол да талантты ұжым ізде­нісінің нәтижесі, бас қаламыздың мерейлі мәртебесі деп білеміз.

* * *

Астана тамырына тыныс сыйлап, бағытына бағдар берген тағы бір іргелі өнер ошағы – Астана қаласы Жас­тар театры. Осыдан тура 15 жыл бұрын бой көтерген жасампаз театрдың тағылымды тарихын елорда тағдырымен тең өруіміз тегін емес. 2007 жылдың 5 шілдесінде тұңғыш рет Ш.Айтматов пен Ә.Кекілбаевтың шығармалары­ның желісі бойынша қойылған «Шыңғыс­хан» спектаклімен шымылдық түрген театр­дың тәй-тәй басып, бүгінге дейін жеткен шығармашылық жетістігі мен өнерінің өміршең өрісі астанамен бірге дамып, даңғылданып келеді.

Жастар театры – сан қырлы­лығы­мен, жаңашылдығымен қазақ театр өне­рінде өзіндік орнын айшықты түрде бел­гілеген, жас та болса, жасампаз өнер ордаларының бірі. Өзінің 15 жылдық тарихында халықаралық, республикалық деңгейдегі байқаулардан 14 Гран-при жүлдесін қанжығасына байлауы – жас ұжым өнерінің бағытына бағдар, өрісіне өлшем. Бүгінде театр репертуарында 50-ден аса спектакль бар. Көпшіліктің қошеметіне ие болған өнер туындысының қай-қайсысы да айрықша атап өтуге тұрарлық қызықты қойылымдар.

Күні кеше ХV мерейтойлық театр­ мау­сымының шымылдығын түр­­­ген Жастар театрының ізінен ере елор­да тө­рінде еңсе тіктеген тағы да бір­неше жас театрдың аяқ алысы мен шығармашылық қарымы да көңіл қуантады. Атап айтсақ, «Астана мюзикл», Ә.Мәмбетов атындағы драма және комедия театры мен Жас көрер­мендердің музыкалық театры да бүгін­де елордалық талғампаз қауым­ның көңілінен шығып, көзайымына айналған үздік өнер ұжымдары ретінде бас қала­мыздың рухани кемелденуі жолында қалтқысыз қызмет етіп келе жатыр.

* * *

Бас қаламыздың ұлағат ұясындай болған Ұлттық музейдің де елорда­мыз­дың мәдени өмірінен алар орны ерек. Аумағы 14 мың шаршы метрді құ­райтын Ұлттық музей ғимараты дүние жүзіндегі ең үлкен мұражайлардың қа­тарына кіреді. Әртүрлі тақырып бойынша жүйеленіп бөлінген 8 көрме залының халқымыздың ғасырдан-ғасырға тамыр тартатын өткенін, тарихын халық арасына, кейінгі ұрпаққа таратуда рөлі ерекше. Ежелгі дәуірлерден басталып, бүгінгі жарқын заманмен жалғасқан төл тарихымызды танытатын мәдени мекенде түйсігі бар жанға түрлі ой салар қанш­ама құнды дүниелер жетерлік. Жинал­ған жәдігерлердің еліміздің өткені мен ­бү­гінгісі туралы ой салып, жас­тарды ­отан­сүйгіштікке, патриоттыққа тәр­бие­леуде ықпалы зор. Себебі музей – ғы­лым мен білімнің ортасы. Ол әрбір мем­лекеттің ұлттық құндылықтарын ұлық­тайтын, рухын асқақтататын құдірет.

Күллі түркінің киелісі саналатын Күл­тегін ескерткішінен бастап, жыл санауымызға дейінгі уақытта өмір сүр­ген адамдар жасаған тас құралдар мен кейбірі жер бетінен мүлдем құ­рып кет­кен жануарлардың қураған сүйек­терін шашауын шығармай сақтап, көне мен бүгінді жалғап отырған ұлт­тық музейдің, шын мәнінде, ұлттық руха­ния­тымызға сіңірер тағылымы мол. Музейдің тәуелсіздігімізге, астанамызға арналған бөлімдері де құнды құжаттар мен сирек фотосуреттерге бай. Онда қа­рышты Қазақстанның әр саладағы сәтті қадамдары барынша айшықты көрі­ніс тапқан. Ұлттық музей – ұлттық құн­ды­лықтардың жаршысы.