Қаңтар оқиғасы кезінде Ақтөбе әуежайын басып алуға қатысқан күдіктілер анықталды. Сот үш адамға үкім шығарды, деп хабарлайды Egemen.kz.
№2 сот қаңтар айындағы оқиғалар кезінде Ақтөбе әуежайына шабуыл жасады деп айыпталған Ж., Ш. және К.-ға қатысты қылмыстық істі қарады.
«Тергеу нәтижесінде Ж., Ш. және К. қаңтарда сұйытылған газ бағасының көтерілуіне байланысты наразылық акциясына қатысушыларды қолдау үшін әуежайға келіп, келушілердің кіруіне және шығуына кедергі келтірген. Сондай-ақ әуежай ғимараты мен үй-жайларының зақымдалуына қауіп төндірді деп айыпталды. Заңға қайшы әрекеттердің нәтижесінде барлық бағыттар бойынша ұшулар толық тоқтады», делінген хабарламада.
«Ә.Молдағұлова атындағы Халықаралық әуежайға» жалпы сомасы 1 672 250 теңгеге материалдық залал келтіріліп, бүгінгі күні толық көлемде өтелді.
Сот айыпталушыларды ҚР ҚК 269-бабы 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, әрқайсысына 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайынды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.