Бүгін елорда күніне орай «Қазанат» ипподромында «Елорда бәйгесі» турнирі өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Қазақ халқының рухын көтеріп, арқасын қоздыратын ұлттық спортымыздың бірі – бәйге болса, сол бәйгенің сәнін келтіретін, осынау ұланғайыр далаға иелік етуімізге ересен еңбек сіңірген ұлттық брендіміз – қазақтың қазанаты. Елорда күніне орай осындай аламан бәйге ұйымдастырып, мерекенің сәнін асырып жатқанымыздың өзі үлкен мерей. Баршаңызды қала күнімен құттықтаймын», деді Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов бәйгенің ашылу салтанатында.
Елорданың 24 жылдық мерейтойында өткен республикалық бәйгеде Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен еліміздің барлық өңірінен 150-ден астам сәйгүлік бағын сынады.
Жарыстың жалпы жүлде қоры – 20 миллион теңге. Ат жарысы ұшқыр бәйге (1 400 және 2 400 метр), құнан бәйге (7 000 және 9 000 метр), кіші аламан (16 шақырым) және аламан бәйге (20 және 21 шақырым) сынды 7 түр бойынша өтті.
20 шақырымдық аламан бәйгеде 8 сәйгүлік жарыс жолына шығып, Қостанай облысынан келген Мұрат Исмағамбетовтің «Риба» есімді тұлпары мәре сызығын алғаш болып кесті.